ТАЛҒАРДА БІР БӨТЕЛКЕ ІШІМДІК ҰРЛАҒАН ЖІГІТТІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 26.12.2021
Оқылды: 1280
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талғар аудандық полициясына сауда үйінде сатушы болып істейтін Қызыл Қайрат ауылының 34 жастағы тұрғыны хабарласып, ұрлық дерегі орын алғаны туралы жеткізді. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Арыз иесі белгісіз ер адамның бір күн бұрын сағат 12.00 шамасында дүкенге сатып алушы ретінде келіп, касса маңында қолсозым жерде тұрған ішімдіктер ішінен бір шөлмек арақты жымқырып кеткен. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.

- Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде учаскелік полиция инспекторлары, полиция капитаны Н.Мұсапиров пен Ж.Сәрсенбаев күдіктіге тән айрықша белгілерді қарап, өздеріне бекітілген әкімшілік аумақты өте жақсы білетіндіктерін дәлелдеді. Олар келесі күні-ақ осындай құқықбұзушылықтар жасағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған 21 жастағы жергілікті тұрғынды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұстады, - деді Талғар аудандық полиция бөлімі тергеушісі, полиция аға лейтенанты Тимур Есенов.

Күдікті өзі келтірген шығындарды өтеп, тараптардың өзара татуласуына байланысты жазадан құтылып жүрген. Ұсталған тұрғын дүкендегі бейнежазбаны көргеннен кейін ұрлық жасағанын мойындап, заңға қайшы келетін әрекеті үшін өкінетінін айтты. Дүкен иесіне келтірілген материалдық шығын өтелгеннен кейін іс бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"