Біздің елдің жігіттері

Уақыты: 14.03.2018
Оқылды: 2196
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымызда «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» – деген аталы сөз бар. Осы бір қанатты сөз идеология саласының майталманы, ұзақ жылдан бері Балқаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келе жатқан, халқына қалаулы, еліне елеулі Сайран Смағұлов сынды нар тұлғалы азаматқа айтылғандай.

Бүгінде асқаралы алпыс жасқа толған Сайран Сейіткемелұлымен ұзақ жылдан бері тонның ішкі бауындай араластым. Сәкеңнің бойынан көптеген асыл қасиеттерді байқадым және одан өзіме ой түйдім.  
Кейіпкеріміз 1958 жылы 13 наурызда Балқаш ауданы, Бақанас ауылында дүниеге келген. Әкесі Сейіткемел аудан көлемінде ұзақ жыл бойы лауазымды қызметтер істесе, анасы Қаншайым анамыз сауда саласында еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Сайран Сейіткемелұлы орта мектепті 1975 жылы тамамдады. 
Кеңес одағы кезеңінің сол кездегі тәртібі бойынша орта мектепті бітірген Сәкең бір жыл ауылда қалып, қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Білімге ұмтылған жанның өз арманы болды. Ол жоғары оқу орнына түсіп, білімді, кәсіби маман атануды мақсат тұтты. Көп ұзамай асқақ арманы орындалып, Қазақ политехникалық институтына оқуға түсті. Аталған жоғары оқу орнын инженер-металлург мамандығы бойынша 1981 жылы аяқтады. 
Білімін жетілдіру мақсатында Алматыдағы Қазақ шикізаттар ғылыми-зерттеу институтына аға инженер болып жұмысқа орналасты. Ол мекемеде үш жыл жұмыс істеп, 1984 жылы ауылға оралып, «Ақдала» кеңшарының комсомол комитетінің хатшысы болып қызметке орналасады. Ақдаладағы нәтижелі жұмысын ескергендер 1987 жылы аудандағы халықтық бақылау комитетінің инспекторы қызметіне тағайындайды. Бір жылдан соң халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне қызметі жоғарылады. Ал 1993-1995 жылдар аралығында аудан әкімдігінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болса, 1995-2010 жылдарда аудан әкімі аппаратының басшысы болып жемісті еңбек етті. Ал 2010 жылдан бастап аудан әкімінің орынбасары лауазымын абыроймен атқарып келеді.   
Сәкең бір шаңырақтың үлгілі отағасы. 95 жастағы қазыналы әже Қаншайым Исаеваның қас-қабағына қарап, қарт шешесінің аналық махаббатына бөленіп отыр. Өмірлік жары Әлия болса көп жылдардан бері білім саласында қызмет істеп, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Үш баланың әкесі Сәкеңнің отбасындағы татулық пен бірлік, пейіл мен береке талайға үлгі. 
Осындай сөз түйіні тарқалған тұста ойыма арқалы ақын Есенқұл Жақыпбековтың: 
Біздің елдің жігіттері
жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері
ұлы мұхит кемесі.
Осы елден бақ пен қызыр қашпаса 
екен деп тілеп,
Осы елдің осал жерін
түзеп жүрген шегесі,
– деген өлең жолдары оралады. Иірімі мол осы өлеңге арқау болған азаматтардың қатарына мерейлі жастың иесі Сайран Смағұловты да қосар едім. Өйткені, біздің Сәкең осы теңеуге әбден лайықты. 
Бақ дарыған Балқаш өңірінің бір шегесі дұрыс қағылмаса жұдырықтай жүрегі ауыратын Сәкеңнің мерейтойы құтты болғай!

Самат РАҚЫШЕВ,
Балқаш аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы