САЯЖАЙДА АТЫС ҚАРУЫН ҚОЛДАНҒАН ҚЫЛМЫСКЕР ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 29.01.2021
Оқылды: 800
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жарты жыл полицейлерден қашып жүрген Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданының тұрғыны Алматы облысында қолға түсті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылдың сәуір айында Алматы облысындағы саяжайлардың бірінде атыс болған. Осы фактіге сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 3 тармағы, яғни, «Атыс құралын қолдана отырып бұзақылық жасау» бойынша іс қозғалды.

Жедел тексеру, іздестіру шаралары барысында күдікті анықталды. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті аталған қылмысты жасағаннан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

2020 жылдың маусым айында 26 жастағы тұрғынға халықаралық іздеу жарияланды. Сот санкциясына сәйкес, күдікті ұсталғанда бірден қамауға алынуы керек болды.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы криминалдық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары күдіктіні тапты. Алты ай іздеуде жүрген азамат Қарасай ауданындағы алыс туыстарының үйінде жасырынған. Полиция күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан