Ғылым тоқмейілсуді көтермейді

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1091
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жалпақ жұртты коммунизмге жетеміз деп желпіндірген кешегі кеңестік билік талапты жастың талайын тұншықтыруға тырысты. Әсіресе, ауылдан шыққан қара домалақтардың білімге деген құлшынысына құм құйып, төрт түліктің соңына салып қойды. Замананың салқын лебін сезінген сол көптің ішінде Әліхан МЕЛДЕБЕКОВ те бар еді. Жоғары білім алып, ғылым жолына талпынған ұғымтал ұлға тұяқ санап, мал бағуға тура келді. Осындайда Аягүл анасының бір сөзін ұдайы ойлайды. «Кеңес өкіметі коммунизмге апарамыз деп айта беруші еді. Маған онысының керегі де жоқ. Он баламның ортасында отырғанымның өзі коммунизм емес пе?! Жетеді сол», – дейтін анасы ақтарылып. Қазақ балаларының қабілет-қарымын қой өсірумен өлшеген  өктем өкіметтің өтірігін байғұс анасы айна-қатесіз байқапты ғой сол кезде.

Ғылымның қай шыңына шықса да тоқмейілсуді білмейтін, айналасына үздіксіз ізденісімен үлгі қазақтың маңдайалды перзенті 24 наурызда 70 жасқа толып отыр. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Зоология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әліхан Мелдебеков мерейлі жастың мінберінде тұрып: «Шешем дүниеден тым ерте қайтты. Анамыз өмірден озғанда үйдің кенжесі Күлпаран небәрі төртке жаңа толған болатын. Сынаптай сырғыған уақыт-ай, кеше ғана қой баққан, ғылым қуып қалаға келген албырт жас едік», – дейді. Неге екенін кім білсін, әйтеуір өткен шағын еске түсірген сайын алдымен анасының ақ жарқын жүзі келеді көз алдына. Сосын орта бойлы, шымыр денелі, қара жұмысқа қаршадайынан араласып, қол терісі әбден мүйістеніп кеткен әкесін ойлайды. Анасына: «Аласа бойлы, тәмпіш мұрын әкеме қалай ғана келісім бердіңіз?» – деп әзілдейтіні әлі есінде. Сонда алтын құрсақты анасы еш саспастан тапал болса да тәлейіне жазылған тағдырына ризашылық танытып, шүкіршілік ететін.
Таң сібірлеп атқанда өмір есігін ашқан сәби үні барша ғаламнан сүйінші сұрағандай шырылдай естілген. Әліханның тәтті қылығы Мелдебек пен Аягүлдің төбесін көкке жеткізді. Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстанның Ақтас ауылында қар көбесі сөгіліп, алғашқы көк шығып та үлгерген. Он перзентті өмірге әкелген Батыр ана балаларының қызығын көрген жоқ. Әкесі Мелдебек балаларының аяғынан тұрғанына куә болды. Тағдырдың қосуымен Тұрсынай апамен тұрлаулы ғұмыр кешіп, 69 жасында жеті шөберенің тәтті қылығын қызықтап, өмірден өтті. Бүгінде әкесінің жасынан асып, жетпісінші көктемін қарсы алған ғалым алыста қалған балалығын сағынады, албырт шағын аңсайды, тарих парағына енген өткен күндеріне көз жүгіртеді. Әттең, уақыт шиыршығы кері айналмайды. Мұндай сәтте бар бақыты балалары мен одан тараған ұрпағының барлығына шүкіршілік етіп, Алласына тәубе айтады ауық-ауық.
Кеңес кезінде ғылымның соңына түсетін қара көздер санаулы еді, жасыратыны жоқ. Жігерлі, дарынды, ұшқын берсең лаулай жөнелетін талабы таудай қазақ жастары екі есе еңбектенетін. Өйткені, ұлтсыздандыруды мақсат еткен отаршыл жүйе бәрібір де ауылдан келген жастардың жолын жабуға күш салатын. Әліхан Мелдебекұлы айқын мақсатымен, асқақ арманымен барлық қиындықтан, сынаққа толы сатылардан сүрінбей өтті. Орта мектепте жүріп-ақ төрт түліктің қыр-сырына қанықты. Мал бағуға міндеттеген мемлекеттік саясат жас жігіттің пайдасына шешілді. Болашақ мамандығын тап осы сындарлы сәтте таңдады. Кәмелеттік жасқа толар-толмас шағында-ақ тәжірибесі кәсіби агрономдардан, білікті зоотехниктерден асып түсетін. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік интитутының табалдырығын аттаған талапкер бұрыннан оқып жүрген студенттерден әлдеқайда білімді болып шықты. Оқуда озат жас білімі мен қабілетінің арқасында қатарластарынан әлдеқайда көп шәкіртақы алды.
Білім алу Әліхан үшін өмірлік мақсат ретінде қалыптасты. Бүгінге шейін іркіліссіз ізденеді, оқудан қол үзбейді. Мұндай құштарлық адамға ана құрсағынан дари ма деп те ойлайтыны бар. Әліханға балалық шағындағы мектептің алыстығы да білімнің қадірін тереңірек ұқтыра түскендей. Ақтас ауылындағы жеті жылдық сыныпты үздік аяқтаған озат оқушы көршілес Тасша орта мектебінде білімін жалғастырады. Жиырма жеті шақырымдық алыс жолды бірде жаяу-жалпылап, бірде көлікке мінгесе жүріп бағындырған ауыртпалыққа толы жылдары есінен кетсеші. Жоғары оқу орнына түскен қазақ жігіті ұстаздар тарапынан бірден мақтауға ілікті. Іскерлігі, жауапкершілігі, қандай бастама болсын аяғына дейін жеткізетіні, қоғамдық жұмыстарға белсенділігі оқытушылардың назарын аудартты.
Студенттік жылдарында Әліхан өзінің жетінші тобына топбасы (староста) болып сайланды. Бұл да бір өз алдына қызықты әңгіме. Әліхан оқыған топта студенттердің сабаққа үлгерімі жақсы болғанмен, бұзақылық жасауда да алдына жан салмайтындар көп кездесетін. Бірде Ковальчук есімді орысты топбасылықтан алып, орнына бүкіл студенттер Әліхан Мелдебековті сайлап алады. Ауылдан келген жігіттің адалдығын, жауапкершілігін, салмақтылығын қасында жүрген замандастары жоғары бағалайтын. Ол уақытта білімгерлердің сабаққа келген-келмегенін қағазға түсіріп, деканатқа есеп беріп отыратын осы топбасылар еді. Әліханға бір топта оқитын студенттер тарапынан сабаққа келмей қалғанын жасыру жайлы өтініштер түсе бастады. Ешкімнің көңілін жыққысы келмейтін болашақ ғалым бірнеше мәрте елдің өтінішін орындаған. Ақыры, бұл «қылмысын» декан біліп қойып, қатаң ескерту жасайды. Ал біреу үшін сөз естіген Әліханға студенттер ұялғандарынан екінші мәрте өтініш жасауды доғарып, сабақтан қалмайтын болыпты.
Ғалым қай салада да өзін сыпайы ұстайды. Қай ұжымға кірсе де маңайын адамгершілігімен, адалдығымен баурап алатын. Жоғары оқу орны оның арманына қанат бітірді. Факультет деканының орынбасары Василий Соколовтың жетекшілігімен «Қазақтың ақ бас бұқаларын ұрпақтарының сапасымен бағалау» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғады. Міне, осы күннен Әліханның алдынан үлкен ғылымның қақпасы ашылды. Аспирантурада оқуға жолдама алады. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтына аспирантураға түсуге ұсыныс алғанымен орын болмағандықтан  келер жылға қалдырылады. Білікті жас ғалым осы мекеменің физиология зертханасына жұмысқа шақырылады. Аспирантураға түсуге дейінгі бес айлық жұмысында тағы да тәжірибесін толықтырады. Малды азықтандырудың тиімді жолдарын зерттеп, ғылыми ұсыныстар дайындайды. Студенттік жылдардағы ізденіс нәтижесі кандидаттық диссертацияға ұласады. Бұл жолы Англиядан әкелінген Галловей тұқымдас етті ірі қара малын азықтандыру ерекшеліктерін жан-жақты зерттеді. Тың тақырыптағы ғылыми жұмысына профессор А. Росляков бағыт-бағдар берді, жол нұсқады.
– Ғылыммен шұғылдану биік тауға жалаңаш қолмен өрмелеумен тең. Қиындығы өте көп. Сонымен бірге, қызықтырып, еліктіріп әкететін тұстары да жеткілікті. Тоқтап қалсаң – тоқырайсың. Жүре берсең, қарсы алдыңнан шығатын асулар бірінен-бірі биіктей түседі. Сол шыңдарды көріп сәл жүрексіндің екен, құлдырадым деп есептей беруге болады. Сондықтан, ғылым жолын таңдадың ба, тоқтауға, тоқырауға құқығың жоқ. Мәңгі іздену, тырбанып алдыға ұмтылу, сүрінсең қайта тұрып, тағы да болашаққа қол созу – міне, нағыз ғалым ұстанатын басты бағыттар. Тек алдыға жүру ғана жеңіс әкеледі, – дейді Әліхан Мелдебекұлы.
Жаны бар сөз екені айтпаса да түсінікті. Бұл ойын жастар ұғынып, саналарына түйіп алса дейді. Кеңес кезінде бүкіл ғылым таптық көзқараспен зерттеліп, бір жақты пікір айтылып келсе, бүгінгідей жаһандану дәуірінде де кедергілер баршылық екені ақиқат. Қазіргі таңда жастардың ғылымға келуі екіталай дүниеге айналып отыр. Мұны ғалым жақсы біледі. Біліп қана қоймай, себебі мен салдарын анықтап, оңтайлы шешу бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдіреді. Жастарға жол сілтеп, дарынды шәкірттер тәрбиелеуден де шаршаған емес. Бар білгенін, өмірлік тәжірибесін, ғылымдағы айқын бағыттарын әрқашан шәкірттерімен бөліседі.
Мерейтой иесінің өмір жолына үңілсек, ғылымдағы ізденісі бір сәтке толас таппағанын байқайсыз. Кандидаттық дәрежеден кейін бұрынғыдан терең зерттеуге көшті. 1970 жылдары Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу туралы меже белгіленеді. Осыған байланысты Әліхан қызмет атқаратын Қазақ мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институты екіге бөлінеді. Жас ғалым ғылым ордасының мал азықтандыру бөлімінде зерттеуін жалғастырады. Әсіресе, өзіне қызықты галловей сиырына тәжірибе жасауын тоқтатпайды. Малға жайылымды тиімді пайдалану жолдары, оның азығын реттеу, күтіп-баптау, ет өнімділігін арттыру тақырыптары бойынша бір топ ғалымға жетекшілік етті. Бірнеше зерттеушілермен бірлескен жұмыс өз нәтижесін береді. Әліхан бастаған ғалымдар сояр алдындағы ірі қараның орташа салмағын 390 келіге дейін жеткізіп көрді. Яғни, кәдімгі сиырлардың салмағын әдеттегіден 60 келіге дейін арттыру мәселелері нақты дәлел, тұжырымдармен түйінделді.
1988 жылдың қоңыр күзі. Мәскеу қаласы. Ол уақытта бұл қалаға барып-қайту үлкен абырой саналатын. Әліхан Мелдебеков кеңестер империясының кіндігінде Бүкілодақтық мал шаруашылығы институтында үш жыл докторантурада оқиды. Аз уақытта жетпіс жыл халықты өз идеологиясымен ұстап келген кеңес билігі құлайтын тұс еді. Қазақтың қағілез ғалымы көп ешкім бата алмаған салаға бойлап, ірі қара етінің сапасын арттыру жолдары бойынша докторлық жұмысын сәтті қорғап шығады. Сол аралықта қазақ елі үш ғасырлық отарлық езгіден босап, билік пен мекемелерде кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Ғалым Қазақ мал шаруашылығы инситутына директор болып тағайындалады. Он жыл қатарынан осы ұжымда абыройлы қызмет атқарды.
Әліхан Мелдебекұлы ғылымдағы жетістіктерін қазақ халқының ертеңі үшін жасалған игі істердің біріне балайды. Ол өзінің ғылыми зерттеу жұмыстары кезінде ірі қара малын қарқынды өсіруге, тиімді азықтандыру әдістеріне, еңбек шығынын азайтуға көңіл бөлді және осы бағыттарынан үлкен нәтижеге де жетті. Мерейтой иесі сиыр ағзасының өзара байланыс теориясын нақты дәлелдермен толықтырып, зоотехникалық және биологиялық ғылымдардың дамуына үлкен үлес қосты. Ғалым 2003 жылы өзі істеген ұжым атауы мал шаруашылығы және малдәрігерлік орталығы болып өзгергенін айтты. Алайда сол жылы күзде Зоология институтының директоры қызметіне сайланады. Сондай-ақ, елімізде алғаш құрылған жоғары аттестациялық комиссияның мүшесі, кейіннен төрағасы қызметтерін атқарды, ғылыми кеңестерге мүше болды. Әрине, ғалымның өмірбаянын тізбектеп айтып шығу оңай. Алайда өмірбаяндағы әрбір сөйлемнің астарында төгілген маңдай тер жатқанын көпшілік сезіне алмауы да мүмкін.
Ғалым бастаған ізденімпаз топтың арқасында Қазақстанда ірі қара малын өсіру және азықтандыру әдістері құрылды. Ең бастысы, профессор 2000 жылы «Жетісу» атты ірі қараның жаңа тұқымын шығарысуға атсалысып, ресми түрде авторы атанды. Сонымен бірге, 2006 жылы сиырдың бурыл қара түрін өсіруге үлес қосты. Қазақстанда Қызыл кітаптардың жарық көруіне атсалысып, жетекшілік етті. Ә. Мелдебеков – әлемге әйгілі төрт патенттің, тоғыз авторлық куәліктің әрі Бараев атындағы сыйлықтың иегері. Ізденімпаз тұлға осы уақытқа дейін өндіріске тиімді, үнемділікті арттыратын жиырма шақты ұсыныс енгізген. Бірнеше кітап пен 400-ге жуық ғылыми мақаланың авторы. Бұдан бөлек, автор Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал ғалым. Бүгінге дейін автордың малдан шығатын жылуды тиімді пайдалану, яғни, «мал қора» әдісі көп жерде қолданылып келеді. Ә.Мелдебеков Австриядағы Вена халықаралық университетінің Құрметті профессоры, Моңғолия Ұлттық ғылым академиясының академигі атанып, Еуроодақтың алтын медалімен марапатталған. Бір сөзбен айтқанда, мерейтой иесінің ауылшаруашылығы ғылымын дамытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Қазақстан және әлем елдері ғалымның зерттеулерін жоғары бағалап, өз марапаттарын ұсынуды әлі күнге дейін тоқтатқан емес.
– Әліхан Мелдебекұлы 25 жыл басшылық лауазымдарда болып, мазмұнды еңбек жолын басынан өткерді. Алдында кездескен қиындықтарға, ауыртпалықтарға мойынсұнбай, өзіне ғана тән байсалдылықпен жеңе білді. Жасандылыққа, жағымпаздыққа жаны қас, қандай жағдай болса да бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтқанды жақсы көретін ғалым. Лауазымды адамдардың алдында да маймөңкелеуді білмейді, өтірік айтқанды жаны сүймейді, – дейді мерейтой иесінің әріптесі, Зоология институты бас директорының ғылым бойынша орынбасары Маратбек Сүлейменов.
Еңбек жолын шопанның көмекшісі болып бастап, бүгінде ғылымның биік белесіне көтерілген тұлға көпжылдық зерттеу нәтижесінде «Жетісудан» бөлек, «Әулиекөл», «Ақырыс», «Ертіс» сынды сүтті малдардың жаңа типін ашты. Ә. Мелдебековтің арқасында Зоология институтында ұзақ жыл қараусыз қалған «Қазақстан фаунасы» атты 30 томдық басылым қайта жанданды. Бұл жинақтарда Қазақстанда таралған жан-жануарлардың жаңа түрлері, өсуі туралы мәліметтер берілген. Осы ретте Зоология институты ұжымы «Алтын феникс» сыйлығын, ал бас директоры Әліхан Мелдебекұлы халықаралық «Достық» орденін алғанын атап өткен абзал. Ғалым 2011 жылы Оксфорд қаласында «Ғылым адамы» медалімен марапатталып, есімі арнайы реестрге енгізілді.
Ел абыройына бөленген ғалым отбасында шүкіршілігі аузынан түспеген өнегелі әке, немерелер сүйіп отырған қазыналы ата. Жары Сәуле Есімжанқызы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары да асқар тауының жолын қуалап, ғылымның шексіз айдынына сүңгіді. Ғалым бірнеше ғылым кандидаты мен докторлар дайындады. Бала-шағасы мен шәкірттеріне жол көрсетіп, ақыл-кеңес айтатын кемел ой иесі кейінгі жастарға қандай жағдайда да ақиқаттан айнымауды өсиет етеді.

 

Қуаныш ТҰНҒАТАР