САПАҒА НАЗАР АУДАРДЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 932
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қарасай ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Қаскелең қаласындағы жаңадан ірге көтерген «Қарлығаш» шағын- ауданы мен Әйтей ауылында салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты. Облыстан келген қонақтарды аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен сала мамандары қарсы алып, нысандарды көрсетті.

 

   Қаскелең қаласы жыл өткен сайын өсіп, өркендеп келеді. Сол қатарда жеті гектар аймақты алып жатқан «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінің алар орны ерекше. Жоспар бойынша бұл жерде жеті қабатты сегіз, тоғыз қабатты жиырма екі үй салынуы тиіс. Сондықтан, дербес жұмыс істейтін бу қазандығы, су жүйесі және трансформатор қондырғысы алдын ала орнатылған. Айта кетерлігі, мұндағы төрт үй  «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» жүйесі арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілгенін айта кету керек. Ал коммерциялық негіздегі жеті қабатты бес үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Өткен жылдың соңында осы тұрғын үй кешенінде «Қарлығаш» атты балабақшасының ашылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Биыл тоғыз қабатты жеті үйдің құрылысын толық аяқтау жоспарланып отыр. Нә­ти­жесінде шағын- ауданда 1798 отбасы баспаналы болмақ.

Осыдан кейін Лаззат Махатұлы Әйтей ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 1200 орынды мектеп құрылысына аялдады. Бұл ірі құрылыстың жұ­мысын «U-Con-Two» Bi-Group  ком­паниясы жүргізуде. Жалпы құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын мектеп ғимаратын жаңа оқу жылының басталуына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Мақсат үдесінен шығу үшін құрылысшылар уақытты тиімді пайдаланып, жұмыс қарқынын арттыруда. 


Осы орайда Лаззат Махатұлы құрылыс компанияларының жетекшілерімен кездесіп, әлеуметтік маңызы зор нысандардың сапалы әрі уақытылы салынуына баса назар аударуды тапсырды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.