ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР САЛЫНАДЫ

Уақыты: 30.01.2019
Оқылды: 988
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық құрылыс басқармасынан алынған ақпаратқа сәйкес қазіргі таңда «7-20-25» бағдарламасы бойынша Талғар, Іле, Қарасай, Панфилов аудандары мен Қапшағай және Талдықорған қалаларында үй салынатын 26 тұрғын аудан анықталды. Тұрғындардың бұл жерлерге салынатын үйлерді сатып алу мүмкіндігі өте жоғары.

 

Айта кетерлігі, бұл үйлер негізінен Алматы қаласына жақын орналасқан аудандарды қамтып отыр. Сол қатарда Талғар ауданындағы «Алма Тау», «Көк Алатау», «Alma Village», «Нурия», «Пугачев», Қарасай ауданындағы «Алатау ажары», «Қарлығаш», «Өмірзақ», «Өркен» және Іле ауданындағы «Қоянқұс» жеке тұрғын үй кешені мен Панфилов ауданындағы «Нұркент», Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс тұрғын ауданындағы үйлерге сұраныс басым. Жоспар бойынша осы алқаптарда жалпы аумағы 3,8 млн. шаршы метр болатын 103,7 мың пәтерлі 2509 тұрғын үй бой көтереді. Осы нысандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын реттеуге бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген.


Қазіргі таңда бағдарлама аясында жалпы алаңы 37,0 мың шаршы метр болатын 552 пәтерлі 10 коммерциялық тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Құрылыс басқармасының өткен аптада берген ақпараты бойынша, солардың 8 үйі пайдалануға беріліпті. Оның үшеуі Қарасай, біреуі Іле ауданына тиесілі. 


Сонымен қатар, өңірдегі екінші деңгейлі банктер де бағдарламаны жүзеге асыру үшін барынша еңбек етуде. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер сомасы 2,0 млрд. теңге болатын 197 өтінім қабылдаған. Оның ішінде сомасы 1,2 млрд. теңге болатын 113 өтінім мақұлданыпты.


Осындай жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде баспана жылуын сезінетіндердің қатары биыл да арта түсетін болады.

Қажет АНДАС

"Жетісу"