Жауапкершіліктен қашқанмен мәселе шешілмейді

Уақыты: 01.02.2024
Оқылды: 554
Бөлім: САЯСАТ

Қай жерде де жауапкершілік қажет. Істелген іске де, айтылған сөзге де құзыреттілік болуы тиіс. Әйтпегенде қоғамның да, жекелеген адамның да мәселесі ушыға түседі. Ол азаймайды, есесіне көбейеді. Қандай қызмет тізгіндеген тұлға үшін жауапкершілік басты орында тұруы тиіс. Әсіресе, жоғары лауазымдылар үшін. Бірақ, сол жауапкершілікті арқалағаннан гөрі, алдына келген халықтың мәселесін шешудің орнына өзінен жоғары тұратын басшылықтың алдында ақтала түсуге бейім тұлғалар көп.

Аймақ басшысының «Ақталуға емес, тұрғындардың мәселесін шешуге жұмыс істеу керек» деп жиі айтатыны содан. Бірақ, әкім қанша ескертсе де еш нәтиже шығармайтындардың бары қынжылтады кейде. Бұған көзді анық жеткіздік. Сәрсенбіде облыс әкімі Б. Исабаев тұрғындарды қабылдап, толғандырған мәселелерін таразылаған еді. Көпті толғандырған істің дені осы жауапкершілік құзыретінің аздығынан туындағанын аңғартты.

Талдықорғандық көп ағайынның бас ауруы қазір – баспана. Оның ішінде баспана кезегі. Әр қоғамдық қабылдауда алдынан жиі шығатын сауал. Мәселен, 1954 жылдың тумасы С. Кашкенбаева 2005 жылы қыркүйек айында пәтер кезегіне тұрады. Өзі І топ мүгедегі. Содан бері екі мәрте кезектен шығып қалып, екі мәрте қайта кезекке қосылған. Не үшін? Жұмбақ болып кетті ме? С. Кашкенбаеваның да облыс әкімі қабылдауына келгендегі себебі сол Талдықорған қалалық әкімдік туындатқан жұмбаққа жауап табу. Тарқата айтсақ, 2005 жылы пәтер кезегіне тұрған қала тұрғыны алғаш рет 2018 жылы кезектен шығарылған. Оған себеп – С. Кашкенбаеваның әкесі дүниеден озып, 2014 жылы әкесінің үйі атына жазылады. Араға екі ай салып, қала тұрғыны мирастық шаңырағын бауырының атына аударады. Қазақстанның қолданыстағы заңына сәйкес пәтер кезегінде тұрған жанның атында жылжымайтын мүлік пайда болса автоматты түрде кезектен шығуы керек. Себебі, баспанаға мұқтаждық жоқ. Бірақ, жергілікті әкімдік әлсін-әлсін кезекте тұрғаны жөнінде хабарлама береді. Бір емес, 2018 жылға дейін. Сол жылы пәтерге қол жететін күн жақын қалды-ау деген С. Кашкенбаева кезектен шығып қалғанын біледі. Әдетте әділетсіздікке тап болған жұрт сотқа жүгінетін әдеті емес пе? Сот медиацияға жүгінуге жолдап, қалалық әкімдік кезекті қайта қалпына келтіруді өз міндетіне алады да 2022 жылы әу бастағы 2005 жылғы тізімге сай пәтер кезегінде 43-орынға жайғасады. Әңгіме мұнымен бітпейді, 2023 жылы азаматша пәтер кезегінен қайта түсіп қалады. Мұндайға қажымаған қала тұрғыны араға екі ай салып әлгі тізімге қайта енеді. Бірақ кезек – 6372-ші.

Облыс әкімінен мәселесін шешіп беруді өтінген С. Кашкенбаева әбден қажығанын да жеткізді. Б. Исабаев өз кезегінде қала әкімі Е. Бәзілге салаға жауапты мамандарын алдыруын тапсырды. Өйткені талдықорғандық әкім С. Кашкенбаеваның мәселесінен бейхабар болып шықты. Салаға жауапты маман келгенмен мәселенің ақ-қарасын ажырату мүмкін болмады. Облыс әкімі Б. Исабаев мәселе назарында боларын жеткізіп, толық зерделеуге, нүктесін қоюға қала әкіміне 1 тәулік уақыт берді.

Мұнан кейін әкім қабылдауында Н. Түйебаева болды. ІІ топ мүгедектігі бар баласының жайын айтқан қала тұрғыны мұндай қабылдауға бірнеше рет келген еді. Бұл жолы баласына Түркиядағы Medical park клиникасында ота жасауға көмектесуін сұрай келіпті. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысы А. Жансеңгіровке баланы А. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында қайта қаратып, ота жасату мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Тіпті Б. Исабаев мүмкін болса Түркиядағы елшіліктің көмегіне жүгінуге болатынын жеткізді.

«Ақжанел» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі А. Исаева көптен бері қала әкімдігінен мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру үшін орталық ашуға жер сұрап жүр екен. Аймақ басшысы құны 600 млн. теңгеге жуық қаржы болатын нысанға жерді тек конкурс арқылы ала алатынын жеткізді. Мұнан соң қабылдауға келген А. Найзабекова, Қ. Бектеміров, Л. Гаркуша, С. Жансеркенова, Р. Ғабитова баспана алу және пәтер кезегін алу мәселесін қаузай келіпті. Облыс әкімі Б. Исабаев тиісті мәселенің тек заң шеңберінде шешілетінін алға тартты. Қала әкіміне және құзырлы мекеме басшыларына баспана кезегі турасында халыққа түсіндірме жұмысын жүйелі жүргізуді, мәселелерді шешуге жұмыс істеуді тапсырды.

Дастанбек Садық
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай