БІЛІКТІ ЗАҢГЕР ЕДІ

Уақыты: 17.06.2021
Оқылды: 1656
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Заң саласында, құқыққорғау жүйесінде істейтіндердің басым бөлігі басқа мамандық иелеріне қарағанда  суықтау, кейде тіпті қаталдау көрінетіні рас-ау. Бұл олардың қызметтік міндеттерінің  өте жауаптылығына, жұмыс ерекшелігіне байланысты болса керек. Дегенмен, марқұм Тұрдақын Тұтқышбаев жайында сөз қозғаған кезде оның бойындағы жұмысына деген үлкен жауапкершілік, мол парасат-пайымымен қоса жанының соншалықты нәзіктігін де айтар едік.

Иә, он жылға жуық Қарасай  мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы қызметін абыроймен атқарған бұл азамат өз міндетіне адал болып өтті. Сонау 1955 жылы дүниеге келген ол талабы таудай жастардың алдыңғы қатарында 1980 жылы Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) заң факультетін бітірді. 
Жас маман жұмыс ретімен алыстағы Шығыс Қазақстан облысынан бір-ақ шығады. Тұрдақын алдымен Зайсан аудандық прокуратурасында, одан соң Катонқарағай аудандық прокуратурасында тәжірибеден өтіп, прокурордың көмекшісі болды. Сөйтіп, заңгерлік еңбек жолын Алтай тауларының аясында бастап, өзіндік тәжірибе жинақтады. Ал, 1986 жылдан Алматы облысы, Жамбыл аудандық прокуратурасының кеңсе басшысы, прокуратура тергеушісі, прокурордың көмекшісі, аға көмекшісі лауазымдарында жұмыс істеп, ел-жұртқа біліктілігімен танылды.
Жалпы, өз ісіне тиянақты, білгір де білікті маманның жолы ашық болады ғой. Тұрдақын Әнуарбекұлы да аталған ауданда екі жылдан аса  прокурордың орынбасары, тергеуші  және адвокаттық қызметтерді атқарды. Сондай-ақ, 2006 жылдан бастап үш жыл Қарасай аудандық сотының судьясы болып, талай күрделі істің күрмеуін шешті.
2009 жылдың 1 қаңтарынан, жоғарыда айтқанымыздай, Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы  болды. Бұл жерде де ол тәжірибелі заңгер ретінде өзін жоғары деңгейде көрсете білді десек, артық айтқандық емес. Бұл туралы сол кезде бірге  қызмет еткен  әріптестері үлкен құрметпен жылы лебіздерін білдіреді.
Жасы  келгенде, 2018 жылдың желтоқсан айында зейнеткерлік демалысқа шығып, осынау ғаламатқа толы сырлы өмірдің тамаша шағының қуанышын көре бастағаны сол еді, аяқ астынан жабысқан соқырішек ауруы жолын кесті... Ота жасалды, бірақ, одан оңалмады. Сөйтіп, өткен жылғы маусым айында ардақты азаматтың жарық дүниедегі ғұмыр жолы  аяқталды.
– Мен Тұрекеңді 1987 жылдан бері білетінмін, – дейді кезінде Қарасай, Балқаш аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған заң саласының ардагері Жангелді Байғожаев. – Жамбыл аудандық сотына судья болып болып барғанымда ол прокуратурада істейді екен. Сонда жұмыс бабымен көп араластық. Кейін де қызмет жолымыз түйісіп жүрді. Өзі жүрегі де, қолы да таза, қарапайым, кішіпейіл азамат болатын. Ешкімге жалпаңдамайтын, жалтақтамайтын. Жұмысын заңға сәйкес адал атқарды, мұны көпшілік те, қызметтестері де  жақсы біледі. Қай уақытта да, қай мәселеде де өз пікірі, өзіндік ұстанымы болды.  
Бұл пікірді 2009 жылы ашылған Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына алғаш қызметке алынған, қазір осындағы судья Берікжан Байжүнісов былай деп жалғастырды: 
– Екеуміз осы жерде қызметтес болдық. Әріптесімнің тәжірибесі мол екені бірден байқалды. Байсалды, байыпты, әр істі барынша терең зерттеп барып қана өз шешімін айтатын. Шын мәнінде ақты ақ, қараны қара етіп шығаратын. Әлі де өмірде көретін игілігі көп еді, амал не, ажал құрығына мезгілсіз ілінді. 
Жаны жайсаң, абзал жанның жарқын бейнесі отбасының –  зайыбы Күләштің, қызы мен күйеубаласы Айжан мен Арманның, немерелері Аиша, Әбілмансұр мен Әбдінұрдың жадында мәңгілікке қалды.
Тұрдақын Әнуарбекұлымен қызметтес болып, мол тәжірибесін бөліскен шәкірттерінің кейбірі бүгінде республикалық заң орындарында қызмет атқарады. Ал, өзі Жұмасай Бердияров, Төлеген Досболдинов, Талап Калиекперовтен көп тәлім-тәрбие алыпты. 
Тұрекең білімді заң қызметкері, білікті құқыққорғаушы, қара қылды қақ жаратын судья, ақ сөйлеп, адал жүретін адам бола білді. Бұған дәлел ретінде 2014 жылы оның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталғанын, Алматы облыстық сотынан екі рет Құрмет грамотасын, Қарасай ауданы әкімдігінен Алғыс хаттарын алғанын айта аламыз. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Құрмет грамотасын алып, прокуратура саласындағы жемісті еңбегі бірнеше Алғыс хатпен және сыйлықтармен атап өтілді.
Мұндай білікті заңгер, асыл азамат есімінің ел есінде ұзақ сақталатыны анық. 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Қарасай ауданы