БРИФИНГ: НҰР-СҰЛТАНДА ЖЕТІСУ ӨЛКЕСІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 04.11.2020
Оқылды: 891
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВПЕН «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы» тақырыбында брифинг өткізілді. Баспасөз мәжілісінде шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу жерінің биылғы жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.

Алдымен биылғы жылы елімізді әбігерге түсірген COVID-19 дерті салған ауыртпалық пен қиындыққа тоқталған аймақ басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халықты әлеуметтік қорғау мен кәсіпкерлікке жасалған қолдаудың тиімді болғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, осындай жанашырлықтың арқасында Алматы облысындағы экономиканың өсу қарқыны сақталып, өткен тоғыз айдың ішінде даму көрсеткіші көздеген деңгейден көрінген.

Атап айтсақ, өндірістегі өсім мөлшері 846,7 миллиард теңгені құраса, ауылшаруашылық саласында 634,6 миллиард теңгеге жеткен. Одан бөлек, Жетісу жеріндегі құрылыс саласында құны 208,2 миллиард теңге болатын 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Іскерлік белсенділікке жасалған қолдау мен қажетті көмектің арқасында облысқа 437,9 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, құны 5 триллион теңге болатын 517 инвестициялық жоба қолға алынуда. Соның арқасында 45 мың жұмыс орны ашылып, аймақтың өркендеуіне септігін тигізеді.

Биыл осынша жобаның 71-ін іске асыру көзделген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған диверцияланған және технологиялық экономика құру міндетіне қол жеткізу үшін Алматы облысы аграрлық бағыттан агро-индустриялық бағытқа біртіндеп өтіп келеді. Соған байланысты өңдеу өндірісінің көлемі 87 пайызға жетіп отыр. Оған ең алдымен трансұлттық компанияларға тиесілі 9 жоба үлкен үлесін қосып отыр. Төрт мың адамға арналған жұмыс орнын ашатын бұл жобаларға салынған инвестиция 165 миллиард теңгені құрайды. Қазірдің өзінде олардың үшеуі – «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» сынды зауыттар іске қосылды.

Биыл жыл соңына дейін жылына 60 мың тонна құрама жем өндіретін «SSA Фид Миллс» зауытын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ, жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіретін «Алацем» зауыты жұмысын бастайды. Ал, өндірістік өнім мөлшері жыл соңына дейін 1 триллион теңгеден асатыны айтылса, шикізаттық емес тауар экспорты 406 миллион долларға жетеді деп күтілуде.

– Еліміздің ауыл шаруашылығы өніміндегі облыстың үлесі 17 пайыздан асатынын өздеріңіз білесіздер. Біз бұл көрсеткішпен тоқтап қалмаймыз. Агроөнеркәсіп кешенін әрі қарай дамыту мақсатында төрт негізгі стратегиялық мақсат белгіленді: ет пен сүт өндірісін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне тоқталды. – Облыста ірі қара мал басы 1,3 миллионнан, ал қой мен ешкі 4,2 миллионнан асты. Сүтті мал шаруашылығын дамыту мақсатында 26 мың басқа арналған 82 тауарлы-сүт фермасы құрылды. Алайда ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небары 4%-ға өсіп, 66%-ды құрап отырса, сүт зауыттарының жүктемесі 73,4%-ға тең. Сондықтан, біз 2025 жылға дейін ет өндірісін 500 мың тоннаға, сүт өндірісін 900 мың тоннаға дейін жеткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 25 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмаларын мақсатында облыста 138 мың гектар суармалы жерді игеру жоспарлануда. Былтыр осы мақсатта 20 мың гектар жер игеріліп, халықтың қажетіне жараса, биыл тағы 20 мың гектар жерді игермекшіміз. Мұның бәрі өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендердің өнімділігі мен экспорттық қуатын арттыруға септігін тигізеді. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес. Биыл агроөнеркәсіптік кешен экспорты 1,3 есеге артып, 93 миллион долларды құрады. Жыл соңына дейін ауылшаруашылық саласындағы жалпы ішкі өнім 900 миллиард теңгеден асса, еңбек өнімділігі 2,5 миллион теңгеге жетеді.

Осылайша Жетісу жеріндегі жетістіктер мен көрсеткіштерді таныстырып өткен Амандық Баталов биылғы пандемия кезінде біраз тоқырауға түскен шағын және орта кәсіпкерлік саласына қолдау көрсетілгенін, 119 мың бизнес нысаны салықтан босатылғанын, 641 нысанның несиесін төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі берілгенін атап өтті.

Одан бөлек, 6,5 кәсіпкерге жалға алу құны арзандатылып, 690 нысан коммуналдық мүлік үшін өтемақы төлеуден босатылған. Кәсіпкерлікті қолдау үшін бюджеттен бөлінген 16,2 миллиард теңге орнымен жұмсалып, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына жеткізілді.

Өңірдегі тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бойынша биылғы 9 айда 712,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік желілердің құрылысына 38,3 миллиард теңге бөлініп, барлығы 2 мың 843 пәтерлік 566 тұрғын үй салынуда. Оның 1020-сы көп балалы отбасыларға берілсе, 1533 отбасы «7-20-25», «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ 5-10-20» жеңілдетілген бағдарламалары бойынша пәтер алады.

Облыс орталығы Талдықорғанда салынып жатқан 670 үйлік коттедж қалашығында биыл 345 коттедж қолданысқа беріліп, мектеп, балабақша, спорт алаңдары сынды халыққа қажетті нысандар салынуда. Одан бөлек, ауызсумен қамтамасыз ету бойынша облыста құны 17,9 миллиард теңге болатын 110 жоба қолға алынып, 90 елді мекенге таза ауызсу беріледі.

Бүгінгі күні Алматы облысы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Тағы бір айта кететін мәселе, облыс аумағын табиғи газбен қамтамасыз ісі ілгерілеп келеді. Бүгінгі күні облыстың 15 аудан, қаласына жеткізіліп, 144 елді мекен газдандырылды. Талдықорған қаласында газдандырудың IV кезеңі өткізіліп жатса, Балқаш, Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Ескелді аудандарындағы ауылдарға газ құбырларын тарту жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1,2 миллион тұрғын табиғи газбен қамтылады. Облыстағы бес ауданға көгілдір отын жеткізілмегендіктен қазір Ақсу–Сарқан–Үшарал және Шелек–Кеген–Нарынқол бағыттары бойынша газ құбырын тарту жұмыстарының құжаттары дайындалуда. Осы бағыттар бойынша тағы 300 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылады.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған–Өскемен», «Үшарал–Достық», «Күрті–Бурылбайтал» және «Ұзынағаш–Отар» республикалық жолдарының құрылысы 2021 жылы аяқталатынын, бұл транзиттік жүк тасымалы мен туристер легін арттыруға ықпал ететінін, жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарына 62 миллиард теңге бөлініп отырғанын, «Жұмыспен қамту жол картасының» арқасында ауылдардың ішкі жолдары жөнделетінін, жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 84%-ға жететінін айтқан Амандық Ғаббасұлы жұмыссыздықты жою бойынша облыста құрылған 56,2 мың жұмыс орнының 30,1 мыңы тұрақты ашылғанын жеткізді.

«Еңбек» бағдарламасымен қолға алынған шараларға 33 мың жұмыссыз жан қамтылып, 16,3 мың отбасы әлеуметтік атаулы көмек алса, құны 712,5 миллион теңге болатын кепілді әлеуметтік пакет 19 мың балаға берілген. Ал облыста 368,2 мың адам жалпы құны 15,7 миллиард теңге болатын 42 500 теңгенің өтемақысын еншіледі. Одан бөлек, «Біргеміз», «Біргеміз Жетісу» қорлары және басқа да демеушілердің қолдауымен облыстың 396 мың тұрғынына жалпы құны 4,9 миллиард теңгенің көмегі көрсетілді.

Білім беру саласындағы көрсеткіштерді таныстырған өңір басшысы оқушылар мен колледж студенттерін қашықтықтан оқыту үшін жасалған жағдайға тоқталып, биыл құрылысы жүріп жатқан 32 білім мекемесінің 23-і мектеп екендігін атап өтті.

Оның айтуынша, осы нысандардың 17-сі үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында салынуда. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында Талдықорғанда І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттеріне арнап 280 орындық жатақхана және Қаратал ауданында колледждің 50 орынды жатақханасы салынғанын жеткізген баяндамашы жыл соңына дейін облыс орталығында тағы екі жатақхана пайдалануға берілетініне тоқталды.

Күллі әлем жұртшылығын алаңдатқан COVID-19 пандемиясы еліміздің денсаулық сақтау саласын алғашында абдыратып тастағанын, жедел қолға алынған шаралардың арқасында көптеген игілікті істер қолға алынғанын, алайда әлі де дәрігерлер мен медицина мамандары жетіспейтінін жасырмаған Амандық Баталов облыста құны 12,9 миллиард теңге болатын 17 нысан салынып жатқанын, тағы 7 нысанды күрделі жөндеу жұмыстарына 3,0 миллиард теңге бөлінгенін, Талдықорған қаласында қысқа уақыттың ішінде модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынғанын, 200 орындық аурухана заманауи құрылғылар мен құрал-жабдықтармен қамтылғанын ерекше атап өтті.

Жұқпалы дертпен күреске жергілікті бюджеттен жалпы 13,8 миллиард теңге бөлінген. Оның 8,8 миллиард теңгесі аурудың екінші толқынына дайындыққа жұмсалмақшы. Сонымен қатар, карантин кезінде күн-түн демей еңбектеніп, науқастарға көмек көрсеткен 5362 медицина қызметкерінің айлық жалақысына 4,7 миллиард теңгенің үстемесі қосылса, 1123 медқызметкерге сыйақы ретінде 137 миллион теңге берілген. Аталған сома жергілікті бюджеттен бөлінген.

Биылғы жылдың есебін осылайша түйіндеген облыс әкімі Амандық Баталов бұдан соң журналистердің онлайн сұрақтарына жауап берді. Төменде облыс әкіміне қойылған сұрақтарды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Оның ішінде Жетісу өлкесіне қатысты мәселелердің түгелге дерлігі қамтылды. Брифингте ауызсу, газ желісі, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жол, мәдениет, Шонжыдағы ыстық су көздері, медицина, коронавируспен күрес секілді ауқымды тақырыптарға қатысты жауап алынды.

СҰРАҚ ЖӘНЕ ЖАУАП

Асан АМАНБАЙҰЛЫ, «Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталынан:

Амандық Ғаббасұлы, қазақ, ұйғыр жастарының арасында қақтығыс орын алғаны белгілі. Осындай олқылықтың орын алмауы үшін Ұйғыр ауданына Қарадала, ал Шонжы ауылына Әлмерек деген атау беріледі деген ұсыныстар айтылған еді. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келсе де әлі күнге дейін өз шешімін таппады. Себебі неде?

– Сол өңірдің сыйлы ақсақалдарымен кездесіп, Ызғарбек Бектұрсыновпен тікелей сөйлесіп, жағдайды баяндап бергенмін. Қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Себебі, жақын арада сайлау науқаны басталады. Сайлау учаскелері анықталған соң атауларды өзгерте алмаймыз. Сайлау жұмыстары біткен соң бұл істі қолға аламыз. Оған жағдай да, қаражат та жеткілікті.

Облыс аумағында бірнеше аудан тұрғындары жол, ғаламтор мәселесі бойынша шағымданды. Атап айтар болсақ, Талғар ауданы мен Ақсу ауданына қарасты Егінсу, Ащысай, Ащыбұлақ елді мекендерінің тұрғындары мүлде ғаламтор желісімен қамтамасыз етілмеген. Мұғалімдер түнімен ғаламтор арқылы жұмыс жасаса, оқушылар далада сабақ оқуға мәжбүр. Цифрлық технологиялар басқармасы берген мәлімет бойынша, облыстың 95 пайызы ғаламтор желісімен қамтылған. Бірақ қарапайым халық әлі күнге дейін ғаламтордың зардабын тартуда. Осы мәселесі қашан түпкілікті түрде шешіледі?

– Жыл сайын жол құрылысына көп қаржы бөлінеді. Биыл 60 миллиард қаржы бөлінді. Облыс аумағында 10  мың шақырым жол бар. Оның 2,5 мың шақырымы республикалық, 7,5 мың шақырымы жергілікті жолдар. Қалғаны ауылішілік жолдар. Бұл жұмыстың көпшілігі «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 220 ауылдың көше жолдары жөнделуде. Мұның ішінде сіз атап өткен ауылдың көшелері де бар. Ал ғаламтор желісіне қосу жұмыстары бойынша жұмыс жүйелі атқарылуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен жергілікті «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр. Бізде бюджеттік бағдарлама бойынша бұл салаға қаржы бөлінбейді. Бұл салаға репсубликалық бюджеттен қаржы аударылады. Қаржы мәселесі өз шешімін тапты. Енді Ақсу ауданына қарасты ауылдарға алдағы уақытта ғаламтор желісі толықтай таратылады. Балалар қиналмай оқитын болады.

Данияр ДӘУІТӘЛИЕВ, халықаралық «Казинформ» агенттігінен:

– Алматы облысына қарасты "Gate City" серіктес қаласының даму жұмыстары қаншалықты жүріп жатыр? Бұл жобаның іске асуына карантин қаншалықты әсер етті?

– Алматы қаласының маңында орналасқан "Gate City" серіктес қаласының бас жоспары тіршілік етуге қолайлы орта құру және орнықты даму, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғатты сақтау мақсатында қаланың құрылысын қалыптастыруда жұмысы жүйелі түрде атқарылып жатыр. "Gate City" тұрғын үй қоры құрылысы көлемінің жалпы ауданы 3,6 миллион шаршы метрді құрайды. Жеке тұрғын үй құрылысының үлесі 72,2 пайыз. Біршама қаржы да аударылды. Жол құрылысына, электр жарығын орнатуға, су жүйесіне қосуға барлық жағдай жасалды. Бұл бас жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Бірақ инвестор тарту мәселесі біраз уақытты алғаны рас. Мұның шешімі де табылды. Енді сингапурлық компаниямен келісіп, жұмыс істейтін болдық. Бас жоспарға біршама өзгеріс енгіздік. Келер жылдың басынан осы жоспар бойынша жұмыс басталады. Бұл жобаға карантин ешқандай да әсер еткен жоқ.

–  Алматы облысындағы тау кластерін дамыту жұмыстары жоспар бойынша атқарылып жатыр ма?

– Жетісу жері туризм саласының дамуына өте қолайлы аймақ екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Облыс аумағында тау кластерін дамытудың негізгі жоспары бекітілді. Облысымызда туристер демалатын бірнеше көрікті жерлердің жол құрылысы аяқталды. Атап айтар болсақ, Көлсай, Алакөл көліне қатынайтын жол құрылысы жасалды. Облыс аумағындағы тау кластерінің орны бөлек. Тау кластерлері жыл он екі жұмыс істеп тұру керек. Ондағы жол, электр жарығымене қамту жергілікті атқарушы органның еншісіндегі жұмыс. Бұл біздің негізгі жұмысымыздың бірі ретінде күн тәртібінде тұрған мәселе. Қазір Үшарал – Достық, Талдықорған – Үшарал жол құрылысы жөнделіп жатыр. Осы жұмыстар аяқталса туризм саласы біршама дамиды деген жоспар бар.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ, «Қазақ» радиосынан:

– Алматы облысы - елдегі ең үлкен облыстың бірі. Қалаларды қоспағанда 700 ден астам елдімекен бар. Қашықтан оқу облыста қалай ұйымдастырылуда?

– Облысты 460 мектеп бар. Ол жерде 430 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінгі таңда қашықтан оқу жоспарына сәйкес 129 мектепте кезекші сыныптарда оқушылар білім алуда. Ата-аналардың сұрауымен 5 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары мектепке қатынап жүр. Білім беру саласы бойынша орын алған кемшіліктер жоқ. Балалар үшін барлық сақтық шаралары сақталды. Карантин кезінде облыс аумағындағы көптеген мектеп құрылысы жүргізілді.

Модератор:

– Оқушыларды компьютермен қамту жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Мемлекет басшысы тапсырмасымен жергілікті бюджеттен 4,5 миллиард теңге қаржы бөліп, 20 мың ноутбук, компьютер сатып алып, оқушыларға тараттық. Республикалық бюджеттен 8,9 миллиард теңге бөлінді. Ол ақшаға 55 мың копьютер, ноутбук, планшет  алынды. 15 қарашаға дейін барлық құрылғы оқушыларға таратылады. Жекеменші-мемелкеттік серіктестік арқылы тағы да оқуға қажетті құралдар сатып алынады. Қазіргі таңда  облыстың 86 пайыз оқушылары толық техникалық құрылғылармен қамтылған.

Азамат ЖОМАРТҰЛЫ, «Шалқар» радиосынан:

– Індет өршіп тұр. Бүгінде Республика бойынша 334 бала індет жұқтырып, ем қабылдауда. Балалар үшін санитарлық-қауіпсіздік жұмыстары қаншалықты атқарылды?

– Өкінішке қарай, облыста індет жұқтырған оқушылардың 11 жағдайы тіркелді. Оның 9-ы қашықтан оқып жатқан болса, 2-еуі мектепке қатынап жүрген балалар. Қазір бұл балалар тікелей дәрігерлердің бақылауында. Біз балалардың індет жұқтырмауы үшін барлық сақтық шараларын атқарып жатырмыз. Санитарлық талап та қатаң сақталуда. Бұл жұмыстарды жүйелі қадағалайтын мамандар жақсы жұмыс істеп жатыр.

Алина КУБЕЕВА, «ХАБАР» агенттігінен:

– Амандық Ғаббасұлы, пандемия кезінде медицина саласында біршама олқылықтар анықталды. Содан халық зардап шекті. Енді екінші толқынға дайындық жұмыстары басталды. Облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек қаншалықты жеткілікті?

– Бірінші толқында кемшілік орын алғаны рас. Енді ондай олқылыққа орын бермеуіміз керек. Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 13,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 8,8 миллиард теңгесі екінші толқынның дайындық жұмысына жұмсалды. Аталған қаражатқа 3 компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету аппараты алынды. Сонымен қатар, облыстың 13 ауруханасы оттегі станцияларымен және 1070 оттегі концентраторымен қамтылды.

Короновирусты ерте анықтайтын медициналық құрылғыны іске қостық. Жалпы, екінші толқынға 5 мың 280 төсек-орын дайындалды. Күні кеше ғана 180 "Жедел жәрдем" көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен кілтін облыс аумағындағы барлық ауруханаға тараттық. Нәтижесінде, "Жедел жәрдем" бригадаларының саны 165-тен  205-ке көбейді. Енді халыққа тек сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Мемлекет басшының тапсырмасына орай, облыс орталығында жаңа 200 орынды инфекциялық аурухана бой көтеріп, заман талабына сай медициналық құралдармен толықтай жабдықталды. Халық денсаулығын нығайту мақсатында медицина саласына 305 жас маман жұмысқа тартылды. Жыл соңына дейін тағы 64 маман жұмысқа қабылданбақ. Ақ халатты мамандарды тұрақтандыру мақсатында биыл облыста 127 пәтер сатып алынды. Келер жылы облыс орталығында медицина қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі тұрғын үй бой көтереді деп жоспарлануда. Енді халыққа сапалы медициналық көмек көрсетілетін болды. Ең бастысы, халық аман болса болғаны.

Галина МИТКОВСКИХ, «Tengrinews» ақпараттық порталынан:

– Амандық Ғаббасұлы, облыста газдандыру жұмысы жақсы жүріп жатқанын баяндамаңыздан тыңдадық. Орталық жылу жүйесіне қосылған аудандар бар. Алайда Қарасай ауданының тұрғындары орталық жылу жүйесіне қосылсақ деген ұсыныс айтуда. Осы мәселе шешіле ме?

– Талғар, Қарасай аудандары мен Үштөбе, Есік қалаларында бірнеше көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне, ыстық суға қосылмаған. Әрине, тұрғындардың жайлы өмір сүрулері үшін барлық жағдайды жасаймыз. Бірнеше жылдан бері бұл жұмыс күн тәртібінен түскен емес. Талғар ауданындағы 3 мыңнан аса көпқабатты пәтер ыстық суға, жылуға қостық. Талғарлық тұрғындар бұл жұмысқа ризашылықтарын білдіріп, талай мәрте алғыстарын айтты. Енді бұл жұмыстар басқа да аудан, қалаларда іске асырылады.

Марина ГОРБОКАНЕНКО, «СТВ» телеарнасынан:

Короновирус инфекциясының екінші толқынына дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Тұрғындарға азық-түлік қоры қаншалықты сақталған?

– Алматы облысында жеке қорғану құралдарының үш айлық қоры, дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. Екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар. Облыста жеке қорғану құралдары өндірісі жолға қойылған. Бетперде тігуге 5 тігін кәсіпорны бейімделді, Талдықорған қаласында бетперде тігетін үш қабатты цех жұмыс істейді. Жалпы тәулігіне барлығы 250 мыңнан астам бетперде шығарылады. Ал екінші сұраққа келер болсақ, азық-түлік қоры жеткілікті. Халық азық-түліктен таршылық көріп, қиналмайды деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің өңірде карантин кезінде ешқандай да шағын және орта бизнес жұмыстары тоқтап қалған жоқ. Ауылшарушалығы саласы да жақсы жұмыс істеді. Ұн, қант, картоп және басқа да азық-түлік тауарлары халыққа қолжетімді бағада сатылуда. Облыс аумағында құрылған арнайы штаб тауарлардың бағасының тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыс істеуде. Біздің облыс өзге де облыстарға азық-түлік тауарларымен көмектесуге де қауқарлы.

Алуа ҚОЖАХМЕТ, «Zakon.kz» сайтынан:

- Жақында ғана барлық БАҚ өкілдері Шонжыда сауықтыру-дене шынықтыру кешені құрылысының бір бөлігі құлап қалғандығын жазған болатын. Олқылық неден орын алды? Бұл алдағы уақытта Елбасының елімізде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасына кедергі емес пе?

- Елбасы тапсырмасына сәйкес, облыстағы әр аудан орталықтарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы көп көмектесті. Осындай нысанның бірі Шонжы ауылында салыну үстінде еді. Ол жерде, шынымен де, мердігер компания кінәлі. Біз ол жерге жауапты тұлғалар мен сарапшылардан құралған топты жібердік. Қазақ құрылыс сәулет институты да тексеріс жүргізіп, шешім шығарды. Соңында металл конструкциясының ұзындығын қысқартқандығы анықталды. Бұл өз кезегінде спорт кешенінің бір бөлігінің құлауына әкелді. Өз кезегінде құрылысы бітіп, қолданысқа берілмей, осындай болғаны қуантады. Өйткені, мұндай жағдайларға көз жұма қарай алмаймыз. Авторлық, техникалық бақылауды қадағалау керек. Өкінішке қарай, тендерлік жүйенің кесірі де бар. Тендерді ұтып алушы мердігер Түркістан облысынан, жобалаушы Жезқазған қаласынан келген. Мен олар жұмыс жасай алмайды демеймін. Алайда қолыңа күрделі, әсіресе, құрылысқа қатысты жауапкершілік алғаннан кейін сапалы әрі тиянақты жұмыс жүргізу қажет.

Ендігі кезекте 70-75 млн.теңге көлемінде шығынға батты. Кінәлі тарап белгіленген талапқа сәйкес әуел баста бекітілген мерзімді өткізуі тиіс. Егер уақытылы нысанды тапсырмаса, жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Алдағы уақытта осындай жауапсыз мердігерлермен жұмыс істемейтін боламыз.

Әсел ДОСАНОВА, «Kaztoday» ақпараттық порталынан:

- Алматы облысы енгізілген карантиндік режимде орын алған құқықбұзушылықтар бойынша алдыңғы орында болды. Оның себебі неде?

- Алдағы уақытта індеттің таралуы сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары, мейрамханалардың жұмыс істеуіне байланысты. Мысалы, мен әр аптаның дүйсенбісінде жиналыс өткіземін. Одан бөлек, осы сұраққа қатысты жауапты орынбасарларым да әр күні кешкі уақытта штаб жиналысын өткізеді. Біз еш бәсеңсіген жоқпыз. Себебі, бұл жерде әсте бәсеңсуге болмайды. Жақында ғана Талдықорған қаласындағы бір мейрамханада той өтіп жатыр деген хабар естідік. Шара тоқтатылып, адамдар қайтарылды. Мейрамхана иесін лицензиясынан айыру туралы шешімге келдік. Осы сынды мәселелерге күнделікті мониторинг жүргізіп, бақылауда ұстап отырмыз.

Олжас УӘЛИ, СТВ телеарнасынан:

- Шамалғандағы жаяулар өтетін көпір құрылысы аяқталып, іске қосылды. Оның ашылуына өзіңіз де қатыстыңыз. Ендігі кезекте жаяу жүргіншілердің мәселесі шешілді деуге болады. Ал автокөліктердің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етесіздер? Оған арнайы жол салына ма?

- Бұл мәселе өте күрделі. Былтыр қиын жағдай орын алғаннан кейін (пойыз бен автобустың соқтығысы - ред) барлығымыз ойланып, республика да көмек қолын созып, жергілікті бюджеттен ақша бөліп, теміржолдың үстінен көпір салынды. Көпірдің ерекшелігі, көтеріліп-түсуге арналған екі жағында да жеделсаты бар. Халықтың көпшілігі осы жеделсатыны пайдалануда. Ал кейбірі бұрынғыдай өтіп жатыр Ол жердегі авткөлік жолы келесі жылы жабылады. Неге десеңіз, «Қазавтожол», министрлік барлығы бірлесіп, сол жерде құлату (снос) көп болмасын деп трассаны жабу туралы шешімге келді. Басқа жағынан үлкен айналма жолдың құрылысы басталып кетті. Оған шамамен 4 млрд.теңге кетеді және 2021 жылы күз айларында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде, қауіп тудыратын жағдайлардың барлығы жойылады. Қиын кезде халық та қиналып қалды. Шамалғаннаның ішіндегі жолдың барлығы да қалпына келтірілді. Халық риза. Қиын жағдайдан кейін кіріскеніміз өкінішті. Одан бұрын да қолға алып, жасайтын дүние еді.

Татьяна КАЗАНЦЕВА, «Литер» газетінен:

- Пандемия кезінде облыстың басты жеткен жетістігі деп нені айта алар едіңіз?

- Басты жетістігіміз біздің абдырап қалмауымыз деп есептеймін. Біз бірігіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мұндай жағдайда да жұмыс істеуге үйрендік. Бірінші кезекте, көмек қолын создық. Әсіресе, дертке шалдыққандарға. Осының барлығы келіп түскен әр өтініш пен сұрақтың жауапсыз қалмауының арқасы. Біз ешкімді жұмыстан шығармадық. Соның өзінде шағын және орта бизнес, сауда, қызмет көрсету сынды салаға салмақ түсті. Табыссыз, жұмыссыз отырып қалды көпшілік. Десе де, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының арқасында 21 мың жұмыс орны құрылып, жұртшылық жұмыспен қамтылды. Ең аз деген орта жалақы 80-89 мың теңге болды. Әрбір азамат келіп, өтініш беріп, қайта оқып, барып жұмыс жасауына мүмкіндік туғыздық. Әрі қарай да тоқтап қалмай, осы қарқынмен жұмысты жалғастырамыз.

Модератор:

- Алматы облысында мүмкін болатын коронавирустық инфекцияның екінші толқынынан сақтану жұмысы қалай жүріп жатыр?

- Айтқанымдай, біз бірінші кезекте материалдық-техникалық базаны қамтамасыз еттік. Осы бағытта қаншама қаражат бөлдік. Біз 80 мыңнан аса өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алдық. 12 аурухананы оттегімен қамтамасыз еттік. Бұрын 2 ауруханада ғана болды. Арнайы техника, құрал-жабдықтарды сатып алдық. Дәрігерлер де қайта даярлау курстарынан өтті. Олардың барлық жағдайын жасадық. Біз 3 айлық қажетті жеке қорғаныс заттарын дайындаттық. Іле ауданында «Dolce Pharm» компаниясы арнайы құрал-жабдық сатып алып, сапалы жеке қорғаныс заттарын шығарып, тасымалдаумен айналысады. Ең бастысы арзан бағамен. Сіздер білесіздер, мейірбикелер, полиция қызметкерлері, дәрігерлер әрдайым қорғаныс киімінде жұмыс істеуі тиіс. Одан бөлек, облыста қосымша 2 айлық дәрі қоры бар. Дәріханаларда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі орын алмас үшін мұның бәрі. Бүгінгі күнгі дайындық дәрежесі осындай.

Жанна САГИДОЛЛА, «Inform бюро» сайтынан:

- Қапшағай су қоймасына қатысты сауал қызықтырады. Мұнда су жетіспеушілігіне байланысты төтенше жағдай режимін енгізу туралы хабарланған болатын. Өз кезегінде Балқаш, Алакөл инспекциясы судың жеткілікті деңгейде екендігін алға тартып, ешқандай мәселе жоқтығын мәлімдеді. Сіз осы сұрақтан хабардарсыз ба? Су жетіспеушілігінің алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынды?

- Әрине, бұл мәселеден хабардармын. Менің айтқым келгені: біз осы жылы барлық аудандарда осындай жағдайды байқадық. Бартоғайда 360 млн.текше метр су болатын. Бартоғайда 20 млн.текше метр су мөлшері ешқашан тіркелмеген еді. Өзім арнайы барып тексерген де едім. Қапшағай су қоймасымен келісе отырып, күріш алқабын сумен қамту үшін режимді өзгерттік. Кейбір шаруашылықтарға траншея қазу үшін су жүргізген едік. Десе де, сарымсақтың мол өнімін алдық. Қызылша отырғызған жақта, Көксу, Қаратал, Лепсі, Тентек өзендерінде де осы мәселе орын алды. 500 текше метр болатын су 10-15 текше метрге дейін төмендеп кеткен. Жауапты қызметкерлер шаруа қожалықтарымен бірлескен жұмысының нәтижесінде өнім түсімі азайған жоқ. Қапшағайдың өзінде су көлемі 19 млрд.текше метрді құрайды. Ол 17-16-ға дейін түскен. Келесі жылға дейін бұл мәселе шешімін табады деп есептеймін. Жаз бойы осы мәселемен күрескен едік.

- Дінмұхамед Қонаев ескерткішіне қатысты сауал. Неге мүсінші ескерткішті дайындауға аз уақыт бөлінгендігін айтады? Бұл әкімдік қызметкерлерінің белгіленген мерзімге үлгеру үшін жасаған әрекеті емес пе?

- Ескерткішке қатысты түсінбеушілік орын алды. Жобаның инициаторы «Д.Қонаев атындағы қор» және демеушілер болатын. Осы сұрақ бойынша Д.Қонаевты көп зертейттін бір танысым хабарласып: «Амандық Ғаббасұлы, бұл не сұмдық?» - деп айтып, суреттерді жіберді. Зерттей келе, олардың шынымен де, ешқандай рұқсатсыз дайындап, келіп орнатып жатқандығы анықталды. Аудан әкіміне де мән-жайды анықтауға тапсырма бердім. Облыстық комиссия да зерттеді. Жобаны ашып қарағанымызда нәтиже жобадағы түпнұсқаға мүлдем сәйкес келмейді. Мүлдем ұқсамайды. Біз бұған дейін де Талдықорған қаласында Д.Ахметұлының бюстін қойған едік. Біз бірінші республикалық комиссияның рұқсатын алғаннан кейін барып қана дайындауға кірісеміз. Ал бұл жерде барлығы керісінше болды. Барлық нормативтік талаптарға сәйкес орындамайынша, ескерткіш орнатылмайды деп шешім шығардық.

- Бұл мәселеге қатысты біреу болсын жауапқа тартыла ма? Мүсінші неліктен әкімдік нысанды өткізуде асықтырғандығын мәлімдейді?

- Айтқанымдай, мен өзім бастан-аяқ зерттедім. Бұл жерде, облыстық не аудандық әкімдік тарапынан құқықбұзушылық орын алмады. Қателік жоба инициаторларынан кеткен. Мен оларды жауапқа тартуға құқым жоқ. Ол қор ғой. Оларға барлығын заңға сәйкес жүргізу қажеттігі сабақ болатын болды. Кімді жазалаймыз? Мен білмеймін.

Жанар СЕРДАЛИНА, «Best News kz» сайтынан:

- Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Алматы облысына сырттан келгендердің геолокациясын қалай бақылап отырасыз? Мұндай бақылау қанша уақытқа созылмақ?

- Қазіргі уақытта ешқандай бақылау жоқ. Өздеріңіз білесіздер, Алматы агломерациясына Алматы облысынан жұмысқа барады. Санитарлық посттар қойдық. Бүгінгі таңда ішкі миграцияға қатысты ешқандай шектеу жоқ. Егер де екінші толқын басталса, біз қатаң түрде бақылауда ұстайтын боламыз.

- Қорғас орталығын Сауда министрлігіне өткізу жұмысы аяқталды ма?

- Біз оны өткіздік. Бір жылдары ол біздің қарамағымызда болмаған кездер болды. Мемлекет тарапынан территориялық аумағы сендерге қарайды, өздеріңнің баланстарыңа алыңдар дегенде алған едік. Біздің балансымызда болған жарты жылдың ішінде, әсіресе, пандемия кезінде, кіріп-шығу мәселесіне қатысты сұрақты шештік. Ол жерге заманауи құрал-жабдық орнаттық. Қорғастың қызметкерлеріне қолдау көрсеттік. Бұл – ортақ іс. Мен өз тарапымнан шешімге қол қойдым. Қазіргі кезде мүлікті табыстау актісі орындалу үстінде.

Екатерина БРЮНУК, «Астана» телеарнасынан:

- Аймақтық қалдық жүйесіне қатысты сауал. Бұл жоба қанша тұрады, оның бағытына не кіреді? Ол қоқыс полигондарының мәселесін қаншалықты шешеді?

- Жақсы сауал. Сомаға келгенде бірдеңе айту мүмкін емес. Бұл жерде ЭКСПО болғанда компания өкілдерімен кездескен едік. Біз жергілікті, швецариялық, француздық компаниялармен жұмыс істеген едік. Алматы облысының аумағанынан жыл сайын 1 млн.нан астам тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылатынын білесіздер. Алматы облысы аумағына кіретін бірнеше полигон бар. Осыған байланысты бірнеше жұмыс қолға алынған. Оның біріншісі, қайта өңдеу. Екінші бағыты сұрыптау. Бұл жұмысты бастап та кеттік. Әр аудан орталығында сұрыптау жұмысы іске асырылуда. Нәтижесі келесі жылы көрінуі керек. Одан бөлек, бір компания Еңбекшіқазақ және Талдықорған аумағында қоқыс зауытын салу туралы мәселені ұсынды.

Дәния МАРБЕКОВАДАН, журналист:

- Алматы облысындағы газдандыру мәселесі туралы айта кетсеңіз?

- Айтқанымдай, газдандыру жұмыстарын енді қолға алғанымызда 9-11 пайыз ғана болатын. Бірінші кезекте, Талдықорғандағы магистралды газ желісін жөндеуді қолға алдық. Нәтижесінде, Талдықорған қаласын толықтай газдандыру ісіне кірісіп кеттік. Бұл көлемді жұмыс. 2014 жылдан бері газдандыру жұмыстарына 65 млрд.теңге қаражат бөлдік. Оның басым бөлігі жергілікті бюджеттен болса, кейбірі "КазТрансГазаймақ" арқылы реттелді. Оған қоса 15 млрд.теңгесі демеушілер көмегімен жүзеге асты. Осы жылы 80 мың үй газға қосылады. Жамбыл, Қарасай, Талғар ауданында газдандыру мәселесін реттеп алсақ, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Шонжы өңірлерінде жұмыс жүргізілуде. Бүгінде 15 ауданға газ тарттық. Енді әр үйге таратылатын желіні тартып жатырмыз. Алдағы уақытта тағы 5 ауданға газ тарту ісі қалды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Еңлік КЕНЕБАЙ

Еңлік АРЫҚБАЙ