ГауҺар тойға жеткен жандар

Уақыты: 18.03.2017
Оқылды: 4122
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бір шаңырақ астында өмір сүріп, күміс, алтын, гауһар тойға қол ұстасып жеткен жанда арман болмас, сірә?! Алпыс көктемді артқа тастап, бала-шағасы мен немерелерінің ортасында бақытқа кенеліп, елдің амандығын тілеп отыру екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Олай болса, қылшылдаған жігіт пен қызғалдақ ғұмыр кезінде қол ұстасқан екі жүректің әлі күнге дейін дамылсыз соғуының себебін білгіңіз келсе, мақалаға көз жүгіртіңіз.

НАУРЫЗДА БАС ҚОСҚАН

Шетте жүріп Отанның бір уыс топырағын иіскеуге зар болып, қанша саңлақ, қанша ер, қанша ана мен бала өмірден өтті десеңізші? Біздің кейіпкеріміз Сүйінбай Абдолдаұлы 1935 жылы Сүйдін жерінде өмірге келген. Бір кіндіктен жалғыз болғандықтан ата-анасы оны төртінші сыныптан соң оқуға баруына қарсы болады. Бір үйдің шаруасын мойнына арқалаған жас бала ес білгелі еңбектің ауылынан бір адым алшақтаған емес. Ақылды ерке бір үйдің шаруасын тындырып отырса да Абдолда әкенің жүрек түпкірінде соңынан ерген жалғыз ұлын бабалар қаны тамған, қасиетті жерге жеткізу деген арман-тілегі бар еді. Тәңір тілеуін қабыл етіп, 1956 жылы аспан асты елін артқа тастап, атажұртқа оралады. Ескелді бидің атымен аталатын қасиетті де қастерлі мекеннің Жетісу ауылына тұрақтағанын Жаратқан бұйырып берген үлкен сыйы деп біледі жақсы жандар. Қарапайым, еңбексүйгіш, іскер, қайырымды ауыл тұрғындары сырттан келген әрбір жанға айрықша ықылас таныта қарауы бұрыннан қалыптасқан үрдісі еді. Осылайша бір отбасы өз еліне келіп, қолдан келгенше қызмет етеді. 
Шаңырақтың берекесі мен бірлігін нығайтып отырған Сәуле ананың дүние есігін ашуының өзі бір тарих. Сонау 1939 жылдың жаз айында Сәуле апайдың анасы Бәти Бекбосынқызы ұжымшардың қант қызылшасында күндіз-түні тынбай еңбек етіп, озаттар қатарынан орын алады. Ол жылдары алдыңғы қатарлы еңбеккерлерді Мәскеуге Бүкілодақтық халықтар жетістігінің көрмесіне жіберетін-ді. Адал әрі тынымсыз еңбектің нәтижесінде еңбеккер Бәти Бекбосынқызы көрмеге баратын болады. Босануға айы, күні жақын қалса да, Талдықорған өңірінен шыққан делегациямен бірге Мәскеуге барып, жұмыстарды бітірген соң Рязань қаласына келгенде жүрдек поезда сәби өмірге келеді. Қызметкерлер дереу ана мен баланы перзентханаға жеткізіп, бар жағдайды жасап, бауырына сәбиін басқан ананы араға он күн салып, гүл шоғымен елге қайтарады. Құндақтаулы жас нәрестемен жол жүріп келе жатқан әйелге жолаушылар таңданыспен қарайды. Мәскеуде оқитын бір топ қазақ жастары елге қайтып келе жатып: «Апай, қызыңызға Сәуле деген есім берсек қалай қарайсыз? Бет түзейтін айнамыз, Отанымызды елге танытатын, белгілі азаматша болсын деп ырымдайық», – деп ой салады. Ауылға келісімен көпшілік: «Мәскеуде босанғандықтан есімін Мәскеуқыз қояйық», – деген пікірлерін білдіреді. Бірақ «Уәде – Құдай сөзі» екенін бала күнінен жадына сақтап өскен ана перзентіне Сәуле есімін береді.  Шет ел асып өмірге келген қыздың алдында қаншама шақалақ шапағатты болған. Көп ұзамай қос мемлекеттің қуанышына айналған кішкентай қызғалдақтың соңынан інілері ізін басады. 

ШЕКЕСІНДЕ ЖҰЛДЫЗ БАР

Қыз да болса Айтмұханбеттің ұлындай болған қайсар Сәуле мектепте үздік оқып, қоғамдық жұмыстың бәріне араласады. Сегізінші сыныпты бітірген соң оқуға тапсырып, қабылданған жерінен құрбыларының көңілін жоғары бағалап, солармен бірге ауылға қайтып кетеді. Мүмкін, кеудедегі бүлкілдеген бір кесек ет басына қонатын бақтың ауылда екенін сезсе керек-ті.
Басына таққан ақ жаулығын осы күнге дейін кірлетпеген ана наурыздың жиырма жетісінде оң босағадан ұзап, өз шаңырағына оң аяқпен аттағанын да сағына еске алды. Ата-енесінің келіні әрі қызы болып, босағасын алтынмен аптап, күміспен қаптап жүруінің өзі Сәуле апайдың бойындағы ерекше тазалық пен адами қасиеттердің бір арнаға тоғысқанын дәлелдеп тұр. Бірін-бірі жетектеп, батасыз дастарқанға отырмай, ас қайырмай тұрмайтындары әулет мүшелерінің бұлжымайтын дәстүріне айналған. 
– Біздің осынау өмірдегі барымыз да, нарымыз да, байлығымыз да, бақытымыз да – ұл-қыздарымыз және немерелеріміз. Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю. Құдайға шүкір, бәйбішем екеуміз алтын асықтай төрт ұл, өнегелі төрт қыз сүйдік. Олар қол ұстасқан, жұптасқан. Келін, күйеубалаларымды да өз балаларымыздай көреміз. Себебі, олардың ешқайсысы әлі күнге дейін алдымызды кесіп өткен жоқ. Балаларымның осындай жарастығына іштей тәубе деп жүреміз, – дейді шаңырақтың отағасы.  
Бір жүрек, бір тілек, бір арман бір арнада тоғысқандықтан, олар бақытты. Өмірге сегіз бала алып келіп, олардан балдай тәтті он жеті немере сүйіп, жеті шөберенің қолынан қымыз ішіп отырғандарына сан мәрте шүкір дейді.
Сонау ықылым замандарда ел билігіне араласып, ел қорғауға атсалысқан Тұмар ханшайым, Домалақ ана, сондай-ақ аты аңызға айналған, тіпті, талайының есімі тұтас бір рулы елдің атауына да айналып кеткен данагөй аналар салып кеткен сара жолды жалғастырушы бүгінгі әйел-ана бейнесін жаңғырту мақсатында үлкен істің бетін қайырып отырған батыр Сәуле әжейдің өмір жолы кімге болса да үлгі.
Үлкен үйге жайылған ақ дастарқан басына жиналған ұрпағымен Сүйінбай ата мен Сәуле әже жүз жасары анық. Әкесін құшағына қысып, анасын сүйіп, бала-шағасымен күліп-ойнап келген балаларына қараған қос қария өздерін бақытты сезінеді. Бақберген, Гүлшат, Ғалым, Гүлбахрам, Бақыт, Бағдагүл, Қайрат, Ақбота ата-ананың ақ үмітін ақтаған, жоғары білімді азаматтар. Ел дамуы жолында тынбай еңбек етіп жүрген балаларына үнемі тек жүру керек деген сөзді айтудан шаршамаймыз дейді қос шырақ. 
Гауһар тойға жеткен Сүйінбай ата мен Сәуле әжейдің шайын қайнатып, отын жағып отырған келінімен сұхбаттасудың сәті түсті. Батыр ананың кенже ұлы Қайрат жеке шаруа қожалығының иесі болса, келіні Гүлмира Абай ауылындағы балабақшада шаруашылық меңгерушісі тәрбиеші. Екі ұлы, бір қызы бар. – Атам мен енем әке-шешемдей болып кетті. Шаңырағымыздың шаттығы осы жандар. Ене болып, қабақ шытып, түртпектеген кезі болған емес. Мені қызындай қабылдайды. Үнемі аналық ақылын айтып отырады. Үлкендердің батасын алмай ешқандай да іс бастамаймыз, – дейді ағынан жарылған келін.  
Кезінде ұжымшарда егілген тәтті түбірді істемеген адам кемде кем шығар осы? Қазір де сол дәстүр жалғасын тауып келеді. Ала жаздай қолға тәпкі алып, шіліңгір шілдеде жер тәпкілеп жүргендердің арасында біздің де кейіпкерлер бар. Олар бар күш-жігерін Жер-анаға арнады. Ұжымдағы жұмысқа келгенде ер немесе әйел адам болып бөлінбейтін. Қандай жұмыс қолдан келсе соны істеу керек деген талап пен тапсырма бәріне ортақ. Трактордың тізгінін Сүйінбай ақсақал ұстаса, қара жерден өнім алу үшін Сәуле әже балаларын жетектеп, күні бойы алқапта жүретін.
– Біз ес білгелі әкем мен шешем бізді еңбекпен өсірді. Содан жаман болмадық. Ауылшаруашылығын бала күннен меңгергендіктен, қазір өзім де осы салада еңбек етемін. Білмей, қиналып жатсам бірден әкем мен анамның ақылына жүгінемін. Қылша десе әкем мен анамның ыстыққа шыдап, суыққа тоңбай еңбек еткендері көз алдыма келеді. Баяғы балаларын қатарынан қалдырмай, аяқтандыру, бауырымызды бүтіндеуді ғана ойлаған екен ғой бұл кісілер. Бүгін де сол шаруашылық тізгінін қолға алып, шама келгенде Жер-ананың берген ырыздығы мен несібесін қанағат тұтудамыз. Әкем мен шешемнің табаны тиген, олардың маңдай тері тамған жер біз үшін қастерлі әрі қасиетті. Біздің ақылшыларымыз, біздің панамыз осы жандар. Мұндай әке, мұндай шеше ешкімде жоқ. Тек бізде ғана. Менің анамның шекесінде жұлдыз бар. Ол жан сондықтан біздің алақанымызда, –  дейді әкесі мен анасын күніне бір рет көрмесе сағынып тұратын Бақыт ұлы. Анасының маңдайына біткен меңін жұлдызға теңеген перзент пейіліне қос бәйтерек те риза.  
Алпыс жыл бір жастықта қартаю бақыты бәріне жұғысты болсын, –  деп тілегің келеді екен мұндай гаухар тойға жеткен жандарды көргенде. Олар өткен күндеріне салауат айтып, бала-шағасының амандығын тілеп, Жаратқаннан күндіз-түні тілеу тілеуден шаршаған емес. Бірін-бірі жетектеп, шақырған жерге барып, сыйлы қонақ ретінде төрден орын алып, ізін жалғайтындарға ақылын айтып отырады. Шаңырақтың берекесі мен бірлігін ұйытып отырған осындай әке-шешесі бар балалары бақытты.

Еңлік Кенебаева