САПАСЫЗ ЖОЛ. БАҚАНДАЙ 300 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ "СУҒА" КЕТТІ

Уақыты: 15.03.2023
Оқылды: 717
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының Малайсары станциясында бір шақырымға жуық жолды қарғын су шайып кеткені осыған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған. Алайда аталған жайттың әсерінен бақандай 313 млн. теңге суға "ағып" кеткені ресми жария болмаған.

Тұп-тура 300 миллион теңгенің үстіндегі қаражат селмен бірге жоқ болған. Бұл туралы мемлекеттік арна – Ұлттық арнада айтылды .Енді бұған қаншама жұрттың жүрерге дұрыс жол таппаған, оқушысын мектепке уақытылы  жеткізе алмаған  дағдарысын тағы үстеңіз. Бәрінің артында халықтың қалтасының обалы тұр.

Сенсеңіз, станция мен ауылды байланыстырып тұрған жолға өткен жылы ғана жөндеу жұмысы жүргізілген. Көрнекі суреттерде қабыршақтанып жатқан жұқа төселімді көргенде тағы бас шайқайсыз. 

Ең сорақысы, БАҚ-та жария болғандай, жергілікті тұрғындар мердігерлерге сел жүретін нүктеге жол саудың дұрыс шешім еместігін де ескерткен көрінеді. Ақыры  – осы.

Жобалаушы мекемеге тапсырмасын бердік. Ол кісілер жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Содан кейін қай жерге қандай көпір қоямыз, қай жерге қандай құбыр қоятынымызды қарастыратын боламыз.

Бұл – облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар қатынасы басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың тілші Қуаныш Қанатұлына берген жауабы.

Осылайша, "жобалау-іздестіруден" басталатын жырдың соңы бір жылдай уақытқа тіреліп, содан соң ғана қаржы бөлу мәселесі қарастырылатыны белгілі.

Оған дейін ақ шаң, көк шаңда жол азабын тартатын ауыл тұрғындарының айқайын кім тыңдар?!

 

Фото: ашық дереккөзден  көрнекілік үшін алынды

Қ. ҚҰРМАН.