Тәуелсіздік декларациясы қабылданды

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 2244
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақстанның төл тарихында тұңғыш тәуелсіз ел атанып, дербес шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр толғалы тұр. Жасампаздыққа толы жиырма бес жылда Қазақстан талай биікті бағындырды. Адамзаттың болашағына балта шабатын ядролық қарудан бас тартып, әлемге бейбіт ел екенін паш етті. Сарыарқаның төсінен ажарлы Астана бой көтерді. Аз уақытта Қазақстан экономикасы мығым, мақсаты айқын елге айналды. Бүгінде Көк Туы желбіреген Ұлы дала елінің еңсесі биік. Болашағы бекем. Тәуелсіздігімізді ардақтап, жетістіктерімізді сараласақ, өткенімізден өнеге алатын тұсымыз көп. Осыған орай, ҚР Парламентінің қос палатасы – Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірлесіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларацияны қабылдады.

Бірлескен отырысты ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН жүргізді. Ол өз сөзінде қос палатаның депутаттары Үндеу жариялағанын, соған орай жетістіктеріміз мен ұлттық құндылықтарымызды жария ететін Декларацияны қабылдау туралы мәселені күн тәртібіне салды. Тарихи жиын Мемлекеттік Гимнмен басталды. Мәжіліс төрағасы ширек ғасырдағы тарихи құжат ретінде маңызы жоғары Декларацияның мазмұнымен таныстырды.
– Осы уақыттың ішінде барлық жетістіктер мен табыстар ең алдымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерең еңбегінің жемісі, – деп бастады сөзін Мәжіліс төрағасы. – Сонымен бірге, әрқашан Президентімізге қолдау көрсетіп, тірек болып келе жатқан халқымыздың береке-бірлігінің нәтижесі. Сондықтан, Парламентте осы тарихи құжатты қарастыру – ол келе жатқан тәуелсіздік мерейтойының ерекше маңыздылығын көрсетеді.
Алғысөзден кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Декларация мәтінін жариялады. Аталған тарихи құжаттың кіріспесінде Декларацияны қабылдау себебі мен мақсаты түсіндірілген. Тарқатып көрсетсек, Елбасының стратегиялық бағыттарына беріктік, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну, Мәңгілік Ел атты қастерлі мекенде жарқын келешекті қалыптастыру мақсаттары бойынша тарихи құжат қабылданып отыр. Қуаныш Сұлтанов Декларацияда айтылған мақсат-міндеттерге, еліміздің егемендік жолындағы жарқын істеріне жеке-жеке тоқталды. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсетін құжатта еліміздің Ата Заңы, халықаралық ұйымдарға жетекшілік жасағаны, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне дайындығы, тарихи және мәдени ескерткіштерге қамқорлық, «Болашақ» бағдарламасы шеңберіндегі білім, ғылым мен технологияның дамуы жан-жақты қамтылған.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы – өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін Тәуелсіздіктің 25 жылы ілгерілеу мен орнықты дамудың кезеңі болды. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екенін дәлелдеді», – делінген Декларацияда. Одан ары қарай құжат мәтіні Ата Заңымызға деген құрметпен жалғасады. Сонау сындарлы жылдары қабылданған Конституциямызда адам және адамның өмірі ең басты құндылық ретінде саналады. Әсіресе, әлем алдында біздің демократиялы ел екенімізді көрсетіп берген Ата Заңымызда адамдарды ұлтына, тегіне, әлеуметтік артықшылықтарына қарап бөлуге қатаң тыйым салынғандығы кеңінен айтылады.
Сондай-ақ, Декларацияда бес интитуттық реформаға құрылған «100 нақты қадамға» көбірек көңіл бөлінеді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басым бағыттары мен мақсаттары сөз болады. Еліміздің экономикасына оң серпін берген мемлекеттік бағдарламардың артықшылықтары талданады. Декларацияның негізгі мазмұны бірнеше тың ұсыныстар тастаумен түйінделеді. Атап айтқанда, Астана қаласының төрінен «Тәуелсіз Қазақстан» монументін тұрғызу туралы ұсыныс көтерілген. Әрі әрбір қазақстандық Елбасының жанына топтасып, тіреу болуға үндейді. Ең бастысы, Тәуелсіздік пен Мәңгілік Елді қастерлеу мәңгілік міндет болып жалғасатыны жайында айтылады. Декларация қабылданған соң Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев, Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов сынды бірқатар халық қалаулылары сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. 

Қуаныш Тұнғатар