ТАЛДЫҚОРҒАНДА ИТ ТӨБЕЛЕСТІРГЕН ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ

Уақыты: 06.10.2022
Оқылды: 1236
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының полиция бөліміне шағымданған жан-жануарларды қорғаушылар жергілікті тұрғынның ит таластырып, оның бейнежазбасын әлеуметтік желілерге жүктейтінін атап көрсеткен. Осыған орай арнайы тексеру кезінде оқиғаның расымен орын алғаны Талдықорған қаласының 22 жастағы тұрғыны жүктеген бейнематериалдар дәлелдеді.

Заңбұзушылыққа қатысты түсініктеме берген Жетісу облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов:

– Құқық бұзушы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, қолданыстағы заңнамада көрсетілген айыппұл салынды. Жалпы, облыс аумағында жануарлар жекпе-жегін ұйымдастыру деректері анықталған жағдайда полиция қызметкерлері мұндай фактілердің жолын қатаң түрде кеседі, – деп мәселенің мәнін тарқатып өтті.

Еліміздің заңнамасына сәйкес Қазақстан аумағында жануарлардың жекпе-жегін, сондай-ақ,  жануарды мертіктіру немесе өзге де зиян келтіру не оның өліміне әкеп соғатын ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға тыйым салынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"