САРҚАНДА ЖАРТЫ ҚАП ҚАНТ ҰРЛАҒАН ЕР АДАМ ҚЫЛМЫСЫН МОЙЫНДАДЫ

Уақыты: 13.04.2021
Оқылды: 1310
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сарқан қаласы тұрғынының өз туысының үйінен жарты қап қант ұрлағаны әшкере болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Сарқан ауданының полиция бөліміне арыз түсірген 49 жастағы әйел белгісіз біреудің үйіне ұрлыққа түсіп, жарты қап қантты қолды қылғанын айтқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашты. «Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1982 жылы туған ер адам ұсталды. Тексеру барысында оның зардап шегушіге жақын туыс екені анықталды. Күдікті қылмысын бірден мойындады. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу құпиялығына байланысты өзге ақпарат таратылмайды», - деді Сарқан аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Е.Сәмбеталинов.

Алдын ала тергеу барысында күдікті масаң күйде туысының үйіне келгені және үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, терезеден кірген ол сатуға оңай деп санағандықтан 25 кг қантты алып шыққан. Оңай тапқан олжасын өз танысына сатып, түскен қаржыны ішімдікке жұмсаған.

Күдікті сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша заңнамаға сәйкес міндеттемемен босатылды. Қолды болған азық тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Жақын арада іс материалдары сот органдарының қарауына жіберіліп, ол заңға қайшы әрекеті үшін өз жазасын алатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан