Жаңғырған мереке, жаңарған мазмұн

Уақыты: 18.10.2023
Оқылды: 623
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстан» деген қасиетті атау аталғанда ойыма ең алдымен ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген, жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, қуанғанда күлкімнен түн түрілген» деген өлең жолдары оралады. Осынау жан тебірентерлік жолдар халқымыздың талайлы тарихынан нақты хабар беретіндей. Расында бабаларымыз қуаныш пен шаттықтың жыр тілінен бұрын «атақоныс жерім-ай» деген мұң тілімен бұрынырақ танысып, елдігін сақтап қалу үшін ғасырлар бойы ат белінде күн кешті. Қайғырғанда қабырғасы сөгілгендей күй кешіп, қуанышын да бар әлеммен бөлісуге дайын тұрды. «Үйде туып, түзде өлген жігітте арман бар ма екен?» деген тұжырыммен батырлықты мұрат тұтып, қасиетті жеріміздің әр тұтамы үшін қасық қаны қалғанша шайқасты. Бүгінгі Алтай менен Атыраудың, Алатау мен Қаратаудың арасы, атты адамға алты айшылық жол болатын қазақтың сайын даласы бабаларымыздың сондай жанкештілігінің арқасында аман сақталып қалды.

Халқымыздың өткен тарихына күмәнмен көз салып, барының өзін бағалауға сараңдық танытатын кейбіреулер «Қазақта екінің бірі батыр болған деп жатады, соның бәрі шындық емес қой, еш қисынға сыймайды...» деп сыңар езулеп бұра тартуға дайын тұрады. Ондайлардың көңілінде «Бабаларымыз жүрек жұтқан батыр көп болмаса осыншама жерімізді кім қорғап қалған?! Соншалықты бай өлкенің иесі болып отырған халықтың азаматтары қой аузынан шөп алмайтындай көнбіс, жуас болса тарихтың тегершігі оларды неге уатып, жоқ қылып жібермеген?!» деген қисынды сұрақ туындамайды.

Соңғы жылдары көрші елдің «бұлбұлдары» «Қазақ жерінде мемлекет деген болмаған, қазақ халқына ондай сыйды кеңес өкіметі жасады» деген ойға сыймайтын уәжді жиі қайталай бастады. Ондай «білгіштерді» елімізде Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуының кең көлемде аталып өткендігі де тоқтата қоймады. Мұндай тұжырымдардың тасасында қандай қауіптің «құлағының» көрініп тұрғандығын атап жатудың өзі артық болар деп ойлаймын. «Қазақ тарихында жеке мемлекет құрылмаған, мұның өзі олардың тұрғылықты жерінің де болмағанын айғақтайды, ондай жерді алып қоюға да болады...» деген мәселенің жаңағыдай «насихатшылардың» көкейлерін тесіп тұрғаны өз-өзінен белгілі жайт.

Қазақ мемлекеттігінің ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, ерте орта ғасырлардағы Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, одан кейінгі Алтын Орда және Ақ Ордадан бастау алып, Қазақ хандығымен, тәуелсіз Қазақстан мемлекетімен жалғасатындығы бүгінде талас тудырмайтын ақиқат. Бұл ақиқатты жоққа шығарғысы келгендердің босқа арамтер болатыны да ешбір дәлелдеуді қажет етпесе керек.

Әр мемлекеттің ең бір өзекті мәселесі саналатын жер жайы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын да айналып өткен жоқ. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялыларының күш салуының арқасында республика құрамына ежелгі қазақ жері тұтасына жуық енді деуге болады. «Барға – қанағат, жоққа – салауат» дегендей, енбей  қалғанына, түрлі себептермен кейін басқа мемлекеттердің аумағына еніп кеткендеріне салауат айтуға болады. Басты мақсат – бүгінде халықаралық дәрежеде мойындалған мемлекет аумағының бұзылмауын, қасиетті қазақ жерінің әр тұтамының көздің қарашығындай сақталуын қамтамасыз ету. Келешек жас ұрпақ та осы ауанда тәрбиеленсе болашағымыздың жарқын болатындығы ешқандай күмән тудырмайды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында осы мәселеге орай «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз. Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақырамын. Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!» деген болатын. 

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Советі қабылдаған Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация да қазақ жерінің бөлінбейтінін, оның аумағына қол сұғылмайтынын жариялады. «Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттiгiн сақтау, қорғау және нығайту жөнiнде шаралар қолданады. Қазiргi шегарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлiнбейдi және оған қол сұғылмайды, оның келiсiмiнсiз пайдалануға болмайды» деген жолдар осы тұжырымды айғақтайды.

Аталған декларация қазақ жері табыстырған бауырлас ұлттардың төл мәдениеті мен әдебиетін, тілін дамыту жайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Соған орай аталған маңызды құжаттан: «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тiлiн қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-і мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады» деген жолдарды оқуға болады. Өмір – өзеннің содан бергі кезеңдегі ағысы бұл орайдағы міндеттердің де ойдағыдай орындалып келе жатқанын көрсетеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне ұлттық мереке статусын қайтарып, оның жаңа мазмұнда аталып өтуіне қамқорлық жасауын Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация қабылданған осынау тарихи күнге, демек, жалпы тәуелсіздігімізге көрсетілген құрмет деп қабылдауымыз қажет. Содан кейін де Мемлекет басшысының «...қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» деген тұжырымы көп көңілінен шығып отыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұдан кейінгі кезеңде де Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қала береді. Бұл мейрам алдағы уақытта тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтпек. Ал енді қасиетті Тәуелсіздік жолында ақырып теңдік сұраған ондай батырларымыздың аз еместігі ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болса керек-ті. «Ақтабан шұбырынды мен Алқакөл сұлама» кездерінен бергі тарихты қозғамай қоя тұрғанның өзінде күні кешегі Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының өзі не тұрады? Елім деп еңіреген ондай ұлттық батырларымыздың рухтарын асқақтату алдағы күндердің еншісіндегі елеулі міндеттердің қатарына жатады.

Сөз басын Жұбан Молдағалиевтің өлеңімен бастасақ, соңын да ақын өлеңімен тұжырымдағанды жөн көріп отырмыз. Оның «Мен қазақпын» деген кең тынысты поэмасы «Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін, қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске, айта бергім келеді, айта бергім!» деген асқақ жолдармен түйінделеді. Мың рет күйреп түскеннен кейінгі жерде мың бірінші рет мәңгі өлмеске тіріліп, жарқын болашаққа қадам басып отырған халқымыздың бұл орайдағы қуанышы мен шаттығын айта бергеннің еш әбестігі жоқ болар. Ұлттық мереке – Республика күні сондай шаттықтың, мерейлі мерекенің бірі ғана емес, бірегейі.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі