ӘКІМ ЕСЕБІ: 200 МИЛЛИОН ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕЛДІ?

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1372
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көксу ауданында Балпық ауылдық округінің әкімі Қуат Жұмағұловтың халық алдындағы есептік кездесуі өтті. Аудан әкімі Алмас ӘДІЛ қатысқан басқосуда округ әкімі баяндама жасады.

Ол өз есебінде білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары, ауылшаруашылығы, салық төлемдері және тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл-аймақты көгалдандыру мәселелері туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ, баяндамада елді мекендерді дамыту бойынша жасалған жобалық-сметалық құжаттар, оларға бөлінген қаржы көлемі, ауыл жолдарын жөндеу мәселелері сөз болды.

Есепті жиынға  қатысқан аудан әкімі Алмас Әділ өткен жылдың жетістіктері мен шешімін тапқан мәселелерді айтып, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды. Атап айтсақ, 2017 жылы Балпық би ауылын газдандыру басталған. Осы уақыт аралығында жерасты 3,3 шақырым орта қысымды газ құбырлары тартылған. Көгілдір отынға қосудың межесі 3354 абонент болса, оның бүгінгі күнге 110-ы ғана қосылған. Сонымен қатар, «Көксу қант зауыты» толығымен орталықтандырылған газ жүйесінде. Осы уақытқа дейін мекеме жылына орта есеппен 10 мың тонна мазут жағып шығындалса, көгілдір отын келгелі 200 миллион теңге үнемдеген. Бұдан бөлек, 4 ауылдық елді мекеннің 12 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 271, 8 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Аудан орталығы Балпық округінің ауыз толтыра айтар тағы бір жетістігі – құрылыс саласы. Биыл Балпық би ауылындағы Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадион толық күрделі жөндеуден өтіп, 20 пәтерлі көпқабатты баспана бой көтерді.

Сөз соңында аудан басшысы алдағы уақытта да атқарылар жұмыстарымен халықты хабардар етті. Мәселен, 20 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Амангелді мен Қонаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалатынын жеткізді. Одан бөлек, ағымдағы жылы 50 пәтерді құрайтын жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Талап-тілектері тыңдалған  басқосуда ауыл округі  әкімінің  жұмысына тұрғындар тарапынан тиісті баға берілді. Ал өңір басшысы тұрғындар атынан айтылған ұсыныс-тілектердің оң шешімін табатындығын жеткізді.

Әлия ИМАНЖАНОВА

Көксу ауданы