Министр: "Энергетикалық сусын сатуға тыйым салынуы мүмкін"

Уақыты: 26.09.2023
Оқылды: 862
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін айттты, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

“Қазіргі таңда мәжілісте денсаулық сақтау саласына байланысты заң қаралып жатыр. Сол заңның шеңберінде 21 жасқа дейінгі азаматтарға, балаларға энергетикалық сусын сатпау туралы норма қарастырылып жатыр. Біз Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бұл норманы қолдап отырмыз. Өйткені бұл балалар мен жастардың денсаулығына тікелей байланысты дүние”, - деді министр.

Кейіннен министр ханымға "21 жасқа дейінгі жастарға зиян сусындар одан жасы үлкен азаматтарға да пайдалы емес. Министрлік энергетикалық сусындарға неге мүлде тыйым салмайды?"  деген сауал тастадық.

“Шектеп, ішнара ішетін болса, энергетикалық сусындардың денсаулыққа зияны жоқ. Бірақ балалардың 9 пайыздан астамы әр түрлі тәтті сусындарды күнде ішеді екен. Бұл семіздікке, қант диабеті, жүрек қан тамырлары ауруларына әкеліп соғады. Балалар мөлшерін білмей, өз денсаулығына жауап бере алмайды. Ал ересек азаматтар өз денсаулығына өзі жауап беруі керек. Сондықтан жаппай тыйым салу дұрыс емес деп санаймын”, - деді Ажар Ғиният.

Әлеуметтік желіде горилла сусынын ішіп, ауыр науқасқа шалдыққан азаматтардың видеосы шығады. Журналистің “Бұл ақпаратқа сенуге бола ма?” деген сұрағына министр нақты жауап бермеді.