Қадір түніндегі қос қуаныш

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 273

Талдықорғанда қасиетті қадір түнінде еліміздің өзге аймақтарындағы су тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арнайы дұға-тілек тіленіп, «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Жетісу облысының екі тұрғынына баспана кілті табысталды.

Мың айданда қайырлы осы түнде дәстүр бойынша талдықорғандық жамағаттардың ықыласымен Түркия елінен келіп уағыз жүргізген қаридың иығына шапан жабылып, ат мінгізілсе, мешіттің тағы екі қарапайым қызметкерінің біріне шипажайға, біріне ұмра қажылыққа жолдама берілді.

– «Бүгінгі сауабы мол қадір түнінде аймағымыздың екі тұрғынына 741, 742-ші пәтердің кілттері табысталды. Бұл екі адамның да тұрмысында қиыншылығы бар, жанұялық жағдайы ауыр.  «Көп түкірсе – көл» деген. Енді, міне, «Зекет» қорының «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында жергілікті жамағаттың көптеп көмектесуімен екі азамат та баспаналы болды. Алла осы іске атсалысқан әрбір жанға мол сауаптан жазсын!»,– деді Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітов.

Бас имамның сөзінше, жалпы қайырымдылық қайырлы іс. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен құрылған «Зекет» қоры әрдайым қайырымды істермен мұқтаждарға қол ұшын созып келеді. Осыдан бірнеше күн бұрын бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының ақ тілегімен қордың Астанадағы өкілдігінен аттандырылған алғашқы «Қайырымдылық керуені» Қостанай облысына жетіп, ондағы тасқын су апатына ұшыраған жұртқа 25 тонна азық-түлік пен киім-кешек тағы басқа да тұрмысқа қажетті заттар үлестірілді. Енді мұндай қайырымдылық шаралары бас муфтидің тапсырмасына сай еліміздің әр аймақтарындағы мешіттерде қолға алынып,  жиналған заттармен көмек қаражат жөнелтіле бастаған. Алдағы уақытта жетісулық жамағаттардан жиналған көмек те жіберілетін болады.

 Сөз кезегінде баспана кілтін қолына алған қос қуаныш иесі «Зекет» қорына және көмек қолын созған жамағатқа айрықша алғысын жеткізді. жалпы

Айдын КӘЛІМХАН