ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА 8 АУЫЛҒА ГАЗ ТАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 08.04.2023
Оқылды: 815
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Облысымызда бұл жоба жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.

Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. 2019 жылы «Үштөбе» автоматтандырылған газ тарату стансысы және ұзындығы 44,7 шақырым газ құбыры пайдалануға берілді. Автоматтандырылған газ тарату стансысында іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ағымдағы жылдың мамыр айында Қанабек және Оян ауылдарына табиғи газ беріледі. Онда газ тарату желілерінің құрылысы өткен жылы аяқталған болатын. Ал Көкдала, Ескелді би ауылдары газ құбырына осы жылдың екінші жартыжылдығында қосылады. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін ауданның 8 ауылын жалпы сомасы 2,7 млрд. теңгеге газдандыруды кезең-кезеңімен аяқтау жоспарлануда. Атап айтсақ, олар Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар, Достық, Кәлпе Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе ауылдары. Өткен жылдан бастап Үштөбе қаласында 7 млрд. теңгеге газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобада ұзындығы 148 шақырым тарату желілерін салу көзделген. Сонымен қатар, орнатылатын 4 блокты-модульді қазандықтар 17 көппәтерлі тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді.  Жыл аяғына дейін тұрғындардың

40 пайызы тұратын қаланың шығыс аумағында газ құбырлары пайдалануға беріледі. Жалпы, Үштөбе қаласында газ желілерінің құрылысы келесі жылдың соңына дейін аяқталып, 19,5 мың қала тұрғыны газға қол жеткізеді.

– Елімізде қымбатшылық орын алып жатса да газға қосылу бағасы 169 мың теңгеден аспайды. Орташа бағасы 135-140 мың теңге болады. Сондай-ақ, қазандықтың құнын несиесіз, 12 айға бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Қалған 7 елді мекенді – Сарыбұлақ, Көкпекті Жылыбұлақ, Жасталап, Қаражиде, Кішітөбе және Үшкөмей ауылдарын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024-2025 жылдарға көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жоспарланған 19 елді мекенді газдандыру нәтижесінде 2025 жылы ауданның 39 мың тұрғыны немесе 96,8 пайызы табиғи газға қол жеткізе алады, ­– деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Ал ауызсу мәселесі бойынша Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 4 ауылда сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жүргізілуде. Бүгінгі таңда жұмыстардың 70%-ы орындалған. Келісімге сәйкес «Көлсай Строй» ЖШС құрылысты ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтауға міндетті. Бұл мәселе бойынша аймақ басшысы аудан әкімдігіне су құбыры құрылысының барысын күнделікті бақылауға алуды тапсырды.

Фото: ғаламтордан

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ