ШАҒЫН АВТОБУСПЕН АДАМ ҚАҒЫП, ҚАШЫП КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 27.01.2021
Оқылды: 949
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында шағын автобус жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жүргінші жарақат салдарынан екі күннен кейін көз жұмды. Ал жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан ізін суытқан. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алайда Қарасай ауданының полицейлері жедел қимылдап, бір тәулік ішінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен және оқиға орнынан ізін суытқан жүргізушіні ұстап үлгерді.

Қарасай аудандық полициясының кезекші бөліміне Елтай ауылында анықталмаған көлік құралының жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Жәбірленуші ер адам ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген, онда екі күннен кейін алған жарақатынан қайтыс болған. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 2-бөлігі, 347-бабы бойынша тіркелді.

Алматы облысы полиция департаменті ЖПҚБ-нің іздестіру тобының полицейлері жеделдік нәтижесінде бір тәулік ішінде Қарасай ауданының 31 жастағы тұрғыны болып шыққан күдіктіні анықтап, ұстады. Ұсталған адамның үйінің ауласынан тәртіп сақшылары "Ниссан Ларго" автокөлігін тауып алды. Барлық дәлелдермен әшкереленген күдікті кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"