Жолдағы қауіпсіздік: Талап тағы күшейтіле ме?

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 690
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы қаласы, Жамбыл, Алматы, Түркістан және Жетісу облыстары жол-көлік апатының жиілігі жағынан алдыңғы орында тұр. Негізгі себептің бірі – жолдар мен инфрақұрылымның жағдайы.

Статистика бойынша жол-көлік оқиғаларының 73%-ы елді мекендерде болып жатыр. Адам шығынымен болған апаттардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты. Бұл ретте, қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғалардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Жамбыл, Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында болған.

Реттелмейтін өткелдерде жол-көлік оқиғалары 5 есе жиі болады

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, биыл жол-көлік оқиғалары 13 пайызға, апат салдарынан жараланған адамдар саны 16 пайызға азайды.

«Реттелмейтін жол өткелдерінде зардаптары ауыр жол-көлік оқиғалары 5 есе жиі болады. Елімізде тек 250 жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өткелі бар. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында олар мүлдем жоқ. Қазір 1 мыңнан астам бағдаршам, 1,5 мың «кері санақ» таблосын, 25 мың жол белгісін орнатып, 1 млн шақырымнан астам жол таңбасын сызу қажет», - деді министрдің орынбасары.

Марат Қожаев сапасыз жолдың кесірінен апатқа ұшыраған жүргізушілердің кейбірі мемлекеттен келген шығынды өндіріп алғанын жеткізді. Жол-көлік оқиғасының себебі жолдың жағдайына қатысты екені дәлелденсе, соның кесірінен жүргізушіде апаттың алдын алуға мүмкіндік болмаса, сотқа азаматтық негізде шағым түсіре алады.

Атап айқанда, қала сыртындағы жолдардағы жағдай қиын. Бұл жолдарда ауыр апаттардың көпшілігі және адам шығынымен болған жағдайлардың 50%-ы болып жатады. Мұндай жол апаттары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарында жиі тіркелген.

«Кейінгі жылдары заманауи магистральдар салынып жатыр. Бұл өз кезегінде жолдағы қауіпсіздікке оңтайлы әсер етеді. Мәселен, 15 жыл бұрын жолда 4 мыңнан астам адам қайтыс болатын, қазір осы көрсеткіш 2 есеге азайды. Ал магистральдық жолдардың жекелеген учаскелерінде өлім-жітім 6 есеге азайды. «Астана-Щучинск» тас жолын бірінші санатқа ауыстырғаннан кейін, жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын адам шығыны жылына 75-тен 12-ге дейін төмендеді. Бұл жұмысты жалғастыру керек», - деді М. Қожаев.

Дегенмен, елімізде бірінші санаттағы, яғни 4 және одан да көп жолақтары бар жолдар тек 2 пайызды (148 мың км-ден 3 мың км) құрап отыр. Басым бөлігі ескі стандарттар бойынша салынған. Олар екі жолақты - ені 7 метрден аспайды. Негізі, 6 мың шақырымнан астам жолды екінші және үшінші санаттардан бірінші санатқа ауыстыруды қамтамасыз ету қажет.

Үлкен жолдарда «орташа жылдамдық» жүйесі іске қосыла ма?

Ішкі істер министрлігі кейінгі кезде заңнамаға «көліктің орташа жылдамдығы» түсінігін енгізіп, бұл жүйені үлкен тас жолдарда қолдану керек екенін жиі айтып жүр. Бүгін Үкімет отырысында да қала маңындағы жолдарда «орташа жылдамдықты» асырғаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылды.

Жақында, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар күре жолдарда рұқсат етілген жылдамдықты жариялаған болатын:

- I-а санатты автожолдарда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 140 шақырымнан, ал I-б санатты жолдарда сағатына 110 шақырымнан аспайды. Сонымен қатар, II және III санатты жолдарда рұқсат етілген жылдамдық 100 шақырым/сағ (егер басқа шектеулер болмаса).

Бұл тұрғыда, Көлік министрлігі жылдамдық режимі жиі бұзылатын жол учаскелерін атады. Көлік жүргізушілері жылдамдық режимін жиі бұзған 8 учаске анықталды. Олардың қатарында «Астана-Щучинск», «Щучинск-Көкшетау», «Астана-Павлодар», «Қонаев-Талдықорған», «Шымкент-Ташкент», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз» және «Тараз-Қайнар» жолдары бар.

Енді «орташа жылдамдық» жүйесіне тоқталсақ, биыл мамыр айында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңнамаға «көліктің орташа жылдамдығы» түсінігі енгізілуі мүмкін екенін айтты

«Қала сыртындағы автомобиль жолдарының учаскелерінде «көлік қозғалыстың орташа жылдамдығы» сияқты түсінік енгізілмек. Бұл жүйені қаланың ішінде қолдануға болмайды, бірақ автомагистральдің учаскелерінде бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Оның үстіне, елімізде ақылы жолдардың енгізілгенін ескерсек, қазірдің өзінде жолдың бойында көптеген камера бар. Егер олар бір жүйеге қосылса, сондай-ақ заңнамада тиісті норма болса, онда жолда жылдамдықты шамадан тыс асыру сияқты ереже бұзу деректерін анықтауға болады», - деді Игорь Лепеха.

Егер бұл жоба енгізілетін болса, ол тек үлкен тас жолдарда қолданылады, қала ішінде қолданылмайды. «Орташа жылдамдық» жүйесі бейнекамералар арқылы көліктің А нүктесінен Б нүктесіне дейін қанша уақытта жеткенін анықтайды. Кейін автокөліктің осы аралықта қандай жылдамдықпен жүргенін автоматты түрде есептеп, орташа жылдамдығын шығарады. Егер есептеу барысында жылдамдығы жоғары болғаны анықталса, онда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қазір жолдарда жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера бар. Олар барлық ереже бұзу деректерінің 50% тіркейді. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткізілді. Алайда, еліміздің аумағында олардың саны әлі де жеткіліксіз. Ұлытау мен Жетісуда жалпы 29 камерадан бар. Қостанай (128), Ақмола (126), Батыс Қазақстан (109), Қызылорда (97), Солтүстік Қазақстан (89) және Павлодар (74) облыстарында камера саны 150-ден аз.

«Такси жүргізушілер тасымал талаптарын көп бұзады»

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тағы бір проблема жолаушыларды заңсыз тасымалдаушыларға (индрайвер, яндекс такси қызметі) қатысты. Таксистер пайда табу үшін тоқтаусыз, ұйқысыз және демалыссыз қалалар арасында қатынайды. Жол қауіпсіздігі үшін бұл – қауіпті. Кейбір көліктер тозған, ұзақ жолға шыдамайды. Такси жүргізушілері адамдарды тасымалдауда жол ережелері талаптарын орындамайды. Осы орайда, министрлік заңсыз тасымалдайтын қалааралық такси жүргізушілеріне талапты күшейтпек.

«Интернет-агрегаторларды пайдаланатын жеке такси жүргізушілерін жолға шығар алдында медициналық және күнделікті автокөлікті тексеру, жылына 2 рет - техникалық байқаудан өту, сондай-ақ жүргізушінің рөлде 8 сағаттан артық отырмауын қарастыру керек», - деді М. Қожаев.

Кейінгі 5 жылда еліміздің автокөлік паркі төрттен бір бөлікке өскен. Бұл ретте, автокөліктердің жартысының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып отыр. Ведомство дерегінше, елімізде автокөліктің техникалық жағдайына тиісті бақылау қамтамасыз етілмей жатыр. Тексеру орталықтары «коммерциялық пайда» қағидатын бірінші орынға қойған. Жыл басынан бері көлігін жөндемей, қауіпсіздік талаптарын елемей жолға шыққан 7,5 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Осы мәселені ескере отырып, Ішкі істер министрлігі техникалық байқау станциясы операторларының жауапкершілігін күшейту керек екенін ұсынды.

Жалпы, биыл 8 айда 5,5 млн-нан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Соттар 9 мың жүргізушіні көлікті басқару куәлігінен айырды. 15 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 215 мыңнан астам жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.

«Бұл жағдайға автомектептерге қойылатын талаптардың төмендеуі және жүргізушілерді даярлау сапасының тиісті деңгейде болмауы ықпал етті. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі емтихандарды қабылдау Ережелеріне түзетулер енгізді. Енді емтихан тапсыру процесі онлайн трансляция арқылы бақыланады. «Автомектеп» ақпараттық жүйесінде оқып жүргендерді міндетті тіркеу нормасы енгізілді. Осылайша, тізімдерді түзету мүмкіндігі жойылды», - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары.

Айтпақшы, түзетулердің екінші пакеті әзірленді. Дайындық курстарын аяқтау туралы куәліктерді және медициналық анықтамаларды электронды нұсқаға көшіру жоспарланған.

«Көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен»

Жолдағы апаттарды азайту мәселесі бүгін Үкімет отырысында да сөз болды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов көлік руліндегі жүргізушілердің мәдениеті төмендігін тілге тиек етті. Қозғалыс қауіпсіздігін қадағалау тұрғысында кемшін тұстар барын алға тартты.

«Әлі де еліміздің күре жолдарында күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. Әр цифрдің артында қаншама жанның өмірі мен денсаулығы тұр. Өкінішке қарай, бізде көлік жүргізу мәдениеті мен тәртіп деңгейі төмен. Біз жолдағы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып келеміз. Соған қарамастан, полиция жолда көлікті мас күйінде басқарған және бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған мыңдаған жүргізушіні ұстап келеді. Әрине, мұндай заң бұзушыларға барынша қатаң шара қолдану керек. Жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін бақылау жүйесіндегі жағдай да мәз емес. Бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдарды толық пайдалану мүмкін болмай отыр. Кей жерлерде олар жетіспей жатса, кей жерде мүлдем жұмыс істемейді. Елді мекендердегі камералар санын көбейткен жөн, ал республикалық маңызы бар автожолдарда аппараттық-бағдарламалық кешендерді белсенді пайдалану керек», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Көлік министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жекеменшік таксидің, әсіресе қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

«Дәл осы тасымалдаушылар көбінесе жол жүру ережелерін елемейді және апаттық жағдайларға себепші болып жатыр. Сондай-ақ, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін әзірлеу қажет. Өңір әкімдіктері қауіпсіз жол инфрақұрылымын қамтамасыз ету, камералардың санын көбейту жөнінде қосымша шаралар қабылдауы тиіс», - деді Әлихан Смайылов.

Дереккөз: ҚазАқпарат 
Сурет: ғаламтордан алынды