ГАЗДАНДЫРУ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСАДЫ

Уақыты: 28.01.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Көгілдір отын – көпшіліктің асыға күткен зор қуанышы. Жетісулықтарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жемісті жалғасын тауып келеді. Қуанышқа орай, бүгінде ауқымды шаруаның орындалу деңгейі 30 пайызға жетіп, жоспарланған жұмыстарды іске асырумен қатар жаңа жобалар да жүйелі түрде дайындалу үстінде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Айдарбек БАЙЖАНОВТЫҢ төрағалығымен өткен кеңесте сөз болды.

 

  Өңірді газдандыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында алғашқы бо­лып облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдар Беркімбаев сөз алып, баяндама жасады. Оның айтуынша, Үшаралға дейін магистральді газ құбырын тарту жоспарлануда. «Үшарал» АГРС-мен «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге 150 млн. теңге бөлінген. Жобаны іске асыру Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының 74 елді мекенін газдандыруға және шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, осы аудандарда жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Осынау игі іс 2020-2022 жылдар аралығында жүзеге аспақ.
  Алдағы уақытта шекара маңындағы аудандарды газдандыру да көзделіп отыр. Осыған байланысты Кеген ауылына дейін газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Бұған биылғы бюджеттен 50 млн. теңге бөлінсе, инвесторлар қаражаты есебінен Ұйғыр ауданының 13, Панфилов ауданының 19 елді мекенін газдандыру жоспарланған. Ал, Талғар ауданының елді мекендері бойынша 7 ЖСҚ әзірленуде. Биыл Қаратал, Көксу, Балқаш, Ескелді, Ұйғыр және Жамбыл аудандарының 60 елді мекеніне жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 400 млн. теңге бөлінген.
Кеңес барысында «Жетісу ОблГаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тартып, өзге де мердігер ұйымдар мен мүдделі тараптардың мәселелері талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, «ҚазТрансГазАймақ»АҚ ЖЗҚ тарапынан халықты табиғи газбен қамтамасыз ету мерзімін созу мәселесі сынға алынды. 
  Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары инвесторларды тарту мәселесіне тоқталып, компаниялармен меморандум жасасу кезінде олардың қаржылық ахуалына көз жеткізу, сондай-ақ нарықта өзін оң жағынан көрсете білген адамдармен жұмыс істеу қажеттігін айтып өтті. Айта кететін жайт, жиын барысында көгілдір отынды қосу құнының халыққа тиімді болмай тұрғаны да сөз етілді. Қарапайым халықтың бірден газбен қамтылуына қаржысы жетпей жатқандықтан бұл мәселені бөліп-бөліп төлеу жағын да қарастыру қажеттігі сөз болды. Осы және басқа да жағдаяттарды мердігер ұйымдардың ескеруі қажеттігі айтылды.
Кеңес барысында облыс орталығын газдандыру мәселесі де өріс тапты. Текеліге сұйық отын ақпан айының басында беріледі деп күтілсе, облыс орталығы бойынша көп пәтерлі үйлерді көгілдір отынға қосу, жеке тұрғын үй секторы абоненттерінің санын арттыру да назарға алынды. Айта кететін жайт, облыс орталығын газдандыру бойынша жұмыс істейтін нақты компаниялардың тізімі Айдарбек Байжановтың тұрақты бақылауында болмақ. Осыны ескерткен кеңес төрағасы жиын соңында барша компания басшылары мен осы салаға жауапты мамандарды ел үшін еңбектенуге, жоспарды уақытылы әрі сапалы орындауға шақырды. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.