ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 28.01.2019
Оқылды: 1075
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс пен Талдықорған қаласының тұрғындарына жаңадан қолданысқа енген Бірыңғай жиынтық төлем бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шараның негізгі мақсаты – жаңа жүйеге оңтайлы тіркеу қызметін дамыту, әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру, зейнетақы мөлшері жайлы ақпарат беру.

 

Әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ететін Бірыңғай жиынтық төлем механизміне тіркелу тегін. Ал ай сайын қалалықтар үшін салынатын қаржы көлемі 2525 теңгені құрайды. Ауыл тұрғындары 1263 теңге төлеуі тиіс. Яғни, жарна көлемі қалалықтарға бір, ауыл азаматтарына жарты айлық есептік көрсеткіш көлемінен аспайды. Жеке тұлғалар, жалдамалы қызметкерлер, қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер және ауылшаруашылығы өнімдерін өткізушілер бұдан былай өзі үшін сақтандыру қорын жинай алады. Тағы бір артықшылығы, өзінің кіріс көзін көрсету нәтижесінде азаматтардың несие төлеу мүмкіндігі арта түседі. Мәселен, сіз жүйелі жарна төлей отырып, ресми түрде банктен несие алуға құқылысыз.


Бірыңғай жиынтық төлемге (БЖТ) қаражат салу адамдардың өз қалауымен жүзеге асырылады. Яғни, бұл жүйеге қатысу, қатыспау құқығы азаматтың өз шешіміне байланысты. Бұл орайда Бірыңғай жиынтық төлемді төлемегені үшін қандай да бір жауапкершілікке тарту шарасы қарастырылмаған. Бұл механизм өз бетінше табыс табатын кез келген тұрғынды зейнетақы қорымен қамтамасыз етуге бағытталған.
Екі күнге жалғасқан шарада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері арнайы басылған ақпараттық қағаздар таратып, тұрғындарға суық күнге қарамастан түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қала тұрғындары мен облыстан келген қонақтар жаңа механизмге қызығушылық танытып, мол мағлұмат алды.

Гүлім АСХАТҚЫЗЫ