Жетісу облысының полицейлері 240 келіден астам есірткі тәркіледі

Уақыты: 27.10.2023
Оқылды: 877
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысының полицейлері 240 келіден астам есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бері Жетісу облысының полицейлері есірткіге қатысты 142 құқық бұзушылықты анықтады. Заңсыз айналымнан 143 келіден астам гашиш, марихуана және синтетика тәркіленді. Есірткінің негізгі бөлігі маусым айының басынан бері жалғасып келе жатқан “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шара аясында тәркіленді. 

– Іс-шара барысында (соңғы төрт айда) полиция есірткінің заңсыз айналымына байланысты 70 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен айналысатын 11 есірткі сатушы мен 12 адам ұсталды. “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 240 келіден астам түрлі есірткі заттар тәркіленді, – деді облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Аян Исабеков.

Есірткіге қарсы күресушілер бүгінгі таңда еліміздегі ең өзекті мәселе есірткінің синтетикалық түрлерінің таралуы екенін атап өтті. Есірткі сатушылар интернет-кеңістігінде әртүрлі мобильді қосымшаларды қылмыстық мақсатта қолдана бастады, бұл оларды анықтауды қиындатады. 

– Біздің бөліністің қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтау бойынша мақсатты жедел шараларын жүргізіп жатыр. Ұйымдастырылған қылмыстық топтар, сондай-ақ облыс аумағына есірткі жеткізу арналары анықталады. Сонымен қатар осындай мәселелерде белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды тартуға тырысатын профилактикалық жұмыстарға аса көңіл бөлініп жатыр,  – деп атап өтті облыстық ЕҚІҚБ жедел уәкілі Меруерт Ысқақова.

Өңірде халықты, әсіресе жастарды салауатты өмір салтына шақыратын үгіт-насихат топтары құрылып, жұмыс жалғасып жатыр.

Фото: көрнекілікке алынды