МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕГІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУҒА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1078
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының Таңбалытас шатқалында орналасқан "Жартасты қала – Астана" оқу-жаттығу полигонында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин мен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің басшылығымен "Қазқұтқару-2022" кешенді тактикалық оқу-жаттығуының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Кешенді тактикалық оқу-жаттығулар іздестіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, авариялық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесімен алмасу, жарысқа қатысушылардың кәсіби және дене даярлығын тексеру мақсатында өткізіледі.

Жарыс "Техногенді апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары", "Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары", "Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары", "Орташа қиылысқан жерлер бойынша командалық эстафета" және "Белтемірдегі кешенді күштік жаттығу" дистанцияларынан өтуді қамтиды. Сонымен қатар, Алматы облысы әкімінің қатысуымен ТЖМ құтқарушыларының құтқару көпсайысы бойынша жарыстың салтанатты ашылуы болды. Жарысқа құтқару бөлімшелері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметші-құтқарушыларының командалары қатысады.

Салтанатты шара барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ТЖ қызметкерлері қашанда дайындық үстінде болу қажеттілігін атап өтіп, осы салаға материалдық-техникалық базасын ұлғайту үшін қаржы жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Жарыстың бірінші күні қатысушылар "Ойлы-қырлы жерлер бойынша командалық эстафета" құтқару көпсайысы бойынша қашықтықтардан өтеді.

Қазақстан Республикасы ТЖМ жедел-құтқару жасақтары арасында құтқарушылардың үздік командаларын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тән кедергілері бар қашықтықтарды өту барысында Қазақстан Республикасы азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің әскери қызметші-құтқарушылар командаларын айқындауды құтқару көпсайысы бойынша жарыстардың бас төрешілер алқасы жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ, Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының қолдауымен Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Өзбекстан Республикасы төтенше жағдай ведомстволарының кинологиялық қызметтері үшін мастер-тренинг ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, 8-9 қыркүйекте төтенше жағдайларды жою аумақтық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары арасында оқу-әдістемелік семинар өткізу жоспарланған. Онда қызметкерлерге төтенше жағдайларды жою саласындағы оқу-әдістемелік және дәрістік материалдар жеткізілетін болады, қорытындысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметін регламенттейтін нормативтік құжаттарға қатысты сынақтар қабылданады.

Жарыс 17 қыркүйекке дейін жалғасады.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"