Тұрғындар шағымынан кейін әкімдіктің заңсыз жер бергені анықталды

Уақыты: 19.05.2023
Оқылды: 1053
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған тұрғындарының шағымынан кейін прокуратура тексеріс жүргізіп, әкімдіктің жер телімін заңсыз бергенін анықтады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

ҚазАқпараттың мәліметінше, Талдықорғанның Кивелева көшесіндегі көпқабатты үй тұрғындары ауласына ойын, футбол алаңдары салынады деп күткен. Сөздерінше, әкімдік солай уәде берген. Бірақ жер телімі кәсіпкерге көпсалалы кешен салуға берілген. Бұл жайт тұрғындардың наразылығын туғызып, прокуратура мән-жайды анықтауға кіріскен.

«Ауданы 0,15 гектар жер учаскесінің жеке тұлғаға конкурстан тыс берілуі Жер кодексінің 48-бабының бұзылуына әкеп соққан және Талдықорған қаласын дамытудың Бас жоспарына қайшы екендігін анықтады. Осыған орай, 16-мамырда Талдықорған қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органның атына заңсыз шығарылған қаулының күшін жою мәселесін қойып, прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Қадағалау актісінің орындалуы прокуратураның бақылауында»,- делінген Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сурет ғаламтордан алынды