АҒАСЫ ІНІСІН ҰРЫП ӨЛТІРГЕН: ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА АУЫР ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1365
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ескелді ауданында ағайынды арасындағы жанжал кісі өліміне әкеліп соқтырды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

"50 жастағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ескелді ауданының орталық ауруханасына көзге көрінетін дене жарақатынсыз, есі шыққан күйінде түскен. Ер адам ауыр жағдайға байланысты мең-зең болып, аты-жөнін айта алмай, не жағдай болғанын да түсіндіре алмады. Медициналық көмек көрсету үшін ол Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға ауыстырылды, ол есін жимастан ішкі миына қан құйылу салдарынан қайтыс болды", - деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінен.

Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-тармағы, "Кісі өліміне әкеліп соғатын ауыр дене жарақатын келтіру" бойынша тізімге енгізілді. Сондай-ақ, жәбірленуші ағасымен бір аулада көрші тұратыны хабарланды. Ағасы жанжал кезінде екі метрлік ағашпен інісінің басынан ұрған. Ұсталған 53 жастағы азамат қылмысын мойындады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"