Қуанса, бала қуансын

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 259
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Балалар үшін ойын алаңы аса маңызды. Себебі, бала ойынмен өседі. Сондықтан да балалардың ойын алаңының болуы кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселені шешу мақсатында Еркін ауылдық округіне қарасты 3-ші бөлімше балаларына арналған ойын алаңы қолданысқа берілді. 

Кішкентай бүлдіршіндер енді бос уақыттарын қызықты және тиімді өткізеді. Заман талабына сай жабдықталып салынған ойын алаңы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Жайдарман жаңалыққа барлық тұрғын дән риза. Соның бірі – Светлана Әжікенова. Ол балалардың көптен күткен арманын жүзеге асырған азаматтарға алғыс айтып, жұмыстың сапалы атқарылғанын тілге тиек етті. 

– Балалардың ойын алаңын ұзақ күттік. «Қуанса, бала қуансын» деген халықпыз ғой. Осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға мың алғыс. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалғаны қуантты. Ең бастысы, ойын алаңы қоршалып, резеңке жабындысы төселген. Ойын құралдары да сапалы. Балалардың болашағын бүгіннен бастап қалыптастыруымыз қажет екенін дәлелдеген жандарға ризамыз, – деді ауыл тұрғыны. 

Былтыр 3-ші бөлімше аумағына электр жүйелері тартылып, ескі бағаналарды жаңартумен қатар түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары қолға алынған. Ауыл тұрғындарының сапалы өмір сүруі үшін атқарылып жатқан жұмыстар маусым айында толығымен аяқталады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, Еркін ауылдық округінде аталған бағдарлама бойынша Көктал тұрғын үй алқабына 3 балалар алаңы салынды. Ал биыл  Амангелді көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Аружан ІЛИЯС, 
ЖУ-дің студенті