БАЛАБАҚШАДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ: АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ЖОЛЫН КЕСУ ШАРАЛАРЫ

Уақыты: 09.08.2021
Оқылды: 1366
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

Пара дегеніміз не? Бұл лауазымды тұлғаның басқа бір тұлғадан лауазымына қатысты көрсететін  қандай да бір қызмет түріне берілетін ақша немесе өзге затты алуы. Пара деп саналатын нәрселер: ақша, оның ішінде, валюта, банк түбіртектері мен құнды қағаздар, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған бұйымдар, автокөліктер, пәтерлер, саяжайлар мен қала сыртындағы үйлер, азық-түліктер, тұрмыстық техника мен аспаптар, өзге тауарлар,  жер учаскелері және өзге жылжымайтын мүлік. Сондай-ақ, емделу, жөндеу және құрылыс жұмыстары, санаторлық және туристік жолдамалар, шетелдік сапар, ойын-сауықтар мен басқа шығындарды  өтеусіз немесе  төмен бағамен төлеу де параға жатуы мүмкін.

Адамдардың көбі пара беру мен сыбайластықты қандай жағдай болса да өздері үшін пайдалы немесе зияны жоқ құбылыс ретінде қарастырады. Соңында бұл тек бәрі үшін жаман ғана емес, әр адам үшін қауіпті. Өйткені заң билігі әділ болмаса, ол кез келген адамды бүлдіруі мүмкін.

Жете түсініп көруге тырысайық. Барлығымыз да әртүрлі салық төлейміз. Алайда табыстың бір бөлігін мемлекетке бере отырып, біз оның әлеуметтік қызметті жүзеге асыруын қамтамасыз ететіндігін ескереміз: тегін білім алу, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды құру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Біздің балабақша ұжымында жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу бойынша қызметкерлермен жиналыс, пікірталас, дәріс өткізіліп тұрады. Шараларда арнайы дайындалған бейне­үзінділер көрсетіліп, буклет таратылып, сауалнама жүргізіледі. Сауалнама арқылы сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін негізгі себептер анықталады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу бір немесе бірнеше органның міндеті деп қабылдасақ, қателесеміз. Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіргенде ғана осы құбылысқа қарсы күрес жүргізе аламыз. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт екендігін  жете түсінуіміз  қажет.

Фарида ҚАЛДЫБЕКОВА,

«Балдәурен» балабақшасының нұсқаушысы

Қапшағай қаласы

Алматы облысы