ҚАПШАҒАЙДА ТӘУЛІК БОЙЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН БІРНЕШЕ ЖЕЗӨКШЕ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 18.08.2020
Оқылды: 2198
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының Қапшағай қаласында жезөкшелер қызмет көрсететін элиталық сауна түріндегі нысан тәулік бойы жұмыс істегені анықталды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ол жерде 38 жастағы жергілікті тұрғын моншаның әкімшісі ғана емес, клиенттердің қалағанын тауып беретін «жеңгетайдың» да қызметін атқарған.

Айта кетерлігі, аталған сауна карантин тәртібі кезінде де заңға қайшы әрекетін тоқтатпаған.

- Сыртынан қарағанда жалғыз қабатты ғимарат әкімшілік нысанға ұқсайды. Шындығында ол клиенттерге интимдік қызмет көрсететін орын болған, - деді Алматы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Мендебаев.

Сауналарда жезөкшелікпен айналысуға арналған притонның жұмыс істеп жатқаны туралы жедел ақпарат негізінде тексеру жүргізген полицейлер ақпараттың рас екеніне көз жеткізді.

- Полицейлер тексеруге кіріп келгенде мекеме әкімшісі ақшалай сыйақы үшін клиенттерге жеңіл жүрісті қыздарды ұсыну және делдалдық қызмет көрсету үстінде ұсталды. Жеңгетай әйел 20 мың теңге көлемінде ақша алу кезінге қолға түсті. Барлық айғақ заттар тәркіленді және ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Ал притон әкімшісі қылмыстық жауапқа тартылды. Қонақүйден жеңіл жүрісті 8 қыз анықталды. Тұлғаларды есепке қою және қандай да бір құқықбұзушылыққа қатысы барын тексеру үшін әйелдер аумақ бойынша полиция бөлімшесіне жеткізілді, - деп қорытты подполковник Данияр Мендебаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"