БҰЛАҚ КӨРСЕҢ КӨЗІН АШ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1501
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыс әкімінің жүлдесі үшін дәстүрлі облыстық XVІ «Жетісу жұлдыздары – 2018» балалар шығармашылық байқауы мәресіне жетті. Екі күн бойы дарындылар Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өнерлерін ортаға салып, бақтарын сынады.

Өнер додасы 2 топ бойынша өтті. 5-10, 11-15 жас аралығындағы өнерпаздар ән, би, дәстүрлі ән, аспапта ойнау арқылы сынға түсті. Жарыс өз кезегінде балалар шығармашылығын дамыту, үлкен сахнаға жол ашу, музыкалық-эстетикалық тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік алаңына айналды. Жас таланттарға жан-жақты қолдау көрсетілді. 
Байқауға ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Мен қазақпын» тележобасының бас жүлдегері, әнші Бейбіт Мұсаев,  халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші Бауыржан Мырзабеков, М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі Самат Жексембаев және ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Алтынай» МХБА-ның бишісі Бегзат Ағияр қазылық етті. Қатысушылар сахнаға шыққан бойда көрермен қол соғып, қолдау көрсетіп отырды. Эстрада мен дәстүрлі әндер құлақтан кіріп, бойды алды, ал, мың бұрала билеген бүлдіршіндер көз қуантып, еріксіз тамсандырды. Жетіген, қобыз, домбыра сынды аспаптардың үні көңіл сарайын кеңітіп, көк жайлауға сапарлатты. 
Байқаудың қорытындысы бойынша аспапта ойнау  номинациясымен кіші топтан талдықорғандық Нұранбек Нұрғиса, үлкен топтан ақсулық Адай Ерсалым бас жүлдеге ие болды.   Дәстүрлі ән  номинациясымен Қаратал ауданынан Оңдасын Әдемі, би номинациясынан кіші топтан Іле ауданынан келген «Сармат» би ансамблі, үлкен топтан Ескелді ауданының «Ай-наз» би ансамблі топ жарды. Ән номинациясы бойынша Талдықорған қаласының өнерпаздары кіші топтан Амина Тоқтарова, үлкен топтан Біржан Нұрмыхаметов бас жүлдені ұтып алды. 
Іріктеуге аудан, қалалардан 290 бала қатысып, оның 150-і облыстық байқауға жолдама алған болатын. Ішіндегі оза шапқандары бәйге алып, бағалы сыйлық, дипломдармен марапатталды. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, осындай өскелең ұрпақты қанаттандыру, ынталандыру болашақ үшін керек. Солар арқылы қазақ өнері дамып, ұрпаққа аманатталады.

Мәулен Әнербай