Ару абыройы - ата-ана беделі

Уақыты: 27.03.2017
Оқылды: 5564
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Тәрбие басы – талбесік» деп білген дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Әсіресе, қызды кішкентай күнінен-ақ әдептілікке, ізеттілікке, инабаттылыққа баулыған. Қыздың  бойына бар асыл қасиет ана сүтімен  дариды.  Өйткені ана сәби құрсақта жатқаннан-ақ тек жақсылықты жанына жалау етіп, іштегі сәбиінің дұрыс жетілуіне мүмкіндік жасаған. Әке-шеше бүлдіршін қызының  әрбір қадамына сынай қарап, дұрысын айтып, бұрысын түзеп отырған.

Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, үлкендерден жоғары отырмауына мән берген. Тіпті қыз баланың жүріс-тұрысына, киім киісіне, дауыс ырғағына дейін үлкендердің назарында болған. Қыздың жақсы болып бойжетуіне оның өскен ортасының, бірге жүрген құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының да әсері күшті боларын білген. Сондықтан «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деп өнегелі, үлгілі отбасылармен қатар қоныстануға тырысқан. 
Қыз баланың тәрбиесі – ата-анаға үлкен сын. Сондықтан аналары кесте тігу, құрақ құрау, жүн түту, жіп иіру, кілем тоқу, көрпе көктеу сынды қолөнер түрлерін қыздарына бала кезінен үйреткен. Өйткені, қыз ертең бір отбасының отын маздататын келін болады, одан ана атанады, келесі кезекте әже деген биік дәрежеге де жетеді. Осылайша әйел-ана өз ұрпағының ғана емес, бүкіл ұлттың тәрбиешісіне айналады. 
Қазақ халқы қызды қашанда құрмет тұтқан. «Қыз өссе елдің көркі» деп жас талдай құлпыра өскен қызды бақыт құсына балап, әлпештеп, аялаған. «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін халық оған қонақ ретінде қарап, ертең басқа отбасының адамы болатынын ерте бастан ойлап, соған дайындаған. «Қыздың жолы жіңішке» деп ол отбасына абыроймен баруын барынша қадағалаған. Бойжеткен қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, орындатып отыруды парыз санаған. Олар: ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі, орынсыз сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, үлкендердің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, ұрпақ тәрбиесінен хабардар болу, ұлт дәстүрлерін құрметтеу сынды ізгі қасиеттер.
Халқымыз қараптан-қарап қызға қырық үйден қарауыл қойып, қырық түрлі тыйым салмаған. «Қыз бала – жат жұрттық» деп әуел бастан-ақ жасауын белгілеп, жабдығын бөлек жинаған халқымыз бұрымды перзентінің абыройын ойлаған. Оның арғы жағында «қызын дұрыс тәрбиелемепті» деген сөзге қаламын ба деген ар-ұят мәселесі де бар. Сондықтан да ата-бабамыз қызды әсіресе дарақы күлкі мен бейәдеп әрекеттерден, ашық-шашық жүруден тыйып, талтайып отырудан, шалқайып жатудан, сарт-сұрт жүрістен, көргенсіз қылықтан бойын аулақ салдырған. 
Ашық-шашық киінудің қыздың өміріне көп қатер алып келетіні айтпаса да түсінікті. Ол некесіз қатынас пен арсыздыққа апарып тірейді. Қазіргі кезде қоғамда кейбір қыздардың некесіз бала туып, жасанды түсік жасатып жатқаны да шындық. Бұрындары қызын «пері соғып кетеді» деп түнде суға жібермеген қазақтың бүгінгі бойжеткендерінің түнгі клубтың еденін тоздырып жүргені де жасырын емес. Қымсынуды ұмытқан қаракөздеріміздің көше бойында сүйісіп тұрғанына  көзіміз үйренісіп кетті. Шылымды бұрқыратып, сыраны сіміріп салудан кез келген еркекке дес бермейтін нәзікжандылардың да аз еместігін анық білеміз.
Осыдан үш ғасыр бұрын өмір сүрген атақты Мөңке бидің өлеңінде ақырзаман әйелдері былай суреттеледі:
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Айтқандары айнымай келген атақты бидің ақырзаман белгілерінің бірі ретінде әйел затының жалаңаштануын жырлағаны бекерден бекер емес. «Қазаннан қақпақ кетсе, ұрыдан ұят кетеді» демекші, ашық-шашық киінген қыздың абыройының да төмен болары сөзсіз. Бұл айтылғандардың барлығы – қазіргі заманымыздың асқынып тұрған ауыр дерті. 
Қазақ халқы қашанда қыздың абыройын бәрінен де биік қойған. Бір қыздың ары үшін бір рулы жігіт атқа мінген кездер де болған. Бұл турасында ұлттық салт-сананы, дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды өмірбаяндық деректермен байланыстыра отырып өсиет еткен Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келіні «Айналайындарым менің...» кітабында жақсы айтқан. «Қыз баланың тәрбиесі қашанда аса мәнді. Қыз – бүгін әке-шешесінің қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағының сәні. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары да, азары да қыз бен қыз тәрбиесіне байланысты. Ертеде «қызға қырық үйден тыю» деп отырған. Мұның астарында қыз абыройы – ата-анасының абыройы деген мән жатыр.
Қызың көргенді де ибалы, сөзі-сынық, ісі-түзік, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жәймен жүріп айтқаныңды екі етпесе – АЖАРЫҢ!
Ал, айтқаныңды алмай бедірейіп, кісі көрсе кекірейіп, топ ішінде қарқылдап, ұятты жерде саңқылдап, етегін кесіп, омырауын ашып, көрінгенге көзін тесіп, күндіз кетіп, түнде келіп жатса – АЗАБЫҢ!
Ұясынан ұшқан құсы ұясына абыройлы қонса артындағы ата-анасына мерей.
Ал, оң босағада отырып қыз белгісін жоғалтып барса – арты үлкен дау, шатақ. Тіпті ондай абыройсыз қызды атқа теріс мінгізіп төркініне әкеліп тастаған оқиғалар да кездескен. Бүкіл ауыл ұяттан бетімен жер басқан. Сүйекке таңба деген осы!
Қыз Жібек пен Баян сұлудың қазіргі сіңлілері не күйде?
Қымызды кім ішпейді, қызға кім қырындамайды? Қырындады екен деп кез-келген ортада қылымси қалу – қыздың соры.
Жер-жерде жезөкшелік өршіп барады. Себебін сұрасаң жұмыссыздыққа саяды. Бұл – қате ұғым. Абыройын сатып тамақ асырағанша көшеге шығып қара су сат – сол зейнет. Бұл дерт асқына берсе, ұлттың болашағына төнген қатер. Ұлтымыздың келешегі – бүгінгі қыз-келіншектердің қолында тұр.
Жақсы ұл – жақсы махаббаттан туады.
Күріш азса күрмек болады, әйел азса жүрдек болады.
Сенің ұятың – иісі қазағыңның намысы.
«Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Ана – барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті», – дейді Ділдә Матайқызы.
«Ер бұзылса – отбасы бұзылар, Әйел бұзылса – ұлт бұзылар» демекші, ұлттың діңгегі мықты, ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне тікелей ықпал жасайтын аналарымыз. Бүгін де кейбір қыздарымыз қырық үйден тыйым көрмей өсіп, қырсығының қырық есекке жүк болған жайы бар. Бұған біреулер заманды кінәлі қылса, енді біреулері бар кінәнің адамның өзінде жатқанын айтады. Дегенмен, қоғамымыздағы бұл дерттің түбірі тәрбиесіздікте жатқанын ескеруіміз қажет. Жастайынан ата-анасының айтқанымен жүріп, әр қадамын аңдап басқан бойжеткеннің болашақта байыппен амал қылып, тура жолдан таймасы анық. Ал, өзімбілерлікке салынғандар қыздың биік абыройын жерге таптап, түнімен көше кезіп, түрлі лас істердің ортасынан табылады. Ондай қыздарға жігіттер де сыйластықпен қарамайды. Қызды қорлайтын ер жігіттердің де ортамыздан көптеп табылуы бүгінде қыз қадірінің төмендегенін анық аңғартады. 
Бойжеткеннің жаман қылықтарға бой алдыруы, әдепсіздігі оның бақытты болуына, өсіп-өнуіне үлкен нұсқан келтіреді. Қыз баланың шашын қырқып, қысқа киінуі, орынсыз боянып-сылануы, кісінің бетіне тік қарап, ер адамның алдынан бұлаңдап өтуі, қыдырымпаз, сауықшыл болуы үлкен мін саналады. Сондықтан, қыз ибасы, әдебі деген мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сонымен қатар, қыздың өзінің сырт пішініне, киім киісіне немқұрайлы, салғырт қарауы да келіспейді. Бұл оның тәрбиесінің  төмендігін көрсетеді. 
Қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, өз бойын күтуі, киім-киісі мүлдем өзгеріп кеткені рас. Көбіне жабысқан шалбар, джинсы киіп, жігітке жұмбақ болуы тиіс барлық «байлығын» ашып көрсетіп жүреді. Сондықтан жігіттер ақ маңдайлы аруды іздегенімен көбіне таба алмай дал болады. Оның арманындағыдай ізетті, ибалы талшыбық аруды табудың өзі қиын. Ондай қыздар қасында жүрсе де бүгінгі арулардың жаңа келбетінен жаңылысып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан да үйленбей отыз-қырық жасқа дейін қыз таңдап жүретін жігіттердің қатары көбейді. Неге үйленбей жүргенін сұрасаң ойынан шығатын қыз таба алмай жүргенін айтады. Расында қыз көп, бірақ оның ішінде әке-шеше тәрбиесін көрген, ақылына көркі сай аруды табу қиын.  
Бүгінгі қыздар тәрбиесінің «ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені айдан анық. Батыстан жеткен бейәдеп қылықтар біздің салт-санамызға өз әсерін тигізіп отыр. Сондықтан да қыздарымызға ұлттық тәлім беру, ата-бабамыздан жеткен тағылымды тәрбиені жаңғырту ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.
Қазіргі заманғы қыздардың бойынан ақылдылық, инабаттылық, сымбаттылық, көріктілік және де іскерлік қасиеттері табылуға тиіс. Халық «Өнерсіз қыздан без, өнегесіз ұлдан без» деген. Ұлы Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, ата-ананың қызынан қапы қалма», – деп өсиет еткен екен. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Ол отбасынан басталып, білім ошақтарында сәтті жалғасын табуы тиіс. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бойжеткенде де сол әдетін сақтайды, ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Қыздарымыз ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы. Қыз баланың әдептілігі сөйлеген сөзінен, істеген ісінен, мінез-құлқынан, түрлі жағдайда өзін-өзі ұстай білуінен, жолдас-жораларымен және басқа да адамдармен арақатынасынан, жалпы барлық жүріс-тұрысынан көрініп тұрады.
Арын сақтаған, ақылды, ұяты бар, ата-анасының тәлімін алған қыздан болашақта жақсы жар, ибалы келін, аяулы ана шығары сөзсіз. Сол үшін ата-ана өзінің ұл-қызының тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Тәрбие деген тек оларды тамақтандырып, киіндіру емес, ол – рухани азық беру, баланы ақыл-сезімі жоғары, ар-ұяты биік, иманды етіп тәрбиелеу. Сондықтан «қызым сән қуалап жүр еді» деп шоқ басып қалмауынан сақтануымыз қажет. Ол үшін үйдегі тәрбие мықты болуы керек. Қыздарымыз өмірден опық жеп, жаза баспасын десек, тәрбие тізгінін бүгіннен қолға алғанымыз абзал.

Алма Есенбаева