ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ КИНОСЫ. "5:32" ЖАЙЛЫ СТУДЕНТТІҢ ПІКІРІ

Уақыты: 09.12.2021
Оқылды: 2233
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлемде әдебиет пен мәдениеті іргелілеген мемлекеттің өркениетке қол созғанын көрсететін бірден-бір – құрал кино өнері. Қазіргі таңда кино әлемінің дамығаны сонша, кітап оқитын оқырманға қарағанда көрерменнің саны артып келеді. Сондықтан, әрбір мемлекет өз кино туындыларының брендке айналғанын қалайды. Өйткені, елдердің жан-жақты дамуы мен мәдениетін көрсететін кино саласы екені айтпаса да түсінікті. Ал бүгінгі қазақ киносы қай деңгейде? Осы сұраққа жаңадан шыққан «5:32» фильмі арқылы жауап іздеп көрдік.

«Сержан братан» проектісімен танымал белгілі режиссер Алишер Утевтің бұл туындысы бүгінде тренд десе де болады.  40 күнге созылған түсірілім халыққа 11 қараша күні ұсынылды. Үш бөлімі ғана жарық көрсе де, көрермен назарын өзіне аударып, жүрегіне жол тартқан телехикая осы жылдың таңдаулы кинотуындысына айналып үлгерді.

Түсірілім алаңы Тараз қаласынан 60 шақырым жередегі Қаратау баурайында өтті. Бас операторы – Бағдат Арғынов, қоюшы суретшісі  – Қазыбек Табылғанов. Актерлар жоғары деңгейде іріктелініп алынды. Сценарий жазуда тарихпен ұштастастыра отырып, кейбір эпизодтарды шынайы етіп шығару үшін де ұзақ уақыт кеткенін және бұл туынды көрерменді бей-жай қалдырмайтының Salem social media-ның бас директоры  Рустам Юсупов атап өтті.

«5:32» хикаясы өз заманыңда қаланың ең таңдаулы тергеушісі болған Шалқардың өмірінен сыр шертеді. Ащы суға әуестенген зейнеткердің бір-біріне ұқсас өтіп жатқан өмірін кенеттен қағылған есіктің тарсылы бұзады. Шалқар маньяктарды ұстауға шақырту алып, қалаға жол тартады. Барар жолда басты кейіпкер 90-шы жылдардың ортасына қайта оралып, өзінің өткенің есіне алады.

Алғашқы бөлім автобекетте жаңадан келген жолаушы қыздарды такси жүргізушісі болып алдап, қала сыртында буындырып өлтіріп, денесіне бензин құйып өртеп жіберген қандықол қылмыскерлер туралы болады.  Дәл осындай жағдай 2011 жылы Шымкентте тіркелген. Астанадан үйіне жол тартқан 29 жастағы Екатерина Тишкунова жоғалып кетеді. Үйіне оралмаған арудың туыстары полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Тек бірнеше күн өткен соң сарапшылардың айтуы бойынша қызды екі ер адам жіппен буындырып, зорлық көрсетіп тонап кеткен. Оның бірі өзбек азаматы Полатбек Бердалиев екені анықталып, аталған қылмыскер Қазақстанда 4 қызды, өз елінде 7,  барлығы 11 жәбірленушіге зардап шектірген. Кино желісі бойынша ол қазір де өмір бойына бас бостандығынан айырылып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатқаны айтылады.

Екінші эпизод адам етінен жасалған бәліш сатушысының оқиғасымен бастау алады.  Қазақстанда Николай Жұмағалиевтің адамжегіш екені белгілі. Ол алғашқы құрбанын Ұзынағаш-Майбұлақ тасжолында  ұстап алып, тамағын кесіп, денесін бөлшектеп, сөмкесіне салып алған. Осылайша 1979 жылға дейін 5 адамның етінен тұшпара жасап жеген. Көп ұзамай құрбандарының саны 10-ға жеткен.

Үшінші бөлім миында ауытқуы бар жас спортшы жайында.  Ашуын тежей алмай өзіне қарсы келген адамдарды аямай ұрып, дене мүшелерін кескілеп тастаған қаныпезер туралы өрбиді.

Осындай жағдай 2009 жылы Талдықорған қаласында орын алыпты.  27 жастағы Ерлан Молыбаев еш жерде жұмыс істемейді, 3-курста оқудан шығып қалған. Алайда спортпен тұрақты түрде айналысқан. Алғашқыда бокспен, кейін жекпе-жекпен шұғылданған.  29 тамыз күні әдеттегі бағыты бойынша жүгіруге шыққан. Жол бермеген ескі «Мазда» көлігінің иесі екеуінің арасында кикілжің туындап, салдарынан жүргізушінің басын балтамен жарып өлтірген. Артынан  көлікте отырған әйелдің де жанын о дүниеге аттандырған. Арнайы мамандар Е.Молыбаевтың есі дұрыстығын айтады. 2011 жылы талдықорғандық қанішерге 23 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданылып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуге үкім шығарылған.

Қазіргі таңда жас жеткіншектер көргенін бірден үйреніп алуға, оны қайталауға бейім. Кинода аса жауыздықпен өлтірілген тұстары тайға таңба басқандай көрсетіліп қойған. Психикасы әлсіз не болмаса қызық көріп істейтін балаларға бұл кино өнеге болады дей алмаймыз. Қазірден қанға қолы малынған адамдарды көріп, ертеңіне сондай боламын демесіне кім кепіл?! Сонымен қатар, фильмде боқауыз сөздер көп қолданылған.  Екі сөздің бірінде кездесетін балағат сөздер қазақ жастарына қай қырынан да үлгі емес екені анық.

Осы тұста адамдардың пікірі екіге бөлінеді. Бірі жақтап, екінші даттап жатады. Ал осыны басқа жағынан қарап көрейікші. Фильмде жас телекөрерменнің болашақта ауыр қылмыстарға бармауын, жамандықтың арты ешқашан жақсылыққа апармайтыны көрсетілген. Әрбірден соң түн артынан күн шығады емес пе? Қанша жерден жамандық жасасаң да оның жауабы алынады. Осы дүниеде болмаса да, түбінде о дүниеде әр істеген амалдарымыз үшін барлығымыз жауап беретініміз белгілі. Бұл жағынан киноны жоғары бағалауға болады.

Ендігі кезекте туындының аталу себебіне тоқталсақ. «5:32» атауы қайдан шыққан? Жай ғана сағат тілі ме? Әлде басқа ма? Меніңше, Құран Кәрімдегі 5-нші сүре, 32-нші аят көрсетілгендей. Онда: «Израил ұрпақтарына кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық. Расында оларға елшілеріміз ашық дәлелдермен келді. Бірақ содан кейін де олардың көбірегі жер жүзінде шектен шығушылар болды», – деп жазылған. Яғни, жазықсыз жанды өлтірудің жазасы қандай болатыны келтірілген. «5:32» аталу себебі де осымен байланысты болуы әбден мүмкін.

Иә, Алла берген өмірді қиюға ешкімнің хақысы жоқ. Сол себептен уақытында барымызды бағалап, бейбітшілікте бір-бірімізге деген кешіріммен өмір сүре білейік.

Кәмилла ТҰЯҚОВА

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Алматы облысы