"Дәрілер 5 миллион 552 мың теңгеге сатып алынды": Жетісу облысында кенеге қарсы іс-шара жалғасуда

Уақыты: 07.06.2023
Оқылды: 705
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысында адам мен жануарлар өміріне қауіпті зиянкес - кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметі дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Аталған мекеме ақпаратына сәйкес, дәрі барлық аудан, қалаға таратылған.

«Жетісу облысында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарының екінші кезеңі 1 маусымнан басталды. Сәуір айында Ұлттық сараптама орталығы өңдеуге арналған 230 литр «Фаворит» дәрісі жеткізілді. Дәрілер 5 миллион 552 мың теңгеге сатып алынды», - делінген Жетісу облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Бүгінгі күні Талдықорған қаласындағы ардагерлер саябағында 13 га. жерге кенеге қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Ал Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Текелі қаласында тұрғындар көп демалатын ашық аумақтарда өңдеу жұмыстары басталып, жүргізілуде.

«Сондықтан тұрғындардан кенелерді жою жұмыстары туралы жазылған белгілері бар аумақтарға барудан бас тартуды сұраймыз. Сонымен қатар өңдеу жүргізілген күннен бастап алғашқы 3 күн ішінде осы аумақтарға барудан, жерде жатып демалудан аулақ болуды еске саламыз», - делінген ведомство хабарламасында.

Осы ретте, мамандар дәрі себілген аумақта 45 күн бойы мал жаюға тыйым салынатынын ескертті. 

Фото: ашық дереккөзден