АГРАРЛЫҚ ӨНІМ БАҒАЛАРЫ 25 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕЙДІ ДЕГЕН БОЛЖАМ БАР

Уақыты: 02.05.2020
Оқылды: 725
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар сүйемелдеу жүйесін құру бойынша мәселелер талқыланды. Елді мекендерді кеңжолақты интернетке қолжетімді қамтамасыз ету жағдайы да осы жиында қаралды.

Бірінші мәселе бойынша жобаны іске асыру жоспары туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ҚР Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдерінің хабарламалары тыңдалды. Белгілі болғандай, Қазақстан ұлттық тауар өткізу желісін – көтерме-тарату орталықтары кешенін құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтпек. Осыған ұқсас жүйелер дамыған елдерде сәтті жұмыс істеп тұр. Осы ретте Франция, Испания және басқа да мемлекеттердің тәжірибесі егжей-тегжейлі зерделенген.

Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін үш кезеңде іске асырылып, 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынбақ. Бұл шамамен 4,8 млн.тонна агроөнімді сақтауға және өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Жасалып жатқан инфрақұрылым жиналған көкөніс пен жеміс өнімдерінің толық сақталуын қамтамасыз етуге және шығынды азайтуға жол ашады. Нәтижесінде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді өз өндірісін ұлғайтуға ынталандырады. Бүгінгі таңда көкөніс пен жеміс қоймаларының тапшылығы 70 пайызды құрайды.

Биыл Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында 5 көтерме-тарату орталығы іске қосылады. Бұл қосымша 600 мың тонна ауылшаруашылығы өнімін сақтауға жол ашады.

Осыған байланысты облыс әкімі Амандық Баталовтың баяндамасы тыңдалды. Облыс басшысының айтуынша, аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 380 мың тонна еттің барлық түрі өндіріледі. Жетісу жерінде ауылшаруашылығы өнімінің өндірісі жыл сайын өсіп келеді. Осыған сәйкес, қазір мұндай ауқымды көлемді сақтау қуаты жетіспейді. Мәселен, аймақта көкөніс қоймаларының тапшылығы бар. Бұл жағдай бағаның өсуіне жол беруде.

Осы ретте аймақ басшысы сауда-логистикалық және инфрақұрылымды дамыту бойынша Үкімет қабылдаған шараларды қолдайтынын, ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесе отырып, облыста екі көтерме-тарату орталығын салу бойынша ұсынылған кестенің қаралғанын және бұл үшін Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласында жер учаскелерінің іріктеліп, таңдалған жер учаскелерінің теміржолға және үлкен магистралді Алматы – Өскемен республикалық трассасына жақын орналасқанын, барлық инженерлік-инфрақұрылымын салып беруге көмек көрсетілетінін, биылғы өнімдерді осы қоймаларға салу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Соңында Үкімет басшысы барлық аймақта дамыған көтерме-тарату орталықтары желісінің болуы маусым-аралық кезеңдегі азық-түлік тапшылығы мәселесін шешетінін, нарықта өнім жеткілікті болса, бағаның да өспейтінін атап өтті. Сонымен қатар, нақты құрылған тауарды өткізу желісі қажетсіз делдалдарды шектей отырып, цифрлық технологияларды енгізу арқылы әрбір кезеңде қосылатын бағаны бақылауға мүмкіндік бермек.

Асқар Ұзақбайұлы: «Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы мен жаңа тиімді сауда тетіктерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25 пайызға дейін төмендейді деп болжап отырмыз», – деді.

Аймақтардың әкімдіктеріне көтерме-тарату орталықтарына жер учаскелерін бөліп, оларға қажетті инфрақұрылымды жүргізу, сондай-ақ жаңа өндірістерді құруға жеке секторды тарту мен кеңейту мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Келесі кезекте елді мекендерді кеңжолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев, «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Жанболат Надыров, «Кар-Тел» ЖШС атқарушы директоры Евген Настрадин, сондай-ақ, тағы бірқатар облыс басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Қазақстанда интернетті белсенді пайдаланушылар қатары көбейіп келеді. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында желіні пайдаланушылардың үлесі 88 пайызға дейін, ал цифрлық сауаттылық деңгейі 83 пайызға жетеді. Бұл міндеттерді осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру 5163 ауылдық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуге жол ашады. Нәтижесінде ауылдарда 7,6 млн.-нан аса адам онлайн білім алуға, телемедицинаға, мемлекеттік қызметтерге, электрондық саудаға қол жеткізеді.

– Төтенше жағдай кезінде интернетпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Қазіргі жағдайда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды. Сондай-ақ, ол электрондық сауда, онлайн-оқу, электрондық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да салаларында маңызды құрал болып отыр, – деді Асқар Ұзақбайұлы.

Соңында Үкімет басшысы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп жос­пар­ланған елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақытылы іске асыру бойынша қажетті барлық шараны қабылдауды тапсырды. Әкімдіктерге антенналық-мачталық құрылыстар салуға және байланыс желісін тартуға жер бөлу, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу міндеттелді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы