ЕЛІМІЗДЕ "МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРА" ДЕП АТАЛАТЫН ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 05.11.2021
Оқылды: 1513
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік шекара» кітабын шығарды. Бұл туралы "Жетісу" газеті аталған комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Кітап өзінің қалтқысыз қызметі арқылы мемлекеттік шекараны күзету ісіне өлшеусіз үлес қосқан жасыл күнқағарлы жауынгерлерге арналады. «Мемлекеттік шекара» кітабындағы әңгімелер мен очерктер қатарына тәуелсіз Қазақстанның шекара қызметінің даңқты шежіресіндегі кейбір ғана айтулы деген оқиғалар кіре алды.

Мұнда шекараның алдамшы тыныштығы, әскерилердің тынымсыз күндері, әрбір қазақстандық үшін қасиетті саналатын ел шебін күзету кезіндегі бастарынан кешірген шиеленіске толы оқиғаларымен ерекшеленеді. Кітапты қолына алып, беттерін ашқан сәттен бастап, оқырман өзін кейіпкерлермен бірге ел шебінде жүргендей, біресе жаяу, бірде атпен, тағы бірде итпен бірге қару ұстап, тау асып, тас басқандай, су кешіп, теңіздің толқындарына қарсы жүзгендей әсерге бөленеді.

Шекарадан өткізуге қатаң тыйым салынған есірткі затын тасымалдаушыны құрықтап, таудың ішінде мал бағып, бұйығы тіршілік кешіп жатқан шопанның отбасын кепілге алған қылмыскерден тайсалмаған шекарашыны су да, өрт те қайтара алмайтынын «Мемлекеттік шекара» сыр қылып айтып береді.

Кітапты қолына алған шекарашы ардагер өзімен бірге қызмет атқарған қаруласымен қауышады, ал кіші буын шекарашыны жаңа ерлікке жетелейді.

Бұл кітап – қоғам дамуына үлес қоса алатын үлгілі еңбек. Әсіресе, өсіп келе жатқан жастарға тәуелсіз еліміздің тыныштығы шекарадан басталатынын үйрететін тамаша дүние. Өйткені шекара – Отанымыздың айнасы.

«Мемлекеттік шекара» кітабы - шекарашылар үшін ғана емес, әскери өмірден тысқары қарапайым адамдар үшін де оқылымды. Кітап жалпы оқырманға арналған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан