ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА КӨШЕДЕ КЕТІП БАРА ЖАТҚАН ӘЙЕЛГЕ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 30.09.2020
Оқылды: 884
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ескелді ауданында тапа-тал түсте көшеде келе жатқан адамға ауыр дене жарақатын салып, тонап кеткен күдікті ұсталды.

Ескелді ауданында шамамен сағат 15:30 шамасында үйіне келе жатқан жолда 52 жастағы әйелге белгісіз біреу шабуыл жасап, қолындағы сөмкесін алып қашуға әрекет еткен. Сөмкені жібермейтінін түсінген күдікті азамат алдын ала дайындап алған таспен әйелдің басынан ұрып, соққы жасаған. Дегенмен, зардап шегуші әйел ішінде қомақты қаржы бар қол сөмкесінен айырылмай, өзгелерді көмекке шақырған. Күдікті оқиға орнынан із суытуға тырысқан.

- Күдікті бой тасалауға тырысқанымен, көшедегі куәгер азаматтардың көмегімен ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды. Тексеру барысында күдіктінің бұған дейін адам өлтіру, ұрлық деректері бойынша бірнеше мәрте сотталған 44 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Оқиға орнынан күдікті пайдаланған тас тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес кісі тонауға оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жанат Құдайбергенов.

Зардап шегуші өзіне жасалған шабуыл кезінде алған дене жарақатымен дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Алдын ала тергеу барысында күдіктінің ішімдікке сылқия тойып алып, қылмыс жасағаны белгілі болды. Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатысы барын тексеруде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан