ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ІРІ ҚАЛАЛАРЫНДА ТЕГІН ЗАҢ КӨМЕГІ КӨРСЕТІЛЕДІ - АКЦИЯ

Уақыты: 08.09.2022
Оқылды: 1181
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Елімізде заң талаптарын білмегендіктен өз құқығын қорғай алмай жүрген азаматтар баршылық. Осыған орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары бірлесіп, Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» атты акция өткізеді.

Қыркүйек айының 16-сы күні жергілікті уақытпен сағат 16:00-де еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Петропавл, Орал, Қызылорда, Көкшетау, Талдықорған, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз, Қостанай, Павлодар, Семей, Қонаев сынды қалаларында басталатын акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету.

Яғни, кез келген азамат ең үздік заң өкілдерінен қажетті кеңесті тегін ала алады. Мамандардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа мамандық иелері бар.

Жалпы, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Халық заңгері» акциясына қарапайым қазақстандықтар алғыс білдіруде. Себебі, 2016-2019 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері құқықтық көмекке жүгінген 100 000-нан астам азаматқа кеңес берген.

Әрине, 2020 жылғы карантиндік шектеулер кезеңінде «Халық заңгері» тоқтатылған болатын. Биыл санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты әлеуметтік маңызы басым іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды. Өткізілген сәттен бастап бірден қажеттілігін көрсеткен «Халық заңгері» акциясын қарапайым тұрғындар тағатсыздана күтуде. Өйткені, ауқымы мен географиясы, форматының бірегейлігі бойынша әлемде баламасы жоқ акция еліміздің ірі-ірі қалаларында бір уақытта өткізіледі.

Ендеше, құрметті оқырман, өзіңізді толғандырған аса өзекті мәселелердің шешімін табу үшін «Халық заңгері» акциясына қатысып, азаматтық құқығыңыз бен кәсіби біліктігіңізді қорғайтын заң баптарын біліп шығыңыз.

Жетісу облысының жұртшылығы Талдықорған қаласы, Назарбаев көшесі 67 «б» мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығынан, Алматы облысының тұрғындары Қонаев қаласы, 4 ықшамаудандағы 64/1 мекенжайынан заңдық көмекті тегін ала алады.

Келіңіздер, көріңіздер, заңды біліңіздер!

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»