Ауыз өзімдікі деп...

Уақыты: 10.04.2017
Оқылды: 2051
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әр адамның өз құпиясы болу керек емес пе? Мұны айтып отырған себебім, теледидардағы «Ұят емес» деген бағдарлама жайлы. Міне, осы бағдарламаға ел алдында жүрген әнші әпкелеріміз бен қарындастарымызды шақырып, бүкпесіз әңгіме өрбітеді.

 Нәзік жандар болғасын іштегі сырды ақтарып, ашық сөйлеуге тырысады. Сырлассын дейік. Бірақ оның да жөні бар емес пе? Ашық айтамын деп ішіндегі сырын, тіпті ерлі-зайыптының арасындағы құпияны да жайып салады. Теледидар деген тәрбиенің құралы емес пе? Оны жас та, жасамыс та тамашалап отыр. Ал  ішкі сырыңды жасырмай айтам деп, не ұттың?  Күйеулерінен таяқ жегенін, іссапар кезінде өзге жігіттердің көз салғанын, тіпті, есерсоқтардың келіп қомақты ақша ұсынып, өзімен көңіл көтеруге шақырғандығы жайлы айтып отыр. Бұл осы жерде айтылатын сөз бе? Әр адамның ешкімге, еш жерде айтылмайтын құпиясы болу керек емес пе? Айтқан күнде не өзгереді? Біреу келіп сенің көңіліңді көтеріп, жыртығыңды жамап бере ме? Жақсы, күйеуіңнен таяқ жеген екенсің. «Ерлі-зайыпты болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», – деп жатады қазақ атам. Бір отбасында болған кішкене келеңсіздікті бүтін халыққа жайып салудың қажеті қанша?
Күйеуінен таяқ жеген жалғыз сіз болсаңыз да. 
Баяғыда жеңгелеріміз күйеуінен таяқ жегенде қыңқ етпеуші еді. Тіпті, ертесіне ешкімге білдірмей, қандайда бір бетіне сызат түсіп қалса, сиырдың мүйізі тиді, бұзаудың басы тиді деп түрлі сылтаумен құтылып кетуші еді. Ал бүгінгінің қыз-келіншегі әңгіменің ашығын айтам деп көзінен моншақтатып жас төгіп отыр. Сізді немесе сіздің жолдасыңызды тұлға тұтып жүрген қаншама жастар бар. Осындай ойланбай сөйлеудің кесірінен жастардың құрметін жоғалтып алмаймыз ба? Әсіресе, әр отбасының жеке құпиясы болған сырды іште жасырып ұстау да үлкен мәдениет екенін жете түсіну қажет. Жоқ, әлде бетімізді жылтыратып, ән айтқасын бізге қалай сөйлесек те жарасады деген ой басым ба? 
Жастарды тәрбиелеудің үлкен жолы – сөйлеу мәдениеті. Жалпы, осындай бағдарламалар біздің ұлттық болмысымызға жат деп ойлаймын. Батыстың, Ресейдің телеэкрандарында шуылдасып жатқанын жиі көреміз. «Орыс ойына келгенін істейді», – деп аса мән бермеуші едік. Енді, міне, өзімізге де келіп жетті. Қаракөз қыздарымыздың шешіліп сөйлеп отырғанын көргенде жүрегім ауырды. Оның орнына басқаша ел көңіліне жағатын әңгіме айтсаңыз, сізді жоғары көтеріп, құрмет көрсетіп жүрген халықтың көкейіндегі қыжылды басатын сөз жарасады ғой деп ойлаймын. Бүгінде телеарналардың рейтинг бойынша бағаланатыны белгілі. Міне, сол үрдісте жоғары тұрамыз деп, түрлі бағдарламалар ашып жатырмыз. Оның барлығы ұлтымыздың ұлылығына нұқсан келетініне аса мән бермейміз. Ертең осындай бағдарламаны көріп отырып, жағымсыз әңгімені естіген жастарымыз да сөйлеу мен әдептіліктен тайқып кетпесіне кім кепіл. Сондықтан ағайын, сырдың да өз жөні бар. Баяғыда апам айтушы еді, «ашық болам деп, тантық болыпты», – деп. Сөзімізді екшелеп, құпияны жасыра білейік!

Ришад Тұрғанбаев