"295 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді": Талдықорғанның шағын ауданына газ тартылды

Уақыты: 18.10.2023
Оқылды: 587
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Республика күні қарсаңында Талдықорған қаласындағы «Жастар-2» шағын ауданына газ берілді. Енді мұндағы екі мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі дерегіне сүйеніп хабарлайды. 

Салтанатты түрде атап өтілген іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады. Ә. Қанағатов тұрғындарды облыс көлемінде атқарылып жатқан газдандыру шаралары жайлы хабардар етті. Өз кезегінде қала әкімі жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына кеңінен тоқталды.

- «Жастар -2» шағын ауданында 22  шақырымға газ құбыры тартылып, оған 295 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын бастаған «Рем строй» ЖШС бүгінде жобаны толық аяқтады. Сөйтіп 526 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік жасалып отыр. 2025 жылға дейін қаланың барлық аймағына газ тарту жоспарланған. Жалпы «Жастар-2» тұрғын үй алабының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Атап айтқанда, мұнда 21 шақырымға ауыз су құбыры тартылып, бүгінде тұрғындар 100% ауыз сумен қамтылып отыр, - деді Е.Бәзіл.  

Оның айтуынша, тұрғын үй алабын абаттандыру мақсатында 16 көшеде заманауи үлгідегі 514 жарық бағаны орнатылған. Бұдан   бөлек,   жолдың   сапасын   жақсарту үшін 13 көшенің 11,2 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғын үй алабында 900 орынды метеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады.

Инфрақұрылымды дамытудың маңызды кезеңі ретінде газ қосу рәсіміне қатысқан жұртшылық қуаныштарын жасырмады. «Жастар – 2» шағын ауданының тұрғыны Бақыт Жаңабаева көпшіліктің атынан рахмет айтты:

- Бүгін ауылымызға көгілдір отын келгеніне қуаныштымыз. Бұрын көмір жағатынбыз, енді үйімізге газбен бірге жайлылық, жылылық келді. Келесі жылы мектеп құрылысы басталғалы жатыр. Көшелерімізді жөндеу де жоспарға енгізілді. Шағын ауданымыз көркейе берсін! – деді ол.

Еске салсақ, жуырда «Үйтас» саяжайына газ берілген болатын. Сонымен бірге жыл соңына дейін «Ынтымақ» жеке тұрғын алабының 9500-ге жуық тұрғыны және Талдықорған қаласының ішінде қалған учаскелердегі 585 тұрғын газға қол жеткізсе, келесі жылы Мойнақ ауылына газ құбыры тартылып бітуі тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі, ертең Қаратал ауданында Кәлпе және Оян ауылдарына газ беріліп, олардағы 700 үй көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылуы тиіс. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100%-ға жетеді немесе 192 елді мекенді қамтылады деп межеленіп отыр.

Қазір облыста 288 мың адам газға қосылуға мүмкіндік жасалған, бұл халықтың 41,2%. Жыл соңына дейін жоспарланған 20 шақты жоба толық аяқталғанда, бұл көрсеткіш өсе түспек.