Зманауи кітапхана

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 3814
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Үшінші жаңғыру басталғанын тілге тиек етіп: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу», – деп айтты. Сондықтан осы бағдарламалар мен міндеттерді орындау әр адамның, әрбір ұжымның саналы түрде басты мақсатына айналуы тиіс.

Өткен ғасырдың 70-жылдарында академик В. Глушков: «ХХІ ғасыр компьютер ғасыры болады және компьютерде жұмыс істей алмаған адам XXI ғасырдың басындағы сауатсыз адамға теңеледі» деген болатын. Міне осы болжамның шындыққа айналғандығын бәріміз көріп жүрміз. Қазіргі таңда технология минут сайын жетіліп келеді. Сондықтан жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілеттілігін арттырғанда ғана табысқа жететіндігі ақиқат.
Бәсекеге қабілетті болу үшін әлемдік нарықтағы жетістіктердің жақсы жағын игере отырып, сапасы жағынан барлығынан артық өнім немесе қызмет түрін ұсыну болып табылады. Сондай жетістіктерге жету үшін ең бірінші жаңа инновациялық білімдерді меңгеру қажет. Соның ішінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерді білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар орын алуы тиіс.
Өздеріңізге белгілі 2017-2020 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жарияланды. Енді осы ілкімді жобаны дамыту уақыт талабына айналып отыр. Шыны керек, Елбасының осы қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Жамбыл аудандық кітапхана қызметкерлері оқырмандарға қолайлы жағдай туғызып келеді.
Биылдан бастап «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның кітапханалары – заманауи білім орталықтары» атты жаңа жоба қолға алынды.
Жоба аясында еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқаулары дайындалатын болады.
Адамзаттың рухани қазынасы – кітап. Кітап бетінде ұлы ұстаздардың кемеңгерлік ойлары, даналық сөздері, мәңгілік өсиеттері, адамзат баласының ұлағатты сөздері жазылып қалады. Сол арқылы біз өткенге көз жіберіп, құнды мәліметтер жинаймыз. Ал сол тарихтың асыл қазынасын жинап, сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін орын кітапхана.
Қазіргі кезде адамдардың талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапхананың алар орны ерек. Әрбірден соң оның ақпарат және мәдени орталық ретінде қадірі биік.
Жамбыл аудандық кітапханасының іргесі соғыстан кейінгі жылдары 900 кітап қорымен қаланған. 1974 жылы екі қабатты арнайы бейімделген кітапхана ғимараты пайдалануға берілді. Сол жылы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі құрылып, 61 кітапхана филиалдары жұмыс істеген. 1997 жылы оңтайландыру саясаты кезінде барлық кітапханалар жабылып, 34 кітапхана филиалы шаруа қожалықтарына қалған. Үлкен кітапханалар мектеп кітапханаларына қосылып, ауданда тек біреуі жұмыс істеді. 2008 жылы облыс әкімінің қолдауымен және кітап қорларының, материалдық базаның сақталуының арқасында 21 ауылдық кітапхана филиалы 42 штат бірлігімен және 190 мың кітап қорымен өз пайдаланушыларына есігін ашты.
2010 жылы қосымша 3 кітапхана филиалы жарыққа шықты. Қазіргі таңда аудан бойынша 1 аудандық, 24 ауылдық кітапхана 503 мың кітап қорымен өз оқырмандарына қызмет көрсетуде. Сондай-ақ заман талабына сай кітапхана сайты жұмыс істейді. 12 кітапханаға телефон желісі орнатылған.
Қазір ақпараттық технологияның заманы. Кітапханашылардың жұмысы баяғыдай оқуға алынған кітаптарды тізімге алып, қол қойдырып алумен бітпейді. Сондықтан заман көшіне ілесіп, қарқыннан қалмау үшін жаңаша жұмыс жасауда.
Кітапханалар SКҮРЕ /скайп/ бағдарламасы арқылы облыстық кітапханалармен бейнеконференцияларға қатысады. WORDHRESS.СОМ /Ворд прес ком/ бағдарламалар көмегімен буктрейлерлер, бейнесюжеттер тақырыптық-кітапханалық блогтар жасалынады. АDОВЕ РНОТOSНОР /фотошоп/ және РОWЕR РОINТ /повер пойнт/ бағдарламаларымен кітапханада фотошоп, іс-шараларға презентация әзірлеу жұмыстары атқарылады. Оқырмандармен әлеуметтік желілер – ВКОНТАКТЕ, ҒАСЕВООК арқылы тікелей жұмыс жүргізіледі. Әлеуметтік желі және сайттағы оқырмандар күннен-күнге артып келеді. Жалпы КАБИС бағдарламасына қордағы әдебиеттерді штрихкодтау бойынша бірнеше мың кітап енгізілді. КАБИС бағдарламасы 7 ауылдық кітапханаға орнатылған.
Аудандық кітапханаға пайдаланушылар КАБИС бағдарламасының «Оқырмандарды тіркеу» модулі арқылы тіркеледі. Бірыңғай тіркеу жүйесі бойынша пайдаланушының аты-жөні, туған жылы, тұрғылықты жері электронды формулярға тіркеліп, кітапхананың барлық бөлімдерінен қызмет түрлерін ала алады.
«ВоокSсап» /Букскан/ модулі арқылы аудандық кітапхананың қорындағы құнды және сирек кездесетін 65 кітап сандық таспаға көшірілген. Оның 10 данасы сирек кездесетін кітаптар. Осы электронды кітаптарды кітапхана пайдаланушылары кітапхананың жеке сайтынан оқи алады. Сонымен қатар, электронды таспалар оқырмандардың сұранысына қарай қолға беріледі.
Ақпараттық библиографиялық бөлімнің ең өзекті жұмысы – КАБИС бағдарламасының «Мақалалар картотекасы» модулі. Ақпараттық-библиографиялық бөлім 2010 жылдан бастап КАБИС бағдарламасымен толық жұмыс жасауда. Мақалалар картотекасының мақсаты баспасөз бетіндегі мақалаларды енгізе отырып оқырмандарға ұсыну. Жергілікті «Атамекен», облыстық «Жетісу», «Огни Алатау», «Алатау», республикалық «Егемен Қазақстан», «Президент және халық», «Айқын», «Заң», «Қазақстан заман» «Жас Алаш» сияқты газет беттерінде жарық көрген мақалалар «Өлкетану», «Билер», «Жерлес ақын-жазушылар», «Қоғам қайраткерлері», «Қазақстан – 2050» дерекқор мәліметтер базасына құйылады. Негізгі мақсат оқырмандарға әртүрлі тақырыптағы мәліметтерді электрондық каталог арқылы жеткізіп отыру.
Бүгінгі таңда кітапхананың дерекқор базасында библиографиялық жазбалар саны 2788 мыңнан асса, оның 1056 данасы толық мәтінді электронды ресурстар.
Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана мемлекеттік электронды кітапханалық қорының каталогына тегін кіру мүмкіндігін ұсынады. Сіз оқи отырып, бейнефильмдерді көруге, аудио файлдарды тыңдауға, авторлар рұқсат берген толық немесе ішінара көшірмелерді жүктеуге толық мәтінді кітаптарды пайдалана аласыз. Мұнда кітапты атауымен, авторымен, шығу мерзімі және басқа деректерге байланысты тауып алуға болады.
Айта кетейік, аудандық кітапханада оқырмандарға «Интернет залы» тегін қызмет көрсетеді.
Кітапханада алда істелетін жұмыстар жетерлік. Бүгінгі таңда аудандағы кітапханалардың барлығын жаңаша технологиялармен қамтамасыз ету уақыт күттірмейтін өзекті мәселе. Ауыл кітапханаларын интернет жүйесіне қосуды қолға алу керек, сонда ғана кітап қорын цифрландыру тез іске қосылады. Сонымен қатар, ауданда кітап қоры, өлкетану әдебиеттері көп болғандықтан «Элар План Скан» сканері ауадай қажет.
Заман талабына сай оқырмандарға өркениетті қызмет көрсету бізге міндет. Кітапханаларға берілген жаңа технологияларды кеңінен қолдану арқылы рухани байлыққа кенелеріміз анық. Сол себепті кітапхананы бүгінгі қоғамда қажетті ақпарат орталығы екендігін дәлелдеп, беделін көтеру – басты мақсатымыз.
 
Бибінұр Ибрайжанова,
Жамбыл аудандық 
кітапханасының директоры