МҰҚАЛИ БАҺАДҮР (Халықаралық "Мұқали" тарихи-танымдық экспедициясы сапардан оралды)

Уақыты: 29.07.2018
Оқылды: 1815
Бөлім: ТҮПСАНА

   Адамзатта жабайы жылқыны алдымен алқымдап, тұлпар тізгіндеген, темір қорытып, найза ұстаған айбатты бабаларының ерлік жолын аспандатқан Мұқали баһадүр Цзинь (шүржен) империясына қарсы соғыста данышпандық пен әскери тактиканың ерен үлгісін көрсетті. Шығыста да, Батыста да аяусыз аждаһаның көмейіне жұтылғалы тұрған киізтуырлықтыларды, исі түркі жұртын аман алып қалуға теңдессіз үлес қосқан жарқын да жасампаз тұлға. 
   Небәрі екі жылдың аумағында алып елдің астан-кестеңін шығарған толқынды күш Бейжіңді алып, тоғыз шашақты туды желбіретеді. Шыңғыс- ханның «енді сен менің атымнан Қытайды билеп, алынбаған қалаларды ала бер, мен өзім батысқа – Тұранға барам» деп кері оралатын шағы бұл! Сенімнің ұшар биігінен табыла білген ұлық әмірші қытайдың алпыс бес провинциясын бүркітше бүреді. Жауды етегінен түреді. Осынау айтулы жеңісімен ұлы досын құлағдар ету үшін жедел хабаршысын жөнелткені бар еді ғой. Ол кері оралғанда «хандардың ханы не деді?» деген сауалына: «Шыңғысхан үндеместен бас бармағын көрсетті», – деп жауап алғандағы  көңіл қуанышында шек жоқ еді-ау! «Мен Шыңғысханның жеңісі үшін барымды салдым, ештеңені аянбадым, бар күшімді сарқып бердім!» –  деп  мойнынан өлшеусіз жүк түскендігіне көзі жетіп, ағаш үйдің ішіне сыймаған ол сайыпқыран  сардарларымен сайран құра қырға шығып кеткен екен!

 
 
ЕЛШІЛІКТЕН БАСТАУ АЛҒАН ЕЛДІК ШАРУА 
 
   Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру»  мақаласынан арна тартқан бағдарлама аясында Алматы облысы әкімдігі басшылығының қолдауымен құрылған халықаралық «Мұқали» тарихи-танымдық экспедициясы мүшелерін  әуежайдан қарсы алған осындағы Қазақ елі елшілігінің өкілдері апталық сапарымыздың әр күнін айтасыз, әр сағатына дейін көрініс тапқан кестесін  алдымызға жайып тастады. Олай болса, ерте күнді кеш қылмай елшімізбен жүздеселік деп  шештік бәріміз. Көк туы аспанда желбіреген елшілік ғимаратына енгеннен еңсең көтеріліп, терезесі тең – азат елдің азаматы екендігің жан дүниеңді айдындандырып жібереді екен. ҚХР-да қызмет еткенінің өзіне он төрт жыл толуға шақ қалған Төтенше және өкілетті елшіміз Шахрат Нұрышев мырза Мұқали бабамыздың қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының мақтанышы екендігін, қытай халқының да  баһадүрімізді ерекше қастерлейтінін, соның белгісіндей кесене тұрғызылып, көңілдегідей күтімделіп отырғандығын тілге тиек ете келе, бабалар ізімен жалғасқан бұл сапардың да Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік және достық байланыстарды тереңдетудің бір тегершігіне  айналары сөзсіз, – деді. 
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің тұрақты түрде өтіп келе жатқан кездесулерінде де мәдени-гуманитарлық байланыстарға жете мән берілетіндігін атап өтті. Кездесу үстінде он жеті адамнан құралған экспедиция мүшелері де өз ой-пікірлерін кеңінен ортаға салды.
   Осы арада Мұқали бабамыздың жерленген жерін әлденеше жылдар мұғдарында аяғынан тоза жүріп іздеп тапқан, ханзулық деректерді арқау ете «Мұқали» атты тарихи роман жазған бауырымыз Ақбар Мәжитұлына айрықша алғыс білдіргіміз келеді. Бұған дейін 11, 12-ші кезекті мемлекеттік саяси кеңес мүшесі, қытай жазушылар журналының бас редакторы болған, қазіргі таңда Қытай кино-телевизия-сценария комитеті төрағасының орынбасар меңгерушісі, сондай-ақ қытай кино-сценария қоғамы төрағасының  орынбасары – заңды уәкілі қызметінде жүрген ол апта бойына өзімізбен бірге жүріп, сапарымыздың сәнін де, мәнін де кіргізді.
  Елшілікте бекітілген сапар кестесіне сай Бейжің мен Сиань қалаларындағы барша әлем жұртшылығы келіп тамашалайтын қытай қорғаны, «терракотты армия», жабық қала сынды орындарды да араладық. Ұмытылмас әсерге бөлендік, әйтсе де бұлар жайлы келесі бір әңгімемізде сыр шертсек дейміз.  
 
ҰЛЫҚ ӘМІР
 
   Асқан ақыл, айдынды айбынымен түп атасы Боданшардан тараған  туыстарының  бірсыпырасының басын біріктіріп үлгерген Шыңғысхан керейдің Тұғырыл ханымен бірлесе ежелгі жауы – татарларға қалың қолмен бет бұрушы еді ғой. Бұл шақыруға шатқаяқтай көнбеген қандас жүркіндіктерді қылықтарына сай қырып салып, қалғандарын алдыға сала айдап қайтқанында, арасында Мұқали да жүр еді. «Құпия шежіреде»: «...олардың ішінде Жалайырдың Төлегет байының ұлдары: Гүң сері (Күнқуар), Шұлуын қайшы, Зелме үшеуі бар болатын. Гүң-сері Мұқали мен Бұқа деген екі ұлын Шыңғыс ханға ертіп әкеп, бүй дейді:
Болсын құл –
Босағаңа ес.
Безсе бұл
Борбайын кес.
Еткей құл – 
Есігіңе ес.
Екі етсе бұл,
Езуін тіл! (70 б.)
Көп ұзамай-ақ тепсе темір үзіп, шаншыса жаудың желкесін тесетін Шыңғыс- ханның ең сенімді тоғыз өрлігінің қатарына іліккен ол:
Келген жауды жеңіп мен,
Керемет олжа табайын.
Келер жауды желіккен,
Қызыл қанға бояйын.
Қашқан жауды қаймыққан,
Қапысын тауып жояйын, – деп сұңқардай саңқылдап көкке өрлемеп пе еді! (81 б.)
   Содан былай ол Теміршінің үзеңгілес серігіне айналды. Өзінің інісі Бұқамен бірге Шыңғысхан Еке Моғол ұлысын біріктіре бастаған алғашқы жылдардан-ақ оған адал қызмет етті. Он төрт жасында табысқан досына өмірден өткенінше қырық жыл ғұмырын арнады. Моғолдардың дәстүрі бойынша ең құрметті саналатын әскердің сол қанатына (шығыс) басшылық жасады. Шыңғысханның бүкіл шығыстағы әскерінің иесі және оның Қытайдағы ұлық әмірі болды. Арда туған ақберен перзент антта тұрып, сөз жұтып, Шыңғыс ханның тарихта таңбаланған төрт күлігінің бірегейіне айналады. Қалған үшеуі – Бауыршы, Борағұл, Жылауқан еді. Тепсіне төртеуі атқа қонғанда жау үрпиіп, жер қуырылып сала беретін-ді. Түркілердің түбегейлі жұрты   Моғол үстіртіндегі киіз туырлықтыларды түгел біріктіру жорықтарында жойқын бейне көзге түскен ол 1206 жылғы үш тарап шекаралық әскер бөлісінде Шығыс беттегі сол қанат түмен нояны атанады. 
   Тегінде, Шыңғыс қағанды батыс бетке жасар жорығы көп толғандырады. Мәселе әскери күш-қуат, белгісіз іс-жоспарларға тірелмейді, қинайтыны – өзінің Батысқа жасар сапарымен әлден құлақтанып, сағы сына бастаған солтүстік Қытайдағы сарбаздарды кімге сеніп тапсыру жайы еді. Батылдық, әскери шеберліктен бұрын басы кесілгелі тұрса да аманаттан айнымас, сертке тұрар кім бар-ау! «Оу, Мұқали ше! Мұқалидан асар кімім бар?! Аяқасты айбарлана келген бұл байламы буырқана бойын кернеп, көңілін көктем аттырып  жіберген-ді! 
Дұшпан-жауды жер еткен,
Дүние-мүлікке кенелткен,
Келген жауды кері атқан,
Қашқан жауды кесе атқан,
Шапқан аттың құйрығын
Шаңқан шаңға көмілткен,
Мінген аттың жалынан
Мерейлі сәуле төгілткен,
Жарты жібін қалдырмай,
Жаудан кекті әперген,
Сынық ине тастамай,
Сыпырып бәрін әкелген,
Жұлдызды жалайыр, Мұқылайым! – деп алғаусыз ризашылығын  сан мәрте білдіргені мәлім бұдан соңғы кезеңдерде. 
(«Моңғолдың құпия шежіресі» 86 б.)
   Шыңғыс қаған және оның айналасын індете зерттеген Мұхтар Мағауин ағамыздың пікіріне ден қоялық: «Мұқалы – жалайырдың беделді батыры және Шыңғыс- ханның әйгілі қолбасшыларының бірі. 1170 жылы дүниеге келіп,1223 қайтыс болған. 1206 жылы құрылтайда Шыңғысхан өз мемлекетінің шаңырағын көтеріп, қоластындағы елін тоқсан бес мыңдыққа бөледі. Сонда Мұқалы бірінші мыңдықтың басқарушысы болып тағайындалады. Сондай-ақ, Шыңғысханның ең мықты тоғыз қолбасшысының ішіндегі төресі де осы Мұқалы болды. 1215 жылғы, Пекинді алған шешуші жеңістен соң Шыңғысхан Мұқалы-ноянды бас қолбасы әрі ұлық әмір ретінде Шүржен шегінде қалдырады».
   Ұлық әмір Мұқали 1223 жылы сәуірде Шаньсиге кезекті бір шабуыл жасау үстінде созылмалы сырқат салдарынан өмірден өтеді. Шыңғысхан Мұқалидың орнына оның үлкен ұлы Болатты бекітіпті. Болат та 1228 жылы шүршендермен шайқас барысында қаза табады. 
   Мұқали патшаның Шыңғысхан аманатын қалай орындағаны кешегі кеңестік кезеңде де мойындалған-ды. Қазақ Совет энциклопедиясында: «Мұқалы Куянг (Мұқали-Куняк, Мұқыли,  Мұхалидай (туып-өскен жері белгісіз) – XIII  ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген әмір, Шыңғысхан әскерінің үш ірі қолбасшысының, моңғол империясындағы тоғыз сайд, орлуктерінің (орлук – құрметті атақ) бірі. Мұқалы Гауин Жалайыр тайпасынан шыққан. Әкесі Гао (шын аты Күнқуар) Жалайыр оны басқа балаларымен (Хұлыққор, Шіреген, Бұқа, Тайсұн)  бірге Шыңғысханға қызметке берген» деген анықтама бедерленген.
Ұлы қаған бөгде пендеге сездірмеген небір құпия сырлары мен  бастамаларын Мұқалиға ғана білдіріп, ақылдасып отырған көрінеді. Хандық тағына көтерілгенде: «Күн-Ұға бабаң аян беріп, айтқаның келді»,  деп мәз-мейрам болуының өзі осыны айғақтайды. Иә, Күн-Ұға абыздың  ұрқы тегіне тартпай тұрмады. Қытайдағы ұлық әмірші атанды. Ұлы қолбасшылық дәрежеге көтерілді.
 
"МҰҚАЛИ - ҚАЗАҚТАРДЫҢ АТА-БАБАСЫ"
 
 
   Расын айтсақ, экспедициямыздың темірқазық мақсаты – Мұқали баһадүрдің басына баруға аспан асты еліне келгеннен асықтық. Алты жүз мыңнан астам тұрғыны бар ауқымды қала құшақ жая қарсы алды. Келбетті қонақ үйге орналаса салысымен жол бастаушыларымызбен қалалық билік үйіне бағыт алдық. Юлинь қаласының күтіп отырған басшысы Ли Шин Лин мырза нөкерлерімен қуана қабылдады. Аудармашымыз – ханзу тілін ханзулардан артық білмесе, кем білмейтін Ақбар бауырымыз. Төрдегі құрметті орынға Лин мырзамен бірге делегациямызды бастап келген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлы Алпысбаев жайғасты. Қонақжайлық пейілмен жадырап отырған қала басшысы Ли Шин Лин мырза былайша толғанды:
– Мұқали – қазақтардың ата-бабасы. Біздің еліміздің біртұтас, іргелі мемлекет болуына атсалысқан айтулы тұлға. Құрмет тұтамыз.  Қазақстаннан арнайы делегация келгендігін құптаймыз. Бұл екі ел арасындағы ежелден келе жатқан достығымызды нығайтады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бірлесе өмірге әкелген көптеген бастамаларының үдесінен де шығады бұл сапарларыңыз. Бізге «Бір жол, бір белдеу» жобасы ұнайды. Сауда-экономикалық байланыстарымыз соңғы жылдары тіптен ұлғайды. Жібек жолы экономикалық белдеуі бабаларымыздың асқақ армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Өз басыма келсек, гүлденген Алматы және Ташкент қалаларын көруді бұрыннан армандап жүр едім. Енді соның мүмкіндігі туады деп есептеймін. Қарсы болмасаңыздар, Юлинь және Талдықорған  қалаларын бауырлас қалалар жасау туралы меморандум әзірлесек деймін.
Өз кезегінде Рустам Әлиұлы:
– Жылы қарсы алғандықтарыңызға ризалық білдіреміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің екі ел арасындағы достық, сауда-экономикалық байланыстарын халқымыз қолдап отыр. Түрлі салада тындырылып жатқан шаруалардың қазіргі жемістері де атап айтарлықтай. Халықаралық «Мұқали» тарихи-танымдық экспедициясының жұмыс сапары да өзара байланысымыздың беки түсуіне ықпал етеді деп есептеймін. Біздің осы сапарымызға қолдау білдіріп, қамқорлық көрсеткен Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа экспедиция мүшелері атынан алғысымызды айтамыз. Облысымыз туралы хабардар етер болсақ, еліміздегі ең іргелі ауылшаруашылықты аймақ. Өнеркәсібіміз де өрлеп келеді. Шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлінуде. Құрылыс қарқынының арқасында жыл өткен сайын  тұрғызылған тұрғын үй, мектеп, аурухана, өзге де әлеуметтік салаға тән нысандардың саны арта түсуде. 
Дәл осы арада Ли Шин Лин мырза да аймақты замана талабына сай дамытып отырған облыс басшылығына өздерінің ризашылығын жеткізуді сұрады. Сөйтті де, өзі басқарып отырған әдемі шаһар жайлы жан-жақты хабардар етті. Бұл мекен Шаньси өлкесінің ең солтүстік бөлігіне орналасыпты. Қаланың құрамына 2 аудан, бір қала және  9 уезд енеді екен. Мемлекеттік кеңес тарихи-мәдени мұра тұрғысынан аталмыш қаланы ел бойынша екінші орынға бекітіпті. Шежіресі бай. Экономикалық қуаты да қауқарлы. Көмір, мұнай, газ, тұз өндіруде ел бойынша алдыңғы орындардың бірінде тұр. Оның үстіне мұндағы электр қуатының      80 пайызының күн және жел күшімен алынатындығы бізді тәнті етті.
Делегациямыздың  құрметіне Мәдениет сарайында арнайы концерт берілді. Бұдан соң өнер мұражайын, тарихи орындарды араладық. Бәрін ағылшын тілінде түсіндіретін қызметкерлердің сөзін ағылшынша судай ағатын басшымыз Рустам Әлиұлы жедел тәржімалап тұрды. Ал, жалпы Алматыдан ұшаққа мінгеннен экспедициямыздың мүшесі, қытай тілінің бесаспап маманы Жанәділ  Дүйсебаев ініміз еш жерде бізді кідірткен де, мүдірткен де жоқ. Кешкілік қала басшысы ақ дастарқанға шақырды.
 
ГЕНЕРАЛИССИМУС
 
   Мұқали дүние есігін ашқанында үйдің ішін ақ тұман торлап, біразға дейін сейілмей қойған екен. Сонда бақсылар мұны шарана аман болса, дәуір дөңгелегінде  жұлдыздай жарқырап шығарына жорыпты. Айтары не, жолбарыс жон, бидай өң, қияқ мұртты, батыл да парасатты, шешен де мерген күйде ержетіпті!
Мұқалидың әкесі Күнқуар да өзінің Шыңғысханмен туыс екендігін және оның қарамағында қызмет еткендігін үнемі мақтан тұтып отырған. «Асыл адам айнымас», демекші, сол ұстанымында тұрып, кезекті  бір шайқас үстінде аты мертіккен Шыңғысханға атын беріп, өзі атыс үстінде қаза тапқан!
   Ұлы қағанның ес білгелі жүрегінің түбіне беріштей қатқан дүние – арғы атасы Әмбағайды шүржендердің азаптап өлтіргендігі еді. Өзінің үшінші атасы Қабыл ханның алты ұлы болған екен. Тұңғышы Өкім Тарханды татарлар қытайдың Алтан ханына ұстап беріп, ағаш есекке байлап, азаптап өлтіртеді. Әмбағайды да тура осындай жолмен жазалайды. Оның: «Түбінде менің ұрпағым сендерден кек алмай қоймайды» деген аманаты Теміршіні қаршадай күйінен қатты толғандыратын, есіне оралса, жегені желім, ішкені іріңге айналар еді. Кіндігінен өрген өз ұрпақтары қайтара алмаған осынау қанды кекті Мұқалидың қайтаруы Шыңғысханды айтып жеткізгісіз риза күйге бөлейді.
   1221 жылы Бейжіңде Мұқалимен жүздескен оңтүстіксундік елші Чжао Хунның былай деп жазғаны бар: «Ол – қара татар. Соңғы он жыл көлемінде шығыс пен батысқа жазалау жорықтарын жасап, варварлар мен қытайлықтарды қорқытып, есінен тандыруда. Жорықтар мен әскерилерге тән барлық маңызды мәселелерді жеке-дара шешеді. Сондықтан да оны императордың міндетін уақытша атқарушы деп есептейді. ...Сымбаты көз тартады, төбесіндегі айдарды (текті әулеттерге тән авт.) өзге татарлар секілді қырып тастауды қаламайды, тек басына орамалды  шарт байлап алады, тар жейде киеді және түрлі елдердің тілінде сөйлей алады». («Мэн-да бэй-лу»).
   Ұлы қаған Мұқалиды жанындай жақсы көрген. Жақсы көруді айтасыз, туған бауыр, кіндік балаларынан артық көрмесе, кем бағаламаған. Әсіресе, таңғұттармен кескілескен шайқас үстінде аяқастынан тамағынан қатты жараланып қалғанында өз денесімен жаудың жаудырған садақ жебелерінен қызғыштай қорғай алып шығуын тамсана жиі айтып отырады екен. Жамұқаның бір түменіне айырбастауға қимаған жампоз Мұқалиы ғой!
   Сол бір  қысталаң жылдар аязы арқаны қарып жүрген тұстың өзінде Теміршінің Көк тәңірі пәрменімен түбінде жер-көкті билейтіндігін жорамалдай білген де осы Мұқали жандосы  еді.
Шыңғысханның өзі  1217 жылы тамыз айында  Қытайға қатысты билік лауазымына жарлық түсіріп,  ант беру бумасына алтын әріппен: “Гоуандық мәртебесі үрім-бұтағына дейін жалғассын, замандар бойы өзгермесін”, – деп жаздырғаны, бұған қоса  хан күймесіне арналған тоғыз өрлік туын тарту етіп, шербасыларына: “Мұқали бұл туды көтеріп жарлық шашқанда, құдды мен жарлық шашып тұрғандай болыңдар”, – деп нұрлана кесіп-пішуі адамзат атаулыға тән сенім құдіретінің биік шыңы еді.
   Кейін, Шыңғысхан батыс өңірінен қайтып келіп, Фыңчяуға өзі шабуыл жасағанда, шербасыларына: Мұқалы әлі тірі болса, мен бұл жерге өз қолыммен келмес едім-ау” – дегенінен-ақ зерделі оқырман  көп нәрсені аңғарса керек. 
   Рулық, тайпалық құрылымында күн кешкен бабаларымыз әу бастан ағайындықты ту ете көтере білген. Айталық, Иесуге  батыр Есукей ханның елдің төбе биі дәрежесіне көтеріле білген қимас досы. Ал ұстаздық билік Шыңғысхан тұсында Саба ноянға (Қадырғали Жалайырдың арғы атасы) өткен. Меркіт қолына түскен Бөртені замандасы Тұғырыл ханның қолынан аман-есен алып қайтқан да осы Саба еді. Қысқасы, Шыңғысханның батыл да шешен, көсем де көреген тоғыз өрлігінің бәрі дерлік өзінің ет жақындарынан құралған!
   Өзіне төтенше жүктелген Қаған бұйрығының қалтқысыз орындаларына көзі жете тұра Мұқылай әу бастағы  туабітті табиғатына тартып, жаудың қарасынан жақтасты көре білуге ұмтылды. Қарамағына бекітілген бар-жоғы он үш мың сарбазбен қарсы беттің бір миллион күшіне айбаттана қарсы шапқан ол цзиньдіктер (шүржендер) ортасындағы ежелден оты өшпей келе жатқан сеператизмді (жікшілдік) оңтайлы пайдалана білді.  Жүректеріне жол тапты. Жарық дүниені қымбат санаған жау қолбасшылары қалың қолымен аяғына жығылды. Цзиньдегі қытай, қидан-шүршіттер  арасындағы ірі әскери күш осылайша Мұқалидың қатарын толқындай толтырып жатты. Қытайланған түріктер болып саналатын оңғыттардың өзі он мың қолымен бері өтті. Міне, Тәңірдің өзінің алқауы арқасында  дәл осылай миллиондаған жау күшін  аз қолмен-ақ сындырудың сәті оңынан келе берген еді. 
   Әдетте, генералиссимус – әскерді басқару қабілеті, сіңірген еңбегімен қатар Отанға деген шексіз махаббаты мен көзсіз батырлығы ерекше ескерілер әскерилер алатын жоғары атақ.  Осынау атақты көк Тәңірі алқауымен жер-жаһанды ғасырлар бойына жұдырығында ұстап келген түркілерге шекеден қарар еуропалықтардың көпке дейін қимай келгендігі рас. Әйтсе де, ақиқаттан асқан төреші жоқтығына енді көзіміз жетіп отыр. Бұған да мың шүкір... Француздық тарихшы К. Д’ Оссон өзінің «Шыңғысханнан Темірланға дейін» (1935 ж.) деп аталар беделді кітабында Қытайдағы соғыс турасында былайша қалам тербейді: «1220 жылы моғолдық генералиссимус Мұқали Шаньсиді бағындырып жатқан шақта сондағы қолбасшы Шитян-ни жауланған елдердегі әскердің аса қатал әрекеттерін батылы жете айтып қалады. Тумысынан мейірімді Мұқали бұл ақиқатқа ден қойып, дереу тонаушылықты тоқтатып, тұтқындарды босатуға жарлық береді». Жалпы бұл шығарманың өне бойында автор жүрек жұтқан батырымызды әлденеше рет генералиссимус деп атап өтеді.
Ұлы Моғол империясының ғана емес, мұқым түркі әлемінің айтулы қолбасыларының қатырынан жарқырай көрінген Шыңғысханның сенімді серігі, генералиссимус (Д’ Оссон),  маршал (Сайшиял)  Мұқалидың өзіне ғана тән әскери стратегиясы мен тактикасы, ұрыс даласындағы шапшаңдығы, қаланы шегендей қоршауы, жаудың басым күшінің бетін ә дегеннен қайтарып тастауы мен әкімшілік қызметтегі ерекшеліктері бүгінде барша адамзаттың игілігіне айналып отыр.
   Жалпы көшпенділердің әскери тактикасы мен күш-жігері ежелден ешкімге дес бермеген. Шыңғыс қағанның сарбаздары бұл ретте асып түспесе, кем соққан жоқ. Темірдей тәртіптің арқасында жеңіліс таппаған олар жаһан тарихында айрықша дәріптелді. Кезінде олардың осындай ерекшеліктерін біліп келуге  әдейі жіберілген рим папасының оқымысты монахы Плано Карпини: «...Олар реті келсе, шайқасқа бірден кіріспейді, әдепкіде садақтарымен ат пен адамдарды жаралап, өлтіруге тырысады, осылайша әбден әлсіретіп барып шешуші ұрысты бастайды», – деп жағасын ұстай ескерту жасаған. Енді бұл пікірге армяндық ханзада Гайтонның 1307 жылғы: «Бұлармен ұрысқа кірісу өте қауіпті, себебі елеусіз бір бетпе-бет келгеннің өзінде үлкен шайқастардағыдай өлім-жітім тау боп қалады», – деген пікірін жанастырыңыз.
Мұқалидің мергендігі мен өлшеусіз күші замандастарын қашанда тәнті етер еді. Үш жасынан атқа шауып, садақ көздеген ол қою қара түннің өзінде отты қарудан оқ жаудырғандай дәрежеге жеткен. Оның садағының серпіні 150-200 келіге тең келген. Ал жалпы моғолдық сарбаздардікі орташа есеппен 75 келі деп табылса, шүржендердікі 46, европалықтардікі 34-тен аспаған.  Мұқали болса, 200 метрден ат өлтіріп, оқтың ұзақтығын 600 метрден асырған! Бір минуттың ішінде 10-12 жебені нысанаға дөп тигізе білген. Мұны енді жиырмасыншы ғасырда пайда болған автоматты қарудың арғы атасы демеске ләжіңіз жоқ!
Дәл осы арада ҚР ҰҒА Құрметті академигі, тарихшы  Тілеуберді Әбенайұлы  «Алашахан – Шыңғысхан және Тұран – Түркістан» атты мақаласында (республикалық «Педагогика және медицина» газеті,  27 шілде, 2018 ж.): «Үйән тарихын- да»           Шыңғысхан мен жалайыр Мұқалы ұлысбегінің жақын туыс деп анық жазылғандығын           бөлімі) айта келіп, ұлы қағанның  өзімен қатар қоятын, айрықша бағалайтын екі адамы болған: соның бірі жалайыр Мұқалы тайшы болса, екіншісі өз ұлы, осы – Жошы хан еді. Әйгілі Мұқалы ұлысбегі садақ тартқанда адырнаға 150 – 200 кг. күш түсіреді екен. Демек, Мұқалы тәнін ғана емес, жанын да қуат кернеген, миын парасат, көкірегін ізгілік нұрландырған ірі мемлекет қайраткері еді. Мұқалы мемлекет тұтастығын сақтауды мұрат тұтудай, патшаға адал, халыққа қамқор болудай ұлтжанды қасиеттерімен болашаққа өшпес өнеге қалдырып кеткен теңдессіз кемеңгер тұлға», – деп біздің де пікірімізді  шегелей түскендігін айта кетелік.
   Телегет байдың баласы Күнқуардың  талантымен адамзатты тамсантар асып та, тасып та туған асыл перзенті Мұқалидың әдепкіде  жан досы Шыңғысханның бірінші түменінің тізгінін ұстап, әскерінің сол қанатын (түркілерде ең негізгі) басқарып, тоғыз өрліктің сөз ұстарына айналғаны аян! Кейінгі жерде  Бейжіңнің төрінде тоғыз шашақты Ту желбіретіп, Кореяны тізе бүктірген ерлігі тасқа қашалған! Исі түркіден тұңғыш шыққан генералиссимус!
   Ірі тайпаларды бағындырып, бір орталыққа біріктіргеннен кейін Шыңғысхан Солтүстік Қытайды жаулап алуға кіріскенін айттық. Моғол-түрік әскерлерін  бастаған Мұқали  бірнеше жорықтардан соң  (1205, 1207, 1209) Си-ся әулеттері басқарған танғұт патшалығын тізе бүктірді. 1211 жылы Чжили мен Шансиді басып алды. Кин әулетінен шыққан патша Ву-Ту-Лу  1214 жылы жеңілгенін мойындап, Шыңғысханға алым-салық төлеп тұрды. Көп ұзамай соғыс қайта басталып, 1215 жылы Мұқалидың қалың қолы  Пекинді (Қанбалықты) басып алды. Сөйтіп, 1217 жылы Солтүстік Қытай түгел бағындырылды. 1217 жылы тамызда Шыңғысхан Мұқалиды Солтүстік Қытайдағы нәмеңгері етіп тағайындап, оған гуйонг (мемлекет князі), чинг-санг (министр), тайша (ұлы бас идіруші)  атағын берді және оның інісі Бұқаны торғауыттардың мыңбегі етіп тағайындады.
Мұқали Қытайға қарсы жорықты жалғастырып,1218 жылы Таңюаньды, Чжилиді және Шандунның бір бөлігін (1220-26 ж.ж.), ал 1222 жылы киндерден Синьян мен Шансиді басып алды. Шыңғыс қағанның өзі сыйлаған  туы мен эмблемасы (Қара ай) өшпес ерліктің өлшемін айғақтаса керек.
 
"БЕС АТАМНАН БЕРМЕН ШЫРАҚШЫМЫЗ"
 
   Жүрегіміз аттай тулайды. Юлинь шаһарынан қырық шақырымдай жердегі Мұқали бабамыздың зиратына беттеп келеміз. «Бабамыздың мәңгілік мекенінен бір уыс топырақ алып қайтайық», – деп қояды алдыға жіті көз тігіп отырған Наурыз Қылышбаев ағамыз. «Шекарадан сол топырағымызды өткізе қояр ма екен?» – деп  Нұрғали Нүсіпжанов пен Ырым Кененбаев ағаларымыз үркітіп те қойды бәрімізді әзіл-шыны аралас. Алдын ала айтып қояйын, сол бір уыс топырақты құтыға салып, елге жеткіздік!
   Бұйрат-бұйрат қоңыр құмдарды қақ жара төселген тасжолыңызда көліктің жүргені сезілмейді де. Қос қапталыңыздағы ұзына жалғасып жатқан түрлі ағаштармен көмкерілген ну орманды айтсаңызшы. Құм кешіп тұрып, жасыл желекке малынған шыршалардың көркемдігі көздің жауын алғандай. Оның әр түбі тамшылата суарылады екен. Неткен еңбек, неткен төзім десеңізші!
Оң қапталымыздағы көмір шахтасының үстіндегі жотаға орналасыпты кесене. Әрі биік, әрі аумақты мекен. Қонақтарды күткен жергілікті халықта есеп жоқ. Кеше өзіміз жүздескен қала мен осындағы аудан басшылары қолымызды алып мәз-мейрам амандасып жатыр. Әдеттері көрінеді, моғолдардың байырғы дәстүріне сай алдымен дастарқанға шақырып, дәм татқызды. Алдымызға тары мен қойдың құйрық майы, жас ірімшік қойылды. Тарыны майға былғап, шай ішіп жайланып алдық. 
   Ендігі кезекте ақ мәрмәр тас төселген көлемді алаңқайға көтерілдік. Осы арада табалдырықтың қос қанатындағы үш метрдей биіктікке созылар бағаналардың  ұшар басындағы күміс жалатылған жалайыр тайпасының ежелгі қос тарақ таңбасы көзімізге оттай басылды. Бұл жақта жүрек жұтқан бабаларымыздың ізі жарқырай қалғандығының басты белгісінің өзі осы болса керек, түйсінген жанға! Оның үстіне биік зиратхананың төбесі қызыл түсті қазақтың қошқар мүйіз өрнегімен көмкеріліпті. Ішің жылып сала береді енді! 
   Ақбар бауырымыз күнібұрын семіз қой алдырып қойған екен. Арамыздағы тақуа ініміз Жанұзақ Керімбекұлы бабамыздың аруағына  Құран бағыштады, дұға-тілегін арнады. Басы құбылаға бұрылған құрбандық қойды қазақы қалыпта меценат Мықтыбек Рахымбек ағамыз бауыздап берді.
   Тас басқыштармен жоғары өрлеп, төбеге шықсаңыз, оң қанатта аралары 2-2,5 метр жерде орналасқан, таспен өрілген адам бойындай шағын қорымдарды көрер едіңіз. Бұлар Мұқалидың жолын қуып ерлік көрсеткен және ұлық билікке араласқан ұрпақтарына арналыпты. Қорымның үстінен шоқ-шоқ тал шыбықтарды байқайсыз көкке ұмтылып тұрған. Бұл аталмыш әулеттің одан әрі өсіп-өніп жатқандығының белгісі екен. Осыдан-ақ ханзулардың көңіл қоя қолға алған дүниесін барынша мәнді де сәнді күйге жеткізетіндіктеріне  қанығар едіңіз. Жиынның ресми бөлігінде  ұлық әмір Мұқалиға бір топ бауырларымыз бұған дейін әзірлеп орнатқан еңселі тас-белгінің ашылу салтанаты өтті де жергілікті басшылармен бірге академик Өмірәлі Жалайыри, классик жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы, бауырымыз Ақбар Мәжитұлы тебірене лебіз білдірді. Қалай толқымассыз, Ұлы Даланың шайқаста маңдайы тасқа тиіп көрмеген арда перзенті  сегіз жүз жылдан кейін туған халқын тауып, жаһанға жария жайылған есімі елдігімізді әуелетіп жатса!
   Аудан басшысы бізге Мұқали зиратханасының шырақшысы деп қағылез келген орта бойлы Жауо Зі Шің деген азаматты таныстырды. Көп шаруаның мәніне осы кісінің әсерлі әңгімесі барысында қанықтық. Нағыз жанашыр екендігі әр сөзінен жібектей есіп тұрды.
– Бес атамыздан бермен осы зиратхананың шырақшысы болып келеміз. Жиырмасыншы ғасырдың басында Мұқалиды ұрпақтары биліктің келісімімен осы араға қайта жерледі. Менің арғы аталарым алғашқы күннен-ақ бұл зиратты күтімге алды. Әкемнен көрген үлгім бойынша жасымнан ел тарихына, кеңінен белгілі тұлғалардың өмір жолын зерттеуге ден қойған едім. Қытай мемлекетінің бірігіп, дамуына бар өмірін арнаған Мұқали батырдың өткен даңқты жолы мені бірден қызықтырды. Содан несін айтасыз, 1985 жылы бухгалтерлік қызметімді тастап шырақшылыққа кірістім. 1990 жылы Мұқали жерленген орынның ресми құжатын алдық. Биыл жыл аяғына дейін осы қызметімді үлкен балама тапсырайын деп отырған жайым бар. Өйткені қартайған соң жүріп-тұруым қиындап кетті. Оның үстіне мұндай жауапты да сауапты іске жастарды ертерек баулуымыз қажет. Біз де Мұқалиды өзіміздің батырымызға, әулиемізге балаймыз. Неге десеңіз, бұрын бұл арада үнемі қуаңшылық болушы еді. Мұқали қайта жерленгелі бері ауа-райы күрт өзгерді. Жауын-шашын көбейді. Қамбамыз дәнге, өміріміз сәнге толды. Өңіріміз қайта түледі. Жыл өткен сайын өз ішімізден де, сырт мемлекеттерден де бұл араға келіп, тәу етушілердің саны артып келеді. Біз осыған шын мәнінде қатты қуанамыз!
Иә, ағайын! Ертеден ауқатты да айбарлы әулеттің бір қауым жалайырлармен бірге Темірші жағына шығуы заңды да еді. Бәрінің көксегені – кешегі қауқарлы ұлысты қайталай қалпына келтіру. Бұған бекем  бел буар кез келген белді қандасты құптауға әзір еді. Жалайыр Тергету байдың баласы Күнқуар төрт бірдей баласын  Теміршіге телуінің де мәні осында. Шіреген мыңдықты басқарса, Бұқа кешіктен гвардиясының мыңғары еді. Ал Тайсұн Мұқали қарамағына берілген екі мың жалайырдың басшылығына бекітілген. Оның ұрпағынан Татартайдың есімі кеңінен белгілі.
   Мұқалидың өмірден өткендігін баласы Болаттың өзі Шыңғысханға жеткізеді. Әдетте уайым-қайғыға тастай берік Ұлы қаған қабырғасы қайыса мүжіліп, көзіне жас алады. Әсіресе, Уыңшишян аймағының Шишямасун қыстағында кенеттен науқастанғанда інісі Тайсұнды шақыртып: «Мен мемлекеттің зор істері үшін, сауыт киіп, қол бастап қырық жыл еңбек еттім, батыс пен шығысқа жорық жасадым, еш арманым жоқ. Десе де, бір арманым Кайфинді ала алмағаным еді. Оны алуға өзің күш шығарарсың», – деген аманатын естігенде тіптен езіліп кетіпті... «Достан артық байлық жоқ, байлықтан артық достық бар» деуіміздің де өшпес белгісі осы!
Ал енді Мұқалидің тікелей өз кіндігінен тарағандарға тоқталсақ, баласы Болат әкесінің орынын басты. Сондай-ақ, Рашид ад-Дин Құбылай әмірлерінің шоқтығы биігі Хантұн ноянды, сондай-ақ, Қулағу мемлекетінің мыңғары Жауқырды ұлы қолбасшының балалары деп атап өтеді.
   Мұқалидың батырлығымен қоса білім-білігі, шешендігі ұрпағына дарыған. Шыңғысхан аманатына сай Үгедей, Мөңке, Арықбұқа, Құбылай хандар да  Мұқали ұрпағынан шыққан уәзірлер мен кеңесшілер пікірімен санасып, олардың адалдығын, ақыл-парасатын жоғары бағалап отырған!
1260 жылы Кайфинде Құбылай хан сайланып, Яңжіңге қайтып, сол араны астана етіп бекіткенде: «Менің бұл жерге ірге теуіп, жалпақ әлемге ие болуыма, Батырдың да бір кісілік үлесі бар!», – деген еді.
Ақбар бауырымыздың айтуынша, Мұқали  баһадүрдің ұрпақтары Юан хандығы жойылғанға дейін Шыңғысханнан бастау алған көне дәстүрге сай, ордадағы биік лауазымға тағайындалып келді. Тіпті Миң патшалығының алғашқы кезеңінде де осы үрдіс жалғасыпты. Сондықтан да,  «Ардагерлер тек жалайыр әулетінен шығады, олар ерен еңбек, ұлы жоспар жасады, хандықтың ғұмырымен бірге тыныстап, жұрттан асып, уәзірлікке мұрагер болды» деген дәуір ақиқаты тасқа басылған қалпында бүгінгі күнге жетті!
   Мұқали бабамыз жанкештілікпен негіздеп кеткен айбынды әулеттің алтын арайы кешегі Алаш арыстарын нұрландырып, бүгінгі Азатты күнімізге шапақ шашып тұрғандығы айтып жеткізгісіз бақыт! Құйын ойнаған құба жонда құрыштай құйылған алып тұлғалар – ұлттық мәртебеміздің мәңгілік тұғыры. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді ұлықтауға арналған бұл жолғы сапарымыз осылайша біз күткендегіден де шырайлы шықты!
 
Әміре ӘРІН.
Талдықорған – Бейжің – Сиань – Юлинь – Талдықорған.