ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ДАМИДЫ

Уақыты: 25.06.2021
Оқылды: 1026
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Бектанов Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің отырысына қатысып қайтты.


Әскери саладағы көптарапты ынтымақтастық мәселелері қаралған отырысқа қатысушылар әлемдегі әскери-саяси ахуал мен оның ТМД елдеріне әсерін талдап, 2025 жылға дейінгі Әскери ынтымақтастық тұжырымдамасын жүзеге асыруға арналған шаралар тізімін талқылады. Бұл елдердің келешектегі өзара іс-қимылын айқындайды.

Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов тәжірибе алмасудың, ынтымақтастық негізінде әскери саладағы өзара іс-қимылдың бірлескен жүйелерін дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл дегеніңіз әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесі, мемлекеттік радиолокациялық танудың бірыңғай жүйесі, әскери авиацияның ұшу қауіпсіздігі мәселелері бойынша ақпарат алмасу жүйесі, ортақ байланыс жүйесі, радиациялық қауіпті жағдайды бақылау мен бағалаудың бірлескен жүйесі және өлшем бірлік жүйесі. Осыған арналған оқу-жаттығу биыл қыркүйек айында Қазақстан мен Ресейдің әскери полигондарында өтеді.

«Жауынгерлік бауырластық – 2021» бірлескен оқу-жаттығуын талқылау барысында қазақстандық тарап бүгінгі күні ТМД әуе шабуылына қарсы қорғаныстың бірлескен жүйесінің әскери ынтымақтастық аясындағы интеграциялық процестің ең маңызды жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, жиында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерінің COVID-19 таралуына қарсы күреске қатысу тәжірибесін жетілдіру мәселесі қозғалды. Қазақстанда бұл бөлімшелер әлеуметтік маңызы бар және карантиндік нысандарды, адамдар көп жиналатын орындарды, блок бекеттерді, Қарулы Күштер нысандарын, қалалардың және мемлекеттік әкімшілік нысандардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп, жаяу жүргіншілер аймақтары мен жол учаскелерін өңдеуге қатысты. Осыған орай әскери мамандар 2022 жылға жоспарланған бірлескен іс-шараларды, әуе-ғарыштық қорғаныс жүйесін құру саласындағы зерттеулерді және авиацияның ұшу қауіпсіздігінің жай-күйін талқылады.

Отырыс барысында қабылданған шешімдер ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалпы және ұлттық мүдделеріне сай көптарапты әскери ынтымақтастық жүйесін дамытуға бағытталатынын атап өткен жөн.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"