Атажұрт

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 2790
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жалған ұран жарға жығады. Ұлтым деп алға ұмтылып, елім деп еңіреп, жерім деп тебірену үшін алаулатып, жалаулатып, құры айғайға ұластырып ұрандатудың қажеті жоқ! Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан атам: «Отан үшін отқа түс - күймейсің», дегенде, жалындап тұрған отқа жалаң кеуде секіріп кет деп тұрған жоқ-ау. Отаныңның басына түскен қайғысына қайыспа, сынағы болса сынба, тағдыр тезіне салса төз, біреу оқ атса кеудеңді тос, ауырлығын көтер, сонда ғана абыройлы боласың дегенді меңзеп тұр емес пе? Отаным деп отқа күю – ең әуелі ҚАЗАҚТЫ СҮЮ деген махаббаттан басталады. Ол үшін – атажұртын ардақтау, тарихын тану, тілін білу, дәстүрін дәріптеу, әнін тыңдап, күйін ұғу, әдебиетін әспеттеп, мәдениетінің мәнін кетірмеу сияқты өзгеден ерекшелеп тұратын, өзімізге ғана тән ұлттың ұлы мұрасына айналған қасиетті құндылықтарды қадірлей білмек керек! 


Жер, жер және жер. Өйткені, жерсіз Отан жоқ! Жерсіз адам жоқ. Жерсіз мемлекет болмайды! Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек. 
Әлихан БӨКЕЙХАН


Қазақ қаламгерлерінің ішінде тарихымыздың темірқазығындай болған жазушылардың бірі Қойшығара Салғара ағамызды білмейтін жан кемде-кем шығар. Осы кісінің тарих қойнауынан қазып алып, ұрпағына ұсынған шығармаларының ішінде Мүде хан туралы туындысын оқыған шығарсыз? Оқымасаңыз мына аз ғана үзіндіден мол мағлұмат ұғарсыз. Мүде өз  жұртының тұтастығы мен қасиетті жері үшін таққа отырған хан, атқа қонған батыр. Әңгімемізді осы шығарма төңірегінде өрбітіп көрейін. 
Дунху елінің ханы өзімен көршілес жатқан Мүдеге елші жіберіп, әкесі Тұман ханнан қалған тұлпарды сұратады. Ондай қылқұйрықты жануар Мүдеден гөрі маған лайық дегенді меңзегенде – бермесе соны сылтау қылып, соғыс ашу. Мүде хан елшілердің ұсынысын екі етпей, жанындағы жанашырларының қарсылығына қарамай: «Көрші жатқан елміз. Көңілі кетіп сұраған бір тайды қимай, бермеуіміз ұят болар. Берелік», – дейді. Алғашында қарсы пікір білдіргенімен кеңесшілері де ханның бұл шешіміне амалсыздан көнді. Арада біраз уақыт өткенде дунху елшілері тағы келді. Бұл жолы Мүденің жақында ғана үйленген жас ханшасын сұратып жіберіпті. Ханның айналасындағылар бұған өре түрегелгенде Мүде: «Көрші жатқан елміз. Көңілі кетіп қалаған бір әйелді қимай, бермеуіміз ұят болар. Берелік», – деді. Азулы ханнан мұндай көнбістікті күтпеген кеңесшілер не уәж айтарын да білмей, дегеніне көнуге тура келді. Хунну елінің қайсар ханы Мүденің бұл тірлігін қорыққанға балаған дунхудың есірген ханы тағы да елшілерін жіберіп, екі елдің арасында мал тұяғы тимеген иен жатқан жерді сұрайды. Мүде хан бұл жолы да кеңеске салады. Бірі беруге болмайды дегенімен, бірден кесіп те айта алмады. Бірі ханға жағыну мақсатында көршімен тату болу үшін иесіз жатқан жерді берейікке көшті. Оның себебі тұлпарын берді, ханшасын берді. Енді жер үшін жауласа қоймас деген жалаң ойдан туған шешім еді. Осы сәтте жауар күндей күркіреп, қара бұлттай түнерген Мүде хан ойда жоқ алапат шешім шығарады. Дәл осы көріністі жазушының шығармада жазғаны бойынша беруді жөн көрдім. 
«Жоқ! – Мүде ышқына айғай салды. – Жоқ! Берілмейді! Жерді беру деген не сұмдық. Жер деген елдің тірегі емес пе? Жерсіз ел бола ма?! Сендер күні кеше хуннудың бір биесі құлындаса орны толар сырты түк, іші боқ бір ат үшін, хуннудың бір қатыны босанса, орны толар әйел үшін дунхумен соғысайық деп елірдіңдер. Соғыспағаным үшін мені жігерсіз, намыссыз санап, жек көрдіңдер. Ерік берсе, қолдарыңда билік болса, мені түтіп жегілерің келді. Ал бүгін елді ел етіп отырған жердің тағдыры таразыға түскенде, еш қиналмай-ақ берейік дейсіңдер. Кәне, айтыңдаршы, қай биең құлындап, қай қатының босанып жер табады. Кәне, айтшы?! – Мүде ордадағыларды көзімен атып жіберердей шаншыла шолып шықты. – Жоқ, таппайды! Таба алмайды!..
Жер – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айырылған өледі. Жерді беру – бүгінгі тоқтығына тасынған, бірақ ертеңгі күні қарны қайта ашатынын ойламаған тоғышардың ісі. Жерді берем деу – елді асыраушысынан айыру деген сөз. Ондайлар елдің жауы.
Жер – ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айыру, ертең біреуге тәуелді ету, құлдыққа беру. Жерден айырылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айырылу. Жерді берейік деу – ұрпақтың жауы. Жауға аяушылық жоқ. Өлім!»
Осылай деген Мүде хан жерді берейік деген кеңесшілерінің түгелдей басын алып, өз ісіне мастанып, құс жастықты жастанып алаңсыз жатқан дунху еліне соғыс ашып, алаңсыз елдің астаң-кестеңін шығарады.   
Бізге аңыз болып жеткен атажұрт жайлы бабалар аманаты осылай сыр шертеді. Астындағы тұлпарын шылбырынан жетектетіп жіберді, қойынындағы сүйікті жарының ақ білегін атажауының  қолына ұстатты. Ер-азамат үшін тұлпары – қанаты, жары – жан жылуы емес пе?! Қос қадірлісін бір ауыз сөзге келместен бергеннен кейін, жерінің бір пұшпағын да қия салса, қан төкпей-ақ бір-бірімен мәмілеге келіп, күн кешуге болмайтын ба еді? Бірақ Мүде хан олай етпеді. Өйткені жер – бабадан балаға мұра, ұрпаққа аманат ең қасиетті байлығымыз еді. Есте жоқ ескі заманнан бүгінге дейін Ұлы Далада қаншама қантөгіс болды?! Соның бәрі осынау қойнауы құтты қасиетті жер үшін екенін есті ұрпақ есінде сақтаса керек. Осы жолда  қаншама қан төгіліп, қаншама жан қиылды?! Қанға суарылған қасиетті жеріміздің қасіретін ұмытпай, сол алмағайып заманды басынан өткерген бабалар өсиетінен өнеге алып, өмір сүру бүгінгі буынның ұлы борышы. Ұлтарақтай жер үшін ұлардай шулаған ел ісін естен шығармай, өткеннен сабақ алып, келешекке табыстау бізге жүктелген аманат. Сөзіміздің өзегі болып отырған ҚАЗАҚТЫ СҮЮ ең әуелі дәл осы тастары тарих, даласы дарқан, шыңдары найза, таулары қалқан болған киелі топырақтың қадірін білуден басталады. Жоғарыда мысалға келтірген Мүде ханның дәуірін бағзы заманға апарып қояйық, ал Қозыбасының басында ту көтеріп, қазақ елі болғалы да жер үшін не көрмеген, не кешпеген ел едік?! Қалмақ қонтайшысының алдында асқақтай сөйлеген қаз дауысты Қазыбек бидің мына сөзі жадыңызда жаңғырып тұрған болар. Болмаса оқып алыңыз да, санаңызға тоқып алыңыз. Ұл-қызыңызға жаттатып, жүрегіне сақтатып қойыңыз. Би бабамыз былай деген:
Біз қазақ деген мал 
баққан елміз,
Бірақ, ешкімге соқтықпай, жай 
жатқан елміз.
Елімізден құт-береке 
қашпасын деп,
Жеріміздің шетін 
жау баспасын деп,
Найзаға жылқының 
қылын таққан елміз!
Ешбір дұшпан 
басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді 
асырмаған елміз!
Қалмақтың қаһарынан қаймықпай, қасқайып тұрып сөйлеген Қазыбек баба айтқан орамды ойдың үзіндісі ғана бұл. Бұдан киелі жер үшін, жер иесі ел үшін қашан да ту көтеруге дайын жұрт екенімізді аңғаруға болады. 
Ал бүгінгі ұрпақтың бойында бабалар рухының қуаты қаншалықты сақталған? Түр-тұлғамызда аштығын білдірмей, сыртқа жүнін қампайтып, бөрідей жортқан баһадүрлерге ұқсастығымыз қандай деңгейде?! Кеңдігіміз – көнбістікке, дарқандығымыз – дарақылыққа, батырлығымыз – басбұзарлыққа ұласып бара жатқан жоқ па? «Ауруын жасырған өледі». Әлем таныған әдемі елге толықтай айналдық десек, әсіре бояу жаққан боламыз-ау. Жауырды жаба тоқығанымызбен жанымызға бататын жарамыздың да бары рас. Ол – тізбелеп жатпайын, ұлттық құндылықтарымызға құлықсыздық танытуымыз.
Сөз басында айтқанымыздай ҚАЗАҚТЫ СҮЮ – ең әуелі атажұртымызға деген сүйіспеншіліктен басталады. Жерін сүю үшін алдымен әр қазақ өз тарихын білмек керек. Ал төл тарихымыз өзіміздің баба тілі ана тілімізбен оқылғанда ғана бұрмаланбай жетеді. Жерін қорғап, тілін сақтаған ел ғана мәңгілік. Күлтегіннен басталатын Мәңгілік Ел болу идеясының да өзегі осы. Бүгін атадан қалған жұртымыз жайлы аз-кем ой қозғадық. Ұлы мұрат жолындағы ұлттық құндылықтарымыз туралы айтылар ой керуені ары қарай да жалғаса бермек. Соның бірі атаның қаны мен ананың сүті арқылы бойымызға дарыған қасиетті тіліміз. Күретамырымыздан да жақын тіліміз жайлы ой-маздақты «ҰЛТ ҰЯТЫНЫҢ» алдағы санынан оқи аласыз.

 

Жұматай ӘМІРЕЕВ