Келешекке бастар жол

Уақыты: 14.02.2018
Оқылды: 1246
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстар жетерлік. Соның бірі де бірегейі – латын қарпіне көшу.

Өткен жылы 27 қазанда Мемлекет басшысы: «Қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Соған сай елімізде латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі бекітілді. Бұл күн тарих сахнасынан ойып тұрып орын алатынына еш күмәнім жоқ. Себебі, «Мәңгілік Ел» атану үшін бізге нақты қадамдар жасау шарт. Бұның артында үлкен саясат және үлкен экономика жатыр. Қазақстан ерте ме, кеш пе, заман ағымына байланысты бұл үдерісті басынан өткізу керек еді. Өйткені, түркі халықтарымен бірге болудың бір үлкен парасы – ортақ әліпбиде жүру. 
Қоғам өзгеріске дайын. Мұғалім ретінде өз оқушыларымның латын әліпбиін жетік білетініне сенімім мол. Көбінесе әлеуметтік желіде отыратын жастар латын әліпбиін жиі пайдаланады. Оның үстіне ана тілін білмеген азаматтар қатарымызға қосылып, бізбен бірге жетістікке жетуге ыңғайланады. Тіпті, өзге ұлттардың да қазақ тілін бір адамдай оқуға, зерделеуге деген сұранысын туғызуы ықтимал. Бізге керегі де сол.
Әлем мойындаған алпауыт ел болуымыз үшін тіл мүддесін жоғары қойғанымыз абзал. Біз латын әліпбиіне ауысқанда ғана алып державалармен иық тірестіре аламыз. Бұл бұлжымас заңдылық. Сондықтан болашаққа апарар жолдың ашық болуына жағдай жасайық. Латын әліпбиі – заман талабы әрі келешектің кемел көрінісі.

Светлана Исаева,
М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының оқытушысы