3217 АДАМНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 01.02.2019
Оқылды: 1158
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында Кербұлақ ауданы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өткізілді. 

 

Аудандағы жалақылары төмен жұмыскерлердің еңбекақысын  42 500 теңгеге дейін көтеру бойынша мониторинг жасалды. Кербұлақ ауданы әкімдігі мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ақционерлік қоғам басшылары, жеке кәсіпкерлермен жұмыскерлер жалақысын көтеру және қызметкерлер санының төмендеуін болдырмау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.


Жалақыны арттыруға байланысты ұжымдық келісімшарттарға,  жұмыс берушінің актілеріне өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік мекемелер мен барлығы 2294 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам,  шаруа қожалығы, жеке кәсіпкерлік иелерінен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлер еңбекақысын 42 500 теңгеге дейін көтеретіні туралы мәлімет жиналып, облыстық еңбек инспекциясы басқармасына өткізіліп, жоспар 100 пайызға орындалды. Демек, жекеменшік секторда еңбек ететін 2552 адамның 2338-інің жалақысы көтерілді. Бұл мұнда жұмыс істейтін еңбеккерлердің 91,6 пайызын құрайды. Мұнымен қатар денсаулық сақтау саласы, білім, әскери бөлімдерде төмен жалақы алатын 879 қызметкердің еңбекақысы 42500 теңгеге жетті. Барлығы 3217 адамның жалақысы көтеріліп отыр.


Еңбек шарттарын электрондық форматқа көшіру, яғни «Еңбек KZ» порталы арқылы енгізу барысында аудан бойынша білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, әлеуметтік және мәдениет салаларынан 49 мекеме-ұжым, оның ішінде 3020 еңбек шарты енгізілді және бұл іс әлі де жалғасып жатыр. Жұмыс барысы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан бақылануда.

Алмаз  МАДЫҒАЛИЕВ, 
Кербұлақ аудандық 
жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы