АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ АТАУЫН ӨЗГЕРТУ ТУРАЛЫ СҰРАҚҚА ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 1273
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәжілісінде журналистер тарапынан Ұйғыр ауданының атауын өзгерту мәселесіне қатысты сұрақ қойылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Жетісу өлкесінде атқарылған игі істер таныстырылды. Алматы облысы әкімінің өңір жетістіктерін паш еткен негізгі баяндамасынан кейін тілшілер тарапынан:

– Амандық Ғаббасұлы, қазақ, ұйғыр жастарының арасында қақтығыс орын алғаны белгілі. Осындай олқылықтың орын алмауы үшін Ұйғыр ауданына Қарадала, ал Шонжы ауылына Әлмерек деген атау беріледі деген ұсыныстар айтылған еді. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келсе де, әлі күнге дейін өз шешімін таппады. Себебі неде? - деген алғашқы сауал қойылды.

Әкім көптен бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселеге қатысты былайша жауап берді:

– Сол өңірдің сыйлы ақсақалдарымен кездесіп, Ызғарбек Бектұрсыновпен тікелей сөйлесіп, жағдайды баяндап бергенмін. Қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Себебі, жақын арада сайлау науқаны басталады. Сайлау учаскелері анықталып қойған соң, атауларды өзгерте алмаймыз. Сайлау жұмыстары біткен соң бұл істі қолға аламыз. Оған жағдай да, қаражат та жеткілікті, - деді Амандық Ғаббасұлы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"