Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"КӨЗГЕ БИТ ТҮСЕДІ": ЖАСАНДЫ КІРПІККЕ ЗИЯНДЫ БАКТЕРИЯЛАР ҮЙІР

Уақыты: 11.03.2020
Оқылды: 642
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

ХХІ ғасырда барлық жағынан дамыдық дейміз. Тек ақшаң болса, қалауыңды істейсің. Тіпті, табиғатыңнан бұйырмағанды қолдан жасап аласың. Бұл күндері келісті мүсін, жасанды кірпік, бояма қас, дүрдиген ерін, әрлі тырнақ, әдемі көрінетін үлкен көкірек жасату қыздарға аса қиын емес. Оларды алаңдататыны – бояусыздық фобиясы мен өзіне деген сенімнің жоқтығы.

Әдемі боламын деп жүріп, түрлі тері ауруларын жұқтыратындары да бар. Осыларды біле тұра жасандылыққа жаны құмар, сырт келбетінің сұлулығы үшін ақшасын да, өзін де аямайтын аруларымыз баршылық. Себебі, жасандылықты көшедегі бес арудың үшеуінен байқаймыз. Ендеше, әріге бармай-ақ қарлығаштай қас пен қайырылған қалың кірпіктің мәселесін айтайықшы.

Сырт көзге әдемі болып көрінгенімен, қабаққа желімделген кірпіктің адамға қаншалықты қиындық туғызатынынан бейхабармыз. Сұлулық құрбандықты талап етеді деп жасанды кірпік жалғап жүріп, көзіңізді биттетіп алуыңыз әбден мүмкін. Бастың битттейтінін жақсы білеміз, ал кірпік те биттейді дегенді қалай түсінеміз?

Бір қарағанда, кірпік жабыстыруда тұрған ештеңе жоқ секілді. Алайда нағыз биттің шоғырланатын жері дәл осы жасанды кірпіктер екен. Оған себеп – сіз барған сұлулық салонының қызметкері құрал-саймандарын аса ұқыптылықпен таза ұстамай, кірпігіңізді биті бар тарақпен тараса болды, арғы жағында жайылатын бактерияларды ойлаудың өзі қорқынышты. Содан соң биттеп кеткен кірпікті елестетіп көріңіз. Зерттеулерге сүйенсек, кірпік жасатқан он адамның  алтауы дәл осы салғырттықтың құрбаны болады.

Ал пішіні біркелкі, қарлығаштың қанатындай қас жасататындар жайында не айта аламыз? Бірі табиғи қасының пішіні мен көлемін өзгертсе, енді бірі мүлде қасын қырып тастап, өзі қалаған түске боятады немесе оюлап, татуаж салдырады. Осы жерде артық қыламын деп, тыртық қылып алмауды ойлаған жөн-ау. Денені инемен тескен кезде, одан тері арқылы адамның қанына сан түрлі жұқпалы дерттің түсуі мүмкін. Жасанды қасты жиі жасататын адамдардың ағзасы уақыт өте келе онкологиялық аурулардың тууына бейімделеді. Көп жағдайда зардабы 8-10 жылдан соң белгілі бола бастайды. Себебі түрлі-түсті бояулардың қолданылуы кезінде тері арқылы қан тамырлары мен адамның ішкі мүшелері уланады.

Дінімізде де қасты жұлуға тиым салынған. Өйткені, шариғатта сырт көзге әдемі көріну үшін қас жұлған дұрыс емес. Алла Елшісі (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Жасанды шаш кигендер мен кигізгендер және қастарын жұлғандар мен жұлғызғандар, сондай-ақ, денеге сурет салдырғандар мен салғызғандар Алланың лағынетіне душар болады», – деген.

Бірақ бұл ретте тағы бір жайды ескеруіміз керек. Егер әйелі күйеуіне ұнау мақсатында әдеміленуіне болады. Бірақ Құранда тыйым салынған шариғат үкімінен аспауы керек.

Жалпы, қас жайында мынадай қызық мәлімет бар: ғалымдардың зерттеуі бойынша қастың әрбір талының ми жасушасымен байланысы бар екендігі анықталған. Оның әрбір талын жұлғанда ми жасушасының біреуі өлетіндігі айтылады. Енді өзіңіз мүлде қасын қырып, жасанды қаспен жүрген сұлудың жүйке жүйесін ойлап көріңізші.

Қызға әдемілік жарасады. Қазақ қашанда қызын гүлге теңеп, әсемдік пен сұлулықтың, ақылдылық пен тәрбиеліктің ғажап бейнесі деп бағалайды. Сұлулыққа келгенде заман талабына сай бояну да, бояндыра білуде өзінше бір ғылым іспеттес. Дегенмен, жасанды сұлулықтың түбінде жанымызға дерт әкелетінін есімізден шығармағанымыз жөн.

Айғаным ҚУАТҚЫЗЫ,

ЖМУ-дың ІІ курс студенті

Сурет ғаламтордан алынды