Алтын жұлдызды ұстаз

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 2236
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, білімді ұрпақ тәрбиелеу бүгінгінің басты міндеті. Шәкіртінің намысты, білімді, туған елін, жерін, Отанын сүйетін, өнегелі, ұлтжанды, парасатты болып өсуі барша ұстаздың арманы. Қазіргі білімнің басты факторларының бірі – әскери патриоттық тәрбиеге орай түрлі кездесулер өткізіп, елге танымал жандардың ұлағатты өмірінен үлгі алу. Осыған орай Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Отан» орденінің, «Алтын жұлдыз» ерекше белгісінің және Ы. Алтынсарин медалінің иегері, профессор, академик Аягүл Миразова Шелек политехникалық колледжінің студенттерімен кездесіп, өз өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Кездесудің алғашқы бөлімінде колледжде оқытылатын 6 мамандық бойынша студенттер өздері жасаған жобаларын қазақ, орыс, ағылшын тілінде таныстырып, сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Жиынның екінші бөлімі «дөңгелек үстел» форматында жалғасып, ұстаздардың ұстазы, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Аягүл  Төреқызы туралы деректі фильм көрсетілді. Жиынды жүргізіп отырған колледж ұстазы Ләззат Нұрсейітова алғашқы сөзді колледж директоры Қуат Құрманғалиұлына берді. 62 жылдық тарихы бар колледждің тыныс-тіршілігін, ұстаздар мен студенттер жеткен жетістіктерді таныстырған колледж директоры құрметті қонаққа 92 ұстаз бен 370-тен астам студенттің атынан ризашылығын білдірді.
Одан соң сөз кезегін алған Аягүл Төреқызы:
– 2013  жылдан бері Әсет Көшербайұлы Еңбекшіқазақ ауданына шақырып жүрген еді. Міне, бүгін соның сәті түсіп, өздеріңізбен кездесіп отырмын, – деп жиынның маңыздылығына тоқталды. – Кездесу тақырыбын «Мамандықтың бәрі жақсы» деп алғандарыңыз өте дұрыс. Шындығында ұстаз бақыты шәкіртімен бірге қуана білу. Мен үшін ұстаздық – өмірімнің мәні, жемісі мен жеңісі. Жастарды оқыту, тәрбиелеу ісін жүргізудің шарттары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында кеңінен түсіндірілген. Осы мақаласында Елбасы Қазақстанды бейбітшілік пен достықтың үлгісіне айналдыру жолында нақты қадамдарды жасауды айтады. Ондағы: «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейді», «Күш білекте емес, білімде», – деген мемлекет басшысының сөзі білім бәсекесі қайнап тұрған қоғамға өте керек. Сондықтан да студенттеріңіздің үштілділік мәселесін шешудің жолын қарастырып жатқан бүгінгі қадамына риза болдым. Ғұлама әл-Фарабидің: «Ұстаз қызметінің мақсаты – балаға бақытқа жетудің жолын табуға көмектесу» деген сөзі бар. Сол айтқандай, осы жиынға қатысып отырған 70-тен астам студенттің өз ісін жетік білетін маман болатындығына көз жеткізіп отырмын.
Одан кейір сөз алған кітапхана қызметінің үздігі Жібек Абдрахманқызы жоғары оқу орнын бірге бітіріп, 51 жыл жұбы жазылмай бірге жүрген жан досы Аягүл Төреқызының институтта белсенді студент болғанын әңгімелеп, мұндай достықтың кейінгі ұрпаққа үлгі болғанына шүкіршілік ететінін жеткізді. Сондай-ақ, осындай өнегелі жүздесуді ұйымдастырып отырған колледж әкімшілігіне, кездесуге талмай шақырып, қуана қарсы алған замандасы Әсет Көшербайұлына, ұстаздар мен студенттерге разылығын білдірді.
Бұдан соң жиынға жиналған көпшілік өздерін толғандырған сұрақтарын Аягүл Төреқызы мен Жібек Абдрахманқызына қойып, мағыналы жауап алды. Жиында сөз алған Әсет Көшербайұлы, Изимжан Абдікәрімұлы 35 мыңнан астам халқы бар Шелек ауылы тұрғындарының атынан құрметті қонақтарға денсаулық, талмас қайрат, амандық тілейтіндерін жеткізді. Осыдан соң Аягүл Миразова «Алтын ұя мектебім» атты кітабын колледж кітапханасына табыстап, колледж директоры Қуат Дүйсебаевқа, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Әсет Алжанбайға, колледж директорының орынбасары Изимжан Абдрахмановқа «Алтын жұлдызды ұстаз» атты кітабын тарту етсе, осы жолдардың авторы мен әдіскер-мұғалім Нұргүл Едігеқызына арнайы әкелген ақ моншақты тағып, ақ тілегін арнады.
Бұдан соң құрметті қонақтар студенттер дайындаған шағын концертті тамашалап, естелік суретке түсті. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген халық даналығын ұстанған колледж ұстаздары қадірлі меймандарға сыйлық табыстап, оқу орнының атынан «Алғыс хат» тапсырды.

Жұлдыз Әбдіқадырова,
Шелек политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
аудандық мәслихат депутаты
Шелек ауылы,
Еңбекшіқазақ ауданы