БРАКОНЬЕРЛЕРДІҢ 80 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫССЫЗДАР. ТӘРКІЛЕНГЕН БАЛЫҚ ҚАЙДА ЖІБЕРІЛЕДІ?

Уақыты: 11.07.2023
Оқылды: 897
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Браконьерлікке баратындардың 80%-ға жуығы жұмыстың жоқтығынан заңсыз әрекетке барады. Бұл туралы әкімшілік полиция комитеті табиғат қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы "ҚазАқпартқа" сілтеме жасап. 


«Балық браконьерлігі бойынша талдау жасалды. Басты себеп - азаматтардың экологиялық әдебінің төмендігі. Азаматтар оңай ақша табу жолында қоршаған ортаға қандай залал келетінін түсінбейді. Браконьерлікке екінші себеп - жұмыссыздық. Қылмыстық жауапқа тартылатын браконьерлердің 80%-ға жуығы - жұмыссыздар. Сонымен қатар заңсыз балық аулау әрекетімен күресу мақсатында құзырлы органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның бірі - қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгерістер енгізу жағы пысықталып жатыр», - деді Әлішер Жармағамбетов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің мәліметінше, жыл басынан бері Атырау, БҚО және Маңғыстау облысында жүргізілген рейдте 70 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.

 

«Атап айтқанда, 13 заңсыз балық аулау, 3 аңшылық, 54 сирек кездесетін және жойылуға жақын қалған аңдарды аулау фактісі анықталды. Нәтижесінде 1 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді ол.

Ал заңсыз ауланған балықты тәркілеген соң қайда жібереді? Бұл сұраққа Экология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов жауап берді.

«Мемлекеттік инспекторлар браконьерлік тәсілмен ауланған балықтарды тәркілейді. Ол балық сот шешіміне дейін арнайы ұйымға тапсырылады. Браконьерлік бойынша қылмыстық іс қозғалады. Іс аяқталып, сот шешімі шыққанға дейін балық сол ұйымда сақталады. Заңсыз ауланған балық көлемін мемлекет кірісіне тәркілеу не оның айналымы туралы сот шешімі шыққаннан кейін одан әрі іске сот орындаушылары кіріседі. Тәркіленген балық сатылады немесе жойылады», - деді Аян Бахиянов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

 

Министрлік өкілінің айтуынша, балықты сату және жою сот орындаушыларының құзырында.